Сенатор Нұрлан Бекенов Премьер-министрдің атына кезекті депутаттық сауалын жолдады. Онда Ақмола облысының тұрғындарын мазалап отырған күрделі мәселе көтерілді. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында жаңа жылу электр орталығын салу туралы Президент тапсырмасы орындалмай келеді. 1978 жылы іске қосылған қазандықтар әлі күнге дейін жаңартылған жоқ. Көкшетау қаласында осыған дейін жылу және электр энергиясын өндіретін мекеме салынбаған. Сондықтан бұл қала бүкіл республика бойынша жылу және электр көзі жоқ жалғыз облыс орталығы болып қалып келеді.
«Ақмола облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі Президенттің 2019 жылдың қараша айындағы кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, Көкшетау қаласында ЖЭО салу мәселесін қарастыру тапсырылған болатын. Президент сондай-ақ 2023 жылдың ақпан айында Көкшетау қаласына барған кезде қала тұрғындарына берілген уәдені орындау қажеттігін айта келіп, ЖЭО салуға кірісу туралы айтқан болатын. Осылардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамалық тапсырмасы 2019 жылдан бері неге орындалмайды және кешіктіріле береді деген сұрақ туындайды», – деп алаңдаушылық білдірді сенатор.
Депутаттың айтуынша, 2022 жылдың наурыз айының соңында ЖЭО құрылысына тендер жарияланды, бірақ сәуір айында түсініксіз себептермен күші жойылған. Энергетика министрлігі 2022 жылдың қыркүйегінде жаңа ереже әзірлеп, 2023 жылдың қаңтар және ақпан айларында тендер қайта жарияланды, бірақ онда бірде-бір талапкер қатысқан жоқ. Депутат сол кездің өзінде өткізілетін тендердің шарттары тартымсыз деген шұғыл тұжырым жасауға болатын еді деп санайды.
«Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысына арналған тендерлік құжаттамаға сәйкес, генерациялау қондырғысы құнының жалпы көлемінен кемінде 30%-ы, ол 70 млрд теңгеден асатын сома өз қаржысы есебінен қаржыландыратын қаржы және материалдық ресурстардың болуын растау қажет. Ал инвестицияларды қайтару мерзімі 15 жылды құрайды, инфляцияны ескере отырып, бұл әлеуетті инвесторлар үшін тиімді емес», – деді Нұрлан Бекенов.
Сенатор осыған байланысты жобаның тартымдылығын арттыру үшін тендерге қатысу ережелерін қайта қарау мәселесін көтерді. Депутаттың пікірінше, елдің қаржы институттарын тарта отырып, инвестициялық шығындарды қайтарудың 5 жылдан аспайтын жаңа тетігін әзірлеу қажет. Сондай-ақ, Тендерді өткізу ережесін шұғыл өзгерту керек.