Бұдан бұрын осы ауылда 17 жастағы жігіт 16 жастағы баланы өзен жағасына апарып ұрып өлтірген болатын.
Алматы облысындағы жасөспірімнің өліміне байланысты тың деректер айтылды
1,587
оқылды

Ауыл тұрғындарының сөзінше, күдікті марқұмды бірнеше рет төмпештеп ұрған. Кейін тасқа шүйдемен құлады деген нұсқа айтылды. Осы жағдайдан кейін марқұм болған жасөспірімнің досы қорасында асылып қалғаны белгілі болды.

«Осы оқиғадан соң полиция жасөспірімдерді аудан орталығына тергеуге алып кеткен. Келгеннен кейін көз жұмған баланың сыныптасы қорасында асылып өліпті”, – дейді ауыл тұрғыны Салтанат.

Алматы облысының білім басқармасы болған жағдайды растап отыр.

«11 сәуір күні Кеген ауданы Саты ауылында 2007 жылы туған, кәмелеттік жасқа толмаған бала өзінің тұрғын үй ауласындағы қорада жіпке асылып, көз жұмған. Марқұм сол күні күндегі әдетінше сабаққа барып-келіп күні бойы үйінде болған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, қабылданған шешім бойынша қосымша хабарланады», – делінген хабарламада.

Алматы облысының полиция басқармасы да жағдайға түсінік беріп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.

«11 сәуір күні Кеген ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне 2006 жылғы "Э" есімді кәмелетке толмаған азаматтың мәйіті Кеген ауданы Саты ауылының ішіндегі өзен бойынан табылғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру). Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 17 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ 16 жастағы жасөспірімнің өліміне байланысты өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша ҚР ҚК 105-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіне сай өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.