Қазақстан Сенатының басшысы сапар барысында ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды
Cенаторлар Ресейге барып келді
1,445
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев көрші Ресейге сапар аясында алдымен Мәскеуде болып, ресейлік жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттермен кез­десті. Қазақстан Сенатының басшысы сапар барысында ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды және Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен жүздесті.

Студенттермен кездесуде Мәулен Әшімбаев іс-шараның Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Ол талантты, білімді жастар елімізді жаңғыртудың драйвері және Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды күштердің бірі болуға тиіс екенін айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында өкілді билік тармағына жас саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатқанын атап өтті. Олар қоғамда жаңа құндылықтардың кеңінен дәріптелуіне әсер етуге тиіс. Соңғы жылдары жастарды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және олардың азаматтық әлеуетін арттыру үшін бірқатар жоба қолға алынып, тиісті заңдарға түзетулер енгізілді. Сенат жанында заң жобаларын сараптауға және Парламент функцияларын іске асыруға жас сарапшыларды тартуға арналған қоғамдық жобалар қолға алынған. Олар – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебі. Сіздерді осы жобаларға қатысуға шақырамыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Төрағасы өткен ғасырдың 60-жылдарында Мәскеудегі жоғары оқу орындарында оқыған қазақтың болашақ ғалымдары мен көрнекті қоғам қайраткерлері бірнеше буынның басын қосқан «Жас тұлпар» бірлестігін құрғанын айтты.

Сонымен қатар Сенат Спикері Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті. Мәулен Әшімбаев биыл 19 наурызда өткен Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына халықаралық байқаушы ретінде белсенді қатысқаны және оң бағалағаны үшін алғыс білдірді. Сұхбат кезінде Мемлекеттік дума депутаттарымен сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Сенат делегациясының Ресейге сапарының екінші күні Санкт-Петерборда жалғасты. Бұл қалада ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің 55-ші пленарлық отырысы болды.

Мәулен Әшімбаев алқалы жиында парла­ментаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде өз пікірін білдірді. Қазақстан Сенатының басшысы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ТМД елдерінің тілдерін ондағы жоғары оқу орындарында оқытуды күшейте түскен маңызды екенін айтты.

«Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шетелдердің тілдері мен мәдениеттерінің кафедрасы бар. Сол жерде Достастық елдерінің тілдері оқытылады. Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафедраға қазақ тілін оқыту бойынша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған орай, Сенат Төрағасы ТМД ПАА-ның қамқорлығымен жоғары оқу орындарында ТМД елдерінің тілдерін оқытуға арналған тәжірибелік қадамдарды айқындау үшін ғалымдарды, сарапшыларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін жұмылдырып конференция өткізуді ұсынды.

Жиында ТМД елдерінің өзара іс-қимылын арттыру ісінде бірлесіп төтенше жағдайлардың алдын алу және сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі талқыланды.

«ТМД елдерінің аумағында сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы елдеріміздің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын жандандыруда және жер сілкіністерінің алдын алу үшін бірлескен зерттеулер жүргізуде маңызды рөл атқара алады», – деді Мәулен Әшімбаев.

ТМД елдерінің Парламент депутаттары Ассамблеяның жалпы отырысында экология, экономика салаларын цифрландыру, салық салу, қаржы және басқа да бағыттардағы модельдік заңдар топтамасын қарады.

Мәулен Әшімбаев сессия аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиевпен келіссөз барысында Мәулен Әшімбаев өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі күшейту перспектива­ларына егжей-тегжейлі тоқталды. Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің төрайымы Сахиба Гафаровамен болған кездесуде Сенат Спикері бауырлас халықтар арасындағы стратегиялық серіктестік пен қарым-қатынастың жан-жақты сипатын жоғары бағалады.

Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА алаңында Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының төрағасы Ален Симонянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар дипломатиялық қатынастар мемлекетаралық байланыстың барлық бағыты бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты.