Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің 55-ші пленарлық отырысы өтті. Оған Достастыққа мүше мемлекеттердің Парламент Палаталарының басшылары қатысты. Аталған жоғары парламентаралық алаңға Қазақстан делегациясын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап барды.
Отырысқа қатысушыларды құттықтай отырып, Мәулен Әшімбаев парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде өз пікірін білдірді. Палата Спикері бұл жұмыстың нақты бағыттарын атап өтті. Ең алдымен, Мәулен Әшімбаев халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ТМД елдерінің тілдерін ондағы жоғары оқу орындарында оқытуды күшейте түскен маңызды екенін айтты.
«Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Өкінішке қарай, біз ТМД елдерінің тілдерін оқытуға көп көңіл бөле бермейміз. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шет елдердің тілдері мен мәдениеттерінің кафедрасы бар. Сол жерде Достастық елдерінің тілдері оқытылады. Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафедраға қазақ тілін оқыту бойынша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ басқа мамандандырылған жоғары оқу орындарында да осындай кафедраларды ашу туралы мәселені қарастыруға болады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған орай Сенат Төрағасы ТМД ПАА-ның қамқорлығымен жоғары оқу орындарында ТМД елдерінің тілдерін оқытуды күшейтуге арналған тәжірибелік қадамдарды айқындау қажеттігін айтып, оған ғалымдарды, сарапшыларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін жұмылдырып конференция өткізуді ұсынды. Мәулен Әшімбаев көтерген бастамалардың тағы бірі – Ассамблея аясында өңір елдерінің шығармашылық пен ғылымда жүрген зиялыларының қатысуымен форум өткізу. Мұндай тәсіл елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды сақтауға және дамытуға ықпал етері сөзсіз.
Жиында ТМД елдерінің өзара іс-қимылын арттыру ісінде төтенше жағдайлардың бірлесіп алдын алу мәселесі де сөз болды. Оның ішінде сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу, дәлірек болжау және тәуекелін азайту үшін ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды.
«ТМД елдерінің аумағында сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Сол себепті біздің елдеріміздің бұл саладағы ғылыми әлеуеті зор. Бүгінде сейсмологиялық, геофизикалық және басқа да деректерге мониторинг жүргізіліп келеді. Сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы елдеріміздің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын жандандыруда және жер сілкіністерінің алдын алу үшін бірлескен зерттеулер жүргізуде маңызды рөл атқара алады», – деді Мәулен Әшімбаев.
ТМД елдерінің Парламент депутаттары Ассамблеяның жалпы отырысында экология, экономика салаларын цифрландыру, салық салу, қаржы және басқа да бағыттардағы модельдік заңдар топтамасын қарады. Отырыс кезінде айтылғандай, модельдік заңдарда қамтылған құқықтық нормаларды депутаттар заң шығаруда қолданады. Өзара тәжірибе алмасудың бұл форматы жалпы мәселелерді шешудің келісілген тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобаларының сапасын арттыруға және заңнамалық органдар жанындағы ғылыми-зерттеу құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беріледі.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстанның ТМД-ға төрағалық кезеңін қорытындылап, 2023 жылы ТМД-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасын құттықтады.
Сонымен қатар, сессия аясында Мәулен Әшімбаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевпен келіссөз барысында Мәулен Әшімбаев өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі күшейту перспективаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Тараптар бірлескен жобалардың тиімділігіне назар аударып, елдер арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға мүдделі екендерін білдірді.
Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрайымы Сахиба Гафаровамен болған кездесуде Сенат Спикері бауырлас халықтар арасындағы стратегиялық серіктестік пен қарым-қатынастың жан-жақты сипатын жоғары бағалады. Мәулен Әшімбаев екі елдің жоғары деңгейдегі осындай ынтымақтастығы Астанада өткен Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері кездесуінің оң нәтижесі екенін айтты. Сұхбаттасушылар Мемлекет басшыларының келіссөздері екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін бергенін де тілге тиек етті.
Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА алаңында Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде мемлекетаралық байланыс қалыптасқан барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұдан басқа сұхбаттасушылар көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, бірлескен жобалар жоспарын айқындады және заңнамалық саладағы жаңғыртулар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.