Медеу мен Шымбұлаққа барар жолдағы «Мохнатка» тауы маңында көлемі шамамен 20м3 тас опырылып түскен. Бұл туралы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Ведомствоның хабрлауынша, 11 сәуір күні түнде «Қазселденқорғау» мекемесі маманынан «Мохнатка» тауы маңында, Медеу бөгетінің тұсынан 300 м жоғары жерден көлемі шамамен 20м3 болатын тас опырылып түскендігі туралы хабарлама түскен.
«Жауын-шашын мен көшкін қаупіне байланысты алдын ала қойылған блокбекеттердің арқасында оқиға салдарынан адамдардың зардап шегуіне жол берілмеді. Тастардың көп бөлігі қорғаныс қабырғасының ішінде құлаған. Нәтижесінде, қорғаныс қабырғасы мен қорғаныс торлары зақымдалған, 2 тіреу майысқан» делінген хабарламада.Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қауіпсіздік шаралары қолға алынған. Таудан тастардың қайта құлау қаупіне байланысты «Қазселденқорғау» ММ мамандары «Медеу» табиғи паркі КММ автожол учаскесін толық жабу туралы ұсыным берді.
«Қазіргі уақытта жол (Медеу-Шымбұлақ) жабылды. Тазалау жұмыстарын тиісті қалалық қызмет мамандары жүргізуде. ТЖД мен «Қазселденқорғау» алматылықтарға, туристерге және мегаполис қонақтарына Қазгидрометтің жауын-шашын туралы болжамына байланысты тауға барудан бас тартуға кеңес береді» делінген ресми орын таратқан мәлімдемеде.Сонымен қатар мамандар тауда қалған туристерге барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Егер сізге көмек қажет болса, 112, 109 немесе 8(727) 372 -15-60 (ҚР ТЖМ РЖҚЖ ММ кезекші-диспетчерлік бөлімшесі) желілеріне қоңырау шалыңыз.