Елге арналған сазды кеш
Елге арналған сазды кеш
874
оқылды
Еркеғали Рахмадиев атындағы мемле­кеттік академиялық филар­мония концерт залында Қазақ­стан Республикасының ең­бек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері, дирижер, ком­позитор Әли Алпысбаевтың «Елге арнау» атты шығарма­шылық кон­церті өтті. Кешті Жетісу облыстық филар­мониясы ұйымдастырды. Композитордың туындыларын Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткерлері Мейір Байнеш, Свет­лана Айтбаева, Арайлым Рахым­қызы, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласы­ның үздігі Ботагөз Таши­мова, Халық­ара­лық және Респуб­ликалық бай­қау­лардың лауреат­тары Әсем Сем­бина, Шынар Кари­мова, Айгерім Аманжолова, Жамиля Далишева, Алтынбек Әбілда сынды өнер майталмандары орындады. Концерттік бағдарлама еліміздегі ең ірі екі оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Соның бірі – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, «Пара­сат» орденінің иегері Айтқали Жайымов же­тек­шілік ететін қазақ оркестрі болса, екіншісі – дирижер, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов және Мәдениет саласының үздігі Әділ Бестембековтің басқаруындағы симфониялық оркестр. Бас дирижеры – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Дүйсе­баев. Композитордың туындыларын Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Ташимова, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Әсем Сембина, Шынар Каримова, Айгерім Аманжолова, Жамиля Далишева, Алтынбек Әбілда сынды өнер майталмандары орындады. Концерттік бағдарлама әуелі симфониялық оркестрдің «Алаш елі» шығармасын орындауымен бастал­ды. Әли Алпысбаевтың көптеген шығармасы симфониялық оркестрге лайықталып жазыл­ған. Осылайша, композитор туындылары үлкен сахналарда орындалып, тыңдарман­дар­дың ықыласына бөленіп жүр. Бұл шығармалар еліміздегі симфониялық оркестрлердің репер­туар­лық қорын толықтыруға да үлесін қосып келеді. Әли Алпысбаев халқымыздың ұлттық сазын биік шыңға жетелеумен қатар, мәдени байланыстар делегациясының құрамында Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Корея, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында көптеген халықаралық музыкалық форумдар мен фестивальдарға қатысқан. Сонымен қатар еліміздегі академиялық Құрманғазы атындағы, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестр­лерімен, Астана қаласының оркестрімен дирижер-композитор ретінде отандық ірі концерттік залдарда өнер көрсетті. Жүздеген әннің, бірқатар ірі күй-поэмалардың және қыл қобыз, домбыра, қобыз, фортепиано, виолон­чель, флейта аспаптарына жазған шығарма­лар­дың авторы, сондай-ақ театрларда сахна­ланған 10-ға жуық қойылымның музыкасын жазды. Әли Алпысбаевтың әндері мен шығар­маларынан құралған «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнадым», «Аққұсым» атты жинақ кітап­тары жарық көрген. Тіпті, «Ауылдағы той» әнін көпшілік халық әні деп қабылдап кеткен. – Ол әннің авторы – менмін. Ол әнді марқұм Әбен Дәуренбеков екеуіміз бірігіп 80-жылдары жазған едік. Бір күні ол «Әли, екеуіміз бір ән жазайық. Бір бауырым үйленгелі жатыр еді. Сонымен байланыстырсақ қалай?» деп ұсыныс тастады. Алдымен, қайырмасын шығардық. Қалғанын екі-үш күнде жаздық. Бүгінде ол ән қазақ тойларының әнұранына айналды. Ешбір той бұл әнсіз өтпейді, – деп есіне алды дирижер. Осылайша, Әли Алпысбаевтың шығарма­шылық концерті дәл осы әнмен өрбіді. Одан бөлек, композитордың әкесіне арнап жазған күйі «Әке арманы» орындалды. Оны Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония дирижеры Нұрлан Бекенов шерт­ті. Сондай-ақ «Кең дала» поэмасы оркестрдің сүйемелдеуімен виолончель аспабында орын­далды. Орындаған – халықаралық байқау­лардың лауреаты Шынар Каримова және кеш иесі Әли Алпысбаев. Аталған шығармалардан бөлек, «Ой толқындары», «Өмір-өзен», «Вока­лиз», «Біз екеуміз» шығармалары да тыңдар­ман­дармен қауышты.