Қасиетті Рамазан айында партия мүшелері еліміздің түкпір-түкпірінде қарияларға қайырымдылық жасауға белсене кірісті. Маңғыстаулықтар Рамазан айындағы игі істерді қарттар үйінен бастады. Облыстық филиал жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қариялардың ақ батасын алды. «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев жастармен бірге орталыққа барып, қарттармен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Партияның қарияларға арналған игі шарасына тырнақ сәндейтін шебер Ақтоты Садықова мен шаш алатын barber__smith орталығының шебері Самат Қосанов пен шәкірті атсалысты. Шаш қиып, сәндеп, тырнақ алып, әсемдеп болғанша кезектегі қарттарымызға арналған тәтті сусындар мен тіскебасарлар тарту етілді. Ал Түпқараған аудандық филиалының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында филиал төрағасы Светлана Жолдасова Форт-Шевченко қаласының тыл ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасы мүшелеріне барып, тұрмыс жағдайларымен танысып, азық-түлік себеттерін тапсырды. Сондай-ақ филиалдың қоғамдық бөлімінде ол Форт-Шевченко қаласының тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі А.Құтжанованы қабылдады. Арыз иесінің өтініші оң шешіліп, партия филиалы төрағасы Светлана Түгелқызының демеушілігімен екі айға су қаражаты төленді. Шымкент қаласында да партияның жастар қанаты Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Мосунова әжейдің шаңырағына барып, үй шаруасына көмектесті. Жасы жүзге таяған қарт ана Нина Мосунова – Ұлы Отан соғысының ардагері, радио операторы болып қызмет еткен. Бейнетінің зейнетін көрер шағында кейуана жалғыз қалып отыр. Зейнеткерге зейін бөлуді партия белсенділері ұдайы жалғастырып келеді. Бір топ белсенді жас қарияның хал-жағдайын біліп, үйінің айналасына көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізіп қайтты. Мұндай шара дүйсенбі күні Шиелі ауданында да өтті. Аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын-алу мақсатында жедел жиын өтті. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, полиция бөлімінің қызметкерлері, білім бөлімінің мамандары, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Аудан әкімі аймақта ушығып тұрғын мектеп жасындағы балалар арасындағы топтық төбелестің Шиелі ауданында қайталанбауы үшін барлық құрылымдар бірігіп жұмыс атқару керектігін, рейдтік шаралар мен түсіндірме жұмыстарын күшейту маңызды екендігін айтты. Өз кезегінде, аудандық мәслихат депутаттары да ұсыныстарын жеткізіп, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық «алдымен жауапкершілікті баланың ата-анасы сезінуі керек» деген пікірін жеткізді. Жастар арасындағы жанжалдар мен қылмыстардың алдын алу жұмыстары жалғаса беретін болады.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ