Шетелдік күйеу бала көпке түсе ме?
Шетелдік күйеу бала көпке түсе ме?
1,746
оқылды
Жүректің қалауына ешкім қарсы шыға алмайды. Де­мократиялық қоғамда талғамға талас тудыру да қиын. Оның үстіне, біреудің жеке өміріне қол сұғу да заңға қайшы екенін қоссақ, аралас некені қалыпты жағдай ретінде қабылдаудан басқа амал жоқ. Аралас некеге қатысты қоғам белсенділері ауық-ауық мәселе көтеретіні бар. Жақында бұл тақырып Мәжіліс депутатының ау­зы­нан шыққаны сол екен, сыздап тұрған жараның беті қайта ашылып, елдің пікірі екіге жарылды. Көтерілген тақы­рыпты бірі қолдаса, енді бірі қарсылық танытып әлек.
Депутат Қарақат Әбден Пар­ламентке келмес бұрын аралас неке туралы мәселені азамат ре­тінде сайлауалды бағдарламасында көтерген. Мәжіліске келген соң журналистердің сауалына жауап берген ол «қалыңдық салығын» әлі де қарастыру керектігін жеткізген болатын. Депутаттың айтуынша, шетелдіктермен некеге тұруға са­лық салу туралы ұсынысына себеп болған жайт көп. «Жастар мұндай қадамға шынайы, таза сезіммен барса, онда «Ба­қытты болыңдар!» деп айтқым келеді. Өкінішке қа­рай, бұл қа­дамға басқа есеппен баратын жастардың саны көбейіп барады. Сондықтан шетелдік­тер­мен неке­лескен кезде салық салу керек», дейді депутат.
Ұсынысты құп көретін Үкімет жоқ
Алайда бұл жолы ұсыныс қаралып кетуден қатты қорықты ма екен, аралас некені қолдау­шылардың өзі елден бұрын атқа қонуға бекінген секілді. Құқық қор­ғаушы, NeMolchi.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Қарақат Әбденнің мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желіде «депутат әйел­дердің құқықтары туралы конс­титуциялық нормаларды сақта­май отыр» дегенді алға тартып, депутаттық мандатынан айыру үшін петиция жариялап үлгеріпті. Оның айтуынша, ол әйелдердің құқықтарын кемсіту, жыныстық және ұлттық негіздер бойынша конституциялық емес нормаларды ілгерілету ниетін растаған. Қоғам белсендісі «Бұл Қазақстан Конс­титуциясының 39-бабын бұзу болып табылады» дейді. Ал «қа­лыңдық салығы» туралы ұсыныс тастаған депутаттың өзге әріп­тестері жеке ұсыныс пен азаматтық пікірі үшін мандаттан айырудың дұрыс еместігін алға тартады. Мұн­дай мәлімдеме жасалған күннің өзінде әзірге «қалыңдық салығын» міндеттейтін заң қабылдау мүм­кін емес. «Кез келген заң алдымен логикаға құрылады. Бірақ бұл біз­дің заңнамаға да, ұлттық мен­талитетімізге де келмейтін дүние. Өзім қарсымын. Себебі Конс­ти­туцияда әйел, не ерлерге қатысты жекелеген шектеу жоқ. Жалпы бұл ұсыныс заңымыздың негізіне қай­шы келеді. Меніңше, мұндай заң қабылдау мүмкін емес», – дейді Абзал Құспан.
Демек, әр адамның өз ойы, өз пікірі барын ескерсек, аралас неке үшін салық салатын ұсыныстың Үкімет тарапынан қолдау табуы екіталай. Екіншіден, «адам құқы­ғына қол сұқты» деп атойлаған қоғам белсендісінің петициясы да негізсіз. Себебі қолданыстағы заң­нама бойынша партия атынан сайланған депутаттарды кері қай­таруға петиция әсер ете алмайды. Бұл жекелеген бірмандаттық ок­ругтер арқылы сайланғандарға ғана жарамды. Өзгенің етегінен ұстауға неге үйір? Хош, сонымен қазақ қызына құда түсетін орыстар да, қытайлар да, арғысы Америка мен Афри­каның жігіттері де көбейгені рас. Тіпті бір кездері қытайдың қалталы азаматтарын қазақ қыздарымен таныстырып, құда түсуін жеңіл­детіп беретін неке агенттіктері де ашылғаны жайлы ақпарат тараған. Сол кезде неке агенттігінің ди­ректоры Татьяна Логвиненко «Бұл азаматтардың барлығы қытай, ағылшын, орыс тілдерін меңгерген. 2-3 дипломдары бар Қытай, Жаңа Зеландия азаматтары» деген еді. Жарнамасы жер жарған агенттіктің өз саясатын ашықтан-ашық жа­риялағанына наразы топ митингіге шығып бас көтеруге де себеп бол­ды. Өйткені мәселе қыздардың қалталы шетел азаматына тұр­мыс­қа шығуына ғана қатысты болып отырған жоқ. Ертеңгі күні сол қалталы азаматтардың Қазақ­стан­ның азаматтығын ешбір кедергісіз алуына рұқсат беруінде болып отыр. Ал Өзбекстан секілді көрші елдерде халықаралық некемен айналысатын агенттіктерді біз­дегідей еркінсітіп жібермейді. Мә­селен Түркияда да шетел аза­мат­тарының түрік қыздарымен некелесуі қиын. Арабтар өзге ұлт­тан қыз алғанымен, қыз беруіне шектеу қойған. Түрікмен­станда жергілікті қызды алу үшін біз­дегідей емес, алдымен ел аза­мат­тығын қабылдап, қосымша Үкі­метке 150 мың АҚШ доллары ре­тінде салық төлеп барып құда түседі екен. Отандастарымызбен отау құруда алдыңғы орында тұр­ған Ресейдің өзі бір кездері қыз­дарының өзге елдің жiгiтiне тұр­мысқа жиi шығуына қарсылық танытып келеді. Ал бізде бұл құ­былысты қалыпты деп санайты­нымыз былай тұрсын, өзге ұлттан бақытын тапқан қазақтарды ман­сұқтап, жұртқа үлгі етіп көрсететін болдық. [caption id="attachment_248558" align="aligncenter" width="1440"]аралас неке © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Түрік азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақстандық қыздардың некедегі өмір сапасы туралы зерт­теген әлеуметтанушы Жанар На­қыпбаеваның сөзінше, қазақ қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуына түрткі болатын бірнеше себеп бар.
– Біріншісі, шекара ашық. Бұл қазақстандықтардың да әлемнің барлық елімен саяси-мәдени қа­рым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді. Екіншіден, қыз-келіншектер көп жағдайда экономикалық да­мыған, өмір сапасы жоғары мем­лекеттердің азаматтарына тұр­мысқа шығып жатыр. Бұл олардың аралас некенің артында эко­но­микалық қызығушылықтардың да рөл ойнайтынын растайды. Үшін­шіден, әлеуметтік желілердің да­муы да аралас некенің артуына се­беп болып отыр. Ерлерге қара­ғанда қазір шетелдікке тұрмысқа шыққан әйелдер көп. Ал аралас некенің қандай қаупі бар? Ал­дымен демографияға қауіп. Еліміз адам саны бойынша көршілес елдерге қарағанда өте төмен. Сон­дықтан әйел адамдарды демо­гра­фиялық әлеуетті жоғарылататын ресурс ретінде қарайтын болсақ, елімізден ана болуға лайықты жастағы қыздардың басқа елдің ұрпағын көбейтуі демография өсіміне едәуір кедергісін келтіреді. Одан кейін шетелге кеткен қыз­дардың көбісі жоғары білімді. Көзі ашық, көкірегі ояу мамандардың тапшылығы еңбек нарығына кері әсерін тигізеді. Ең маңыздысы бұл емес. Аралас некенің қоғамға қа­уіп-қатерінен гөрі қыздардың жеке басына түсетін қауіп одан да жо­ғары. Мысалы, шетелге кеткен қыздардың арасында да ажырасу бар. Олар ажырасқан жағдайда заң тұрғысынан шетелдік күйеуінен көп ұтылып жатады. Сондай-ақ көп жағдайда өз мамандығы бойынша жұмыс табуға қиналады. Жат жұртта кәсіби маман ретінде өздерін көрсетуі де қиын, – дейді Жанар Әбдіуақанқызы.
Аралас некенің артында азаматтық алу бар Заңгер Ердос Хамзиннің ай­туынша, әлемдік тәжірибеде де, біздің елде де шетел азаматтары азаматтық алу үшін некеге тұру арқылы «жеңілдікке» ие бола алады екен. Мысалы, шетел аза­маты Қазақстан территориясына азаматтық алу туралы арыз берген күннен бастап 5 жыл Қазақстанда тұратын тұрса, азаматтық алуға кандидат болуына құқығы бар. Ал қазақ азаматымен некеге тұрса, 2 жылға қысқарады. Сонда аралас некеге тұрса үш жылда «Қазақстан азаматы» атана алады. Ал КСРО елдерінің азаматтары Қазақстан азаматымен некеге тұратын жағ­дайда некеге тұрған күннен бастап азамат атануына мүмкіндік беріл­ген. Дегенмен «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес, мақсаты отба­сын құру емес, азаматтық алу екені расталған жағдайда неке жарамсыз деп танылады. «Біздің тәжірибеде де «некені жарамсыз» деп таныған оқиғалар болды. Бір жылдары Ал­матыда шетел азаматтары Қазақ­станда қалу үшін біздің елдің қыздарымен екіжақты келісіммен ақша беріп некеге тұрған. Оны құқық қорғау органдары анықтаған еді. Тағы бір мәселе, Араб елдерінде қыздарды өзге ұлтқа тұрмысқа шы­ғуына тыйым салынған заң қолда­ныста бар. Бірақ бұл заңды айна­лып өтетін әлемдік келісімшарт бар. Мысалы, араб қыздары басқа елдің азаматының заңымен тұр­мысқа шығып кетуі мүмкін. Он­дайды заң ғылымында «ақсақ не­ке» деп айтады. Мысалы, бізде де ондай бар. Қазақ қызы Иранның азаматына екінші әйел ретінде тұрмыс құрса, бұл некені біздің ел мойындамайды. Бірақ ол сол елдің заңымен заңды.
Фольклортанушы, этнограф Берік Жүсіпов аралас некені «ұлт­ты дүбара етудің тура жолы» деп отыр. Оның сөзінше, бұл үде­ріс бұрын, ата-бабамыз аттың белі, атанның қомында жүріп, көшпелі мәдениет үлгісін тұтынған кеңба­лақ дәуірде онша қауіпті емес еді. Ал бүгінгі таңда, ұлт қалалық өр­кениеттің игілігі мен қасіретін тең бөліп отырған дүдамал дәуірде ең қатерлі жағдайға айналды. Бұ­рынғы қазақ жаугершілік заманда олжаға қыз алған, біздің баһадүр бабалардың асыл аналарының дені қалмақ қыздары. Кейбір қазақ ертегілері сюжетіндегі «алтын шашты» арулар славян текті ха­лықтардың сұлулары болуы бек мүмкін. Әкелеріміз Ұлы Отан со­ғысы жылдары, ағаларымыз кеңес әскері қатарында, Отан алдындағы борышын өтей жүріп те, орыстан қыз алу үрдісін тоқтатқан жоқ. Осылай деген ол: «Сол үшін біздің ұлдарымыз да, қыздарымыз «қазақ жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалсын, ұлттық сипатымыз мәңгі жасасын» десе, ойлану керек. Ал алғаны орыс, жатқан жатыры шүршіт, ти­гені зәңгі мен қытай болса, мұны намыс санамай-ақ қойса да бола­ды. Өйткені енді олардан қазаққа қайыр жоқ!», – дейді.
Шетелдікке тұрмысқа шығып, бақытын басқа ұлттан тапқан жеке адамдардың тағдыры ұлттық тра­гедияға айналса, қайтпек керек? Сондықтан «қалыңдық салығын» қолданысқа енгізіп, бұрымды­лардың басқа ұлттың түтінін түтетіп, ұрпағын көбейтуіне ты­йым салу заңға қайшы шығар. Алай­да аралас неке арқылы аза­мат­тық алуды көздейтіндердің жо­лын бөгеп, шетелдік күйеу­ба­ла­ларға берілетін «жеңілдікті» қайта қарастыру Конституцияға қайшы келмесе керек-ті.