Қостанай қаласында 16 жастағы жасөспірім үстіне футбол қақпасы құлап, ауыр жарақат алды.
Аlau.kz хабарлауынша, бала облыстық балалар ауруханасының хирургиялық қызмет көрсету бөліміне жеткізілген.
«Баланың аш ішегі жыртылған. Бұл – сипаты мен емдеу жағынан ең ауыр жарақаттардың бірі. Содан соң көптеген асқыну болады. Бала жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Операция жасалды. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақталды. Ем-шара жалғасады. Өз бетінше тыныс алу үшін баланы жасанды желдету аппаратынан шығаруды шешеміз», – деді аурухана меңгерушісі Игорь Белобржицкий.
Дәрігер екі апта бұрын Ұзынкөл ауданынан осындай оқиғадан кейін ауруханаға 16 жастағы жасөспірімнің жеткізілгенін айтты.
«Футбол қақпасы 16 жастағы жасөспірімнің басына құлаған. Ол бас жарақатын алған. Жағдайы орташа ауыр. Қазір баланың жағдайы жақсы. 4 жыл бұрын қайғылы оқиға болып, сол кезде Қостанайда футбол қақпасының құлауынан бір бала қайтыс болған еді. Ондай жағдай енді қайталанбайтын шығар деп едік, өкінішке қарай, әлі де қайталанып жатыр», – дейді дәрігер.