Хатшы Сырдария ауданында халықтың ұсыныс, пікірін тыңдады.
«Ауыл аманаты»: Қызылорда облысында 5 бағыт бойынша 600 жоба іске асырылады
11,403
оқылды

«AMANAT»-тың Қызылорда облыстық филиалында партияның «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жолдары талқыланды. Жиынға партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және ауылдық округтер әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысты.

Бұл жоба, ең алдымен, халық табысын арттыруға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Жобаға қатысушыларға жылдық өсімі 2,5% болатын шағын несие беру көзделген. Осы мақсатта биыл Қызылорда облысына 3 млрд теңге қаржы бөлінді.

Бүгінде барлық ауылдық округтерде скрининг жұмысы жүріп жатыр. Нәтижесінде, жобаға қатысатын 25 қанатқақты ауылдық округ айқындалды. Бұл округтердегі халық саны 47 676 адам. Оның ішінде, жұмыссыздар саны – 872 адам.

Осы күні өңірде 5 бағыт бойынша 600 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту (ауыл шаруашылығы кооперативтері негізгі (техника, мал) және айналым қаражатын сатып алуға) – 653,8 млн теңгеге 28 жоба; ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру, өңдеу және қайта өңдеу (ет, сүт өндірісі) – 655,5 млн теңгеге 18 жоба; өсімдік шаруашылығын дамыту (жылыжайлар, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын өндіру) – 308 млн теңгеге 55 жоба; мал шаруашылығын дамыту (мал басын ұлғайту, бордақылау және өнім алу үшін) 1 227,9 млн теңгеге 360 жоба және өзге бағыттағы 139 бизнес жобаларға – 154,8 млн теңге қарастырылып отыр.

Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде аталған ауылдық округтерде 636 жаңа жұмыс орны ашылады. 3580 бас мал сатып алып, сүт және ет өндірісін 3 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жұмыссыздар санын 35%-ға дейін азайту және ауыл халқының орташа табысын 15-20%-ға арттыру көзделуде.

Кездесу барысында Эльдар Жұмағазиев өзекті бизнес-жобалардың тізбесін және жеңілдікпен берілетін несиені алу тетіктерін пысықтауды, сондай-ақ жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, партия хатшысы Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындарға жобаның маңызын түсіндіріп, халықтың ұсыныс, пікірін тыңдады.