Тасқын судың салдарынан жолдарын су басып, өткел таппай жүрген ауылдардың саны Ақмола облысында әлі де азаймай тұр. Соның бірі – Есіл ауданына қарасты Любимовский ауылы тұрғындары бір жарым айдан бері сыртқы әлеммен еш байланыссыз қалғанын айтып зар илейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын тұрған көпір бұзылып, алып тасталған. Көпір салу жұмысы басталғанымен сол күйі аяқсыз қалған. Содан бері тұрғындар жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде айдан астам уақыт жолсыз қалады. Ауыл тұрғындары ауру-сырқау адамдарды ауруханаға жеткізуге жедел жәрдем де келе алмайтынын айтып шырылдап отыр. – Мен осы ауылда туып-өскенмін. Қазір ата-анам әлі күнге осы Любимовский ауылында тұрады. Сап-сау тұрған көпірді осыдан үш жыл бұрын бұзып алып тастаған. Содан бері жыл сайын тасқын судың азабын тартып келеміз. Қызыл су өзені жолды түгелдей шайып кетті. Жұрт қайықпен өтіп амалдап жүр. Бірақ ол аса қауіпті ғой. Әкімдікке шағымданғанымызбен еш нәтиже жоқ. Былтыр жолға құм төселген. Ол сумен бірге бірден шайылып кетті. Қысы-жазы жол болмайды. Ауруханаға бару үшін мұнда жедел жәрдем де келе алмайды. Жанайқайымызды естір құлақ табылмай тұр, – дейді Есіл ауданы тұрғыны Елена Шипель. Біз аталған жайт бойынша Есіл ауданы әкімімен сөйлеспек болдық. Бірақ аудан әкімімен тілдесудің сәті түспеді. Аудан әкімінің орынбасары көпірдің апатты жағдайда болғандықтан алынғанын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдың тек екі аптадай болғанын, қауіптің жоғын айтып ақталмақ болды. – Ауыл тұрғындары айтқандай жолды су шайып кеткеніне бір жарым ай емес 12 күн болды. Бұл жылдағы жағдай. Жолды су шаятынын төтенше жағдай қызметі де біледі. Көпір апатты жағдайда болғандықтан бұзылып алынған. Есіл-Свободное-Раздольное жолы облыстық маңызға ие болғандықтан әкімдікке қатысы жоқ. Жол Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарайды. Мердігер компания 2 жыл бұрын жұмысты бастаған. Бірақ былтыр жұмысты аяқсыз қалдырды. Жұмыс аяқталмағандықтан ақшасы әлі төленген жоқ. Білуімше облыстық басқарма жаңа мердігермен жұмысты жалғастырмақ. Жолдан «Нива», УАЗ көліктері өтіп жатыр. Аса үлкен қауіп жоқ. Адамдарды шұғыл көмек болған жағдайда қайықпен болса да өткіземіз ғой», – дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Асқарбек Мақсұмхан. Жолсыз қалған ауылдың жайын Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан анықтамақ болдық. Ведомство басшылығы көпірдің құрылысының тоқтауына мердігер емес бағаның қымбаттауы себеп болғанын айтады. «Есіл-Свободное-Раздольное» автомобиль жолының 13-шақырымында көпір құрылысы» жобасын жүзеге асыру шеңберінде апатты жағдайдағы көпір монтаждалып, бұзылды. Мердігер компаниямен келісімшарт үзілген жоқ. Көпірдің уақытында салынбауына атап айтқанда арматура, цемент басқа да құрылыс материалдарының қымбаттап кетуі себеп болды. Маусым-шілде айында жобаға түзету жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, жұмыс Қызылсу өзенінің деңгейі түскен соң жұмыс одан әрі жалғасады. Қазіргі уақытта жолды су шайып кеткендіктен автомобиль қозғалысы шектелген. Су деңгейі түскеннен кейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айналма жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан. Жылда жолсыз қалатын Любимовский селосына аңсаған көпірдің қашан салынатыны сонымен әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Халық шырылдағанымен көпірдің салынуы әлі де бірнеше жылға созылатын сияқты... Ақмола облысы