Мықты мұғалімдерді даярлау үшін жоғары оқу орындарында қандай амалдар іске асырылуы керек? Саладағы жаңа бағыттардың бірі – әлеуметтік педагогика нені үйретеді? Ұлттық біліктілік емтиханынан педагогтар неге сүрінді? Осы мәселелер жөнінде Сулейман Демирель атындағы университеттің педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультеті деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Жайнагүл Дүйсебековамен сұхбаттастық.
– Елімізде мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар қолға алынғалы бері педагогикалық бағытты таңдайтын мектеп түлектері көбейді. Бұл үрдіс болашақта саны бар, сапасы жоқ мамандар толқынын қалыптастырмай ма?
– Иә, жалақының өсуі, мұғалімдер мүмкіндігінің кеңеюі, грант санының көбеюі деген сияқты амалдар, бір жағынан, шынымен бұл мамандықтың қоғамдағы мәртебесінің жоғарылуына ықпал етіп жатыр. Бастапқыда мектеп түлектерінің педагогикаға бет бұруына сондай тәсілдерді де қолдануға болатын шығар. Бірақ бұлар – қысқамерзімді әсер ғана беретін, белгілі бір деңгейге дейін ғана қызығушылықты ұстап тұра алатын дүниелер. Сондықтан түлектердің педагогиканы саналы түрде таңдап келуіне жағдай жасағанымыз дұрыс. Ол үшін, біріншіден, мектепте кәсіби бағдарлау жұмыстары мықты жүргізілуі керек. Қазір алдымызға келген мектеп түлектерінен сұрасаң, жазуы керек төрт мамандықтың қайсысына басымдық қоюды біле бермейді. Негізі мамандықты 10-11 сыныптарда таңдау өте кеш: бала ес біліп, ішкі дауысын естіп, өз қабілеттерін тани алатын 7-8 сыныпқа көшкен кезінен бастап оған дұрыс бағыт-бағдар берген жөн. Қазір бұл рөлді кейбір мектептерде – сынып жетекшілері, кей мектептерде ішінара психологтар атқарып жүр. Асылында осындай мәселелерге әлеуметтік педагогтарды тарту керек.
Екіншіден, қоғамда мұғалім мамандығын популизациялап, оларға қатысты қате стереотиптерді жою қажет. Бізде, мәселен, «мұғалімдер үнемі қағазбасты», «мектепте жұмыс істеу қиын», «сабақ беріп қана жүре береді, өзін-өзі дамытуға уақыты жоқ» деген сияқты пікірлер қалыптасып қалған. Солар жойылғанда ғана баланың бұл мамандыққа қызығушылығы ашылады, ата-ана да қорықпай баласын педагогикалық оқу орнына түсіреді. Сосын ІТ саласы дегенде бірден Билл Гейтс, Илон Масктың есімдері қатар аталады ғой. Сол секілді, педагогикада да үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау керек. Мектеп жасындағы балалар еліктеуге бейім, олардың сол қасиетін жақсы жаққа пайдалану керек.
Тағы бір назар аударарлық тұс мынау: педагогиканы таңдаған түлектерге арнайы емтихан бар. Бұл – өте жақсы бастама. Ол бізге, ең азында, алдымызға келген түлектің педагогикаға бейімдігін анықтауға мүмкіндік беретін жақсы құрал. Жоғары оқу орындары өзара бірігіп, соны жүйелі түрде жасау жолдарын жетілдірсе жөн болар еді. Жүйелі емтиханның нәтижесінде «мына баланың мынадай проблемасы бар екен, сондықтан біз мына тұсқа көбірек көңіл бөлуіміз керек» деген секілді тұжырымдар, нақты қадамдар жасай алар едік.
– Әлгінде әлеуметтік педагог деп қалдыңыз. Бұл жаңадан қосылған мамандық па? Оны бітірген түлектер немен айналысады?
– Әлеуметтік педагогика – біздің университетте соңғы екі жылда ашылған жаңа мамандықтардың бірі. Оның атауына министрлік тарапынан ребрендинг жасалды. Бастапқы атауы – өзін-өзі тану мұғалімдерін даярлау болатын. Кейін бағдарламадан бұл пән алынып тасталғандықтан, жоғары оқу орындары оны өздерінше түрлендіріп, сәйкесінше атауын ауыстырды. Біз сол мамандықты әлеуметтік педагогикаға қарай бейімдеуге тырысып жатырмыз. Қазір мектептің өзінде де әлеуметтік педагог не істейді десе, ешкім тап басып айта алмайды. Өйткені оның функционалдық міндетін кей жерлерде – мектеп директорының орынбасарлары, кей жерлерде сынып жетекшілері атқарып жүр. Расында оның қызметіне көп нәрсе кіреді. Әлеуметтану ғылымында әлеуметтік топ деген ұғым бар, оның бір мысалы ретінде мектептегі көпбалалы отбасылар, жағдайы төмен отбасыларды айтуға болады. Олардың қоғамға адаптациялануы үшін, басқалармен тең дәрежеде білім алуына әлеуметтік я болмаса психологиялық кедергі болмас үшін белгілі бір шаралар керек. Бастауыш, орта, жоғары деп бөлінетін сыныптардың өзі – әртүрлі әлеуметтік топ. Мектептегі іс-шаралар шартты түрде бөлініп жасалады, бірақ олардың ғылыми түрде негіздемесі, қазақстандық реалияларға арналған зерттеулер жоқ. Сол зерттеулерді жасайтындар – әлеуметік педагогтар. Олар бүкіл пән оқытушыларына көмектесуі керек, мектептерде психологпен тығыз жұмыс істеуі керек. Кәсіби бағдарлау жұмыстарын да әлеуметтік педагог атқарса жақсы болар еді. Қазір біз соны да оқу бағдарламасына қосуға әрекет жасап жатырмыз.
– Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайтынын, мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендететінін, сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Сіздіңше, отандық оқу орындарында педагогиканы оқытудағы қандай олқылықтар бар?
– Ең әуелі, педагогика деген сөздің өзін тек практика ретінде қабылдауды тоқтату керек. Педагогика – үлкен ғылым. Кез келген тәжірибенің қазығы – зерттеулер. Бірақ қазір елімізде нағыз педагогикаға бағытталған, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақстандық реалияларға негізделген зерттеулер аз болып тұр. Мысалы, бүгінде мектепте мұғалімдер әдіс-тәсілдерге ғана көңіл бөліп кетті. Түрлі байқауларға қазылар алқасының құрамында отырып байқаймын, «мына сыныпқа мына методиканы қолдандым» дейді де, дәл сол әдістің дәл сол сыныпқа келетіні туралы негіздеме бар ма десең, жауап бере алмайды. Ең басты мәселе осы.
Мектептерге кадр жетіспейді дейміз, шындығында ЖОО-да осы кадрларды даярлайтын кадрлар жетпейді. Профессор-оқытушылық құрамды қарасақ, онда кеңестік кезеңде білім алған жасы үлкен кісілер бар, сосын өте жас буын бар. Орта буынды таппайсыз. Көбі өндіріске кетіп қалған. Мойындау керек, кейде тіпті бір педагогтарға ЖОО-лар өзара таласып жүреміз. Кей мұғалімдер мына университеттен де, ана университеттен де жүктеме алады. Біз қазір өз оқу ордамызда «Жас маман» деген бағдарлама ашып жатырмыз, соның аясында түлектерімізді алып қалып, магистратурасын оқытып, докторантурасын жалғастыруына жағдай жасап, кадр жетіспеушілігін осылайша толтыруға әрекет етудеміз.
Үшіншіден, жоғары оқу орындары арасындағы коллаборацияларды күшейту керек. Қазір әрбір ЖОО шетелдік серіктес табуға тырысады да, бірақ өз арамызда коллаборация аздау.
Төртіншіден, бағана айтқанымдай, зерттеулер аз болғандықтан, әдебиеттер де аз. Мысалы, бүкіл педагогикалық мамандықтарда оқытылатын «Педагогика» деген міндетті пәніміз бар, сол пән бойынша ұсынатын оқулықтарды санасақ, онға жетпейді. Кейбірінің мазмұны өзара ұқсас.
Бесіншіден, біздер, педагог даярлайтын ЖОО-лар өндіріспен, яғни мектеппен және балабақшамен байланысымызды үзіп алдық. Кімді даярлап жатқанымызды кейде білмей қаламыз. Бұрын оқу бағдарламасын университеттер өздері жасайтын, ендігі уақытта онымен ақылдастық кеңес айналысады. Сол ақылдастық алқасына практиктерді қосу керек, солайша жұмыс берушілермен байланысты тығыз орнату керек. Практик мамандарға университеттерге сабақ беруге мүмкіндік жасаған дұрыс. Сондықтан бұл тұста мемлекеттің ЖОО мамандарына деген талаптары (мәселен, маманның PhD дәрежесі болуы керек деген ескілді) қолды байламас үшін оларды жұмсарту керек те шығар, бәлкім.
Тағы бір қынжыларлық жайт, педагогикада жаңа бетбұрыстарға дайындық нашар. Заманның ілгерілеуімен инклюзивті білім беру, киберпедагогика, арнайы педагогика деген бағыттарға қоғамда сұраныс артып жатыр, сол сұранысқа жауап бере алатындай дайындық керек. Одан бөлек, педагогтарды даярлайтын университеттерде педагогикалық этиканы, педагогтың сөйлеу мәдениетін үйрететін, педагогикалық шеберлікті ұштауға көмектесетін орталықтар, алаңдар болса игі.
– Ұлттық біліктілік емтиханынан педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі өте алмағаны белгілі, мұның себебі неде деп ойлайсыз? Министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі болды ма, әлде бұл жайт отандық педагогтардың білім деңгейінен хабар бере ме?
– Кез келген жүйе бастапқыда кемшіліктер болады. Осыған педагогикалық оқу орындарын бітірген түлектердің ұлттық біліктілік емтиханын тапсыру мәселесін де жатқыза аламыз. Иә, қазір педагогикалық мамандықтарда оқыған түлектердің шекті ұпайды жинау көрсеткіштерінің төмен болғандығы тілге тиек етіліп жүр. Мұның жоғары оқу орындарында оқытылатын оқу бағдарламалары мен Ұлттық біліктілік емтиханындағы сұрақтардың сәйкес келе бермеуі (қазіргі таңда кәсіби пәндердің мазмұнын әр ЖОО өзі дайындайды, ал сұрақтарды құрастырған мамандар оны ескермеуі мүмкін), алғашқы жылдары бітіруші түлектердің емтихан тапсыруға деген психологиялық тұрғыдан дайын еместігі, әсіресе педагогика және психология пәндерінен оқу әдебиеттеріміздің әлі де аударма мәтіндерінің үдесінен шыға алмауы сияқты бірқатар себебі болуы мүмкін. Әрине, педагогика кадрларын даярлаушы жоғары оқу орындары ретінде түлектеріміздің дайындық сапасын да жоққа шығармаймыз. Қазіргі осы үдеріске жауапты әр тарап өзіне тиісті жауапкершіліктерді толық түсінді деп ойлаймын. Біз де өз кезегімізде сондай оқу орындарының бірі ретінде түлектерімізді нағыз емтиханға дейін сынама емтиханнан тегін өткізу, білім алушыларды дайындап отырған өз оқытушыларымызға осы емтиханды тапсыруға мүмкіндік беру, педагог мамандарға қажетті базалық кәсіби пәндеріміздің мазмұнын жетілдіру секілді жұмыстарды белсенді атқарып жатырмыз.
– Бұрнағы жылдары оқулықтардың тіліне, мәтіннен тыс аппаратына қойылатын психолингвистикалық талаптар деген үлкен жобаны жүзеге асырушылардың бірі болған екенсіз. Зерттеу нәтижесінде қандай тұжырымдар жасай алдыңыз?
– Бұл жобаны минисрлікке қарасты Білім беру мазмұнын сараптау (бұрынғы «Оқулық») орталығымен бірлесе 27 ай бойы жасаған едік. Зерттеу барысында оқулықтардағы мәтіндерге, олардың сапасына, терминологияға және иллюстрацияларға мән бердік. Баланың даму онтогенезі деген бар, яғни өмірге келгеннен бастап ақыл тоқтатқанға дейін қандай кезеңдерді бастан кешіреді, қандай дүниелерді қабылдауға бейім тұрады – міне, оқулық авторлары соның бәрін ескеріп жазуы керек. Сондай-ақ оқулық мазмұнының ұлттық танымға сәйкестігіне де барынша көңіл қойдық.
Зерттеу аясында Оңтүстік Кореяға іссапармен бардық, сонда байқағанымыз – ондағы оқулық баспалары мектептермен, мұғалімдермен тығыз жұмыс істейді, мұны бақылайтын министрлік құзырындағы арнайы бөлім де бар. Бізде қазір «зет ұрпақ», «альфа ұрпақ» деген тіркестер сәнге айналып кетті ғой, мағынасын сұрасаң тәптіштеп көбі айтып бере алмайды. Мәселен, «альфа ұрпақ» өкілдері топтық жұмыстан гөрі жалғыз жұмысты жақсы көреді, топтың алдында шығып өз қабілеттерін паш етуді ұнатады. Сәйкесінше, оларда тапсырмаларды да балалардың осы қабілетіне бейімдеп береді немесе кейде оларды, керісінше, топпен жұмыс істеуге ынталандыратын коррекциялық тапсырмаларды көбейтеді. Ғылымдағы зерттеулер нәтижесін практикада осылайша тиімді пайдаланып жатыр.
Біз осы зерттеу жобасы кезінде көп еңбек жаздық. Жалпы, Білім беру мазмұнын сараптау орталығында педагогтарға көп жақсы дүние жасалып, жазылып жатыр. Осы істер жалғаса берсе және оны педагогтар өз тәжірибелерінде пайдаланса, бес-алты жылда жемісті нәтижесін көреміз деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!