Бюджетті жоспарлауда бұра тартуға болмайды

Қазақстанда бюджетті жос­пар­лауға – Ұлттық экономика ми­нистрлігі, ал бюджеттің кіріс-шы­ғысын есептеуге – Қаржы министр­лігі жауап береді

Елімізде бюджетті жоспарлау ісі ақсап тұр. Бюджет тапшылығы тарихи рекордқа жетті, алда тек арта бермек. Сарапшылар Үкіметтің бюджеттік тәр­тіпті тарс ұмытқанын сы­нады. Ұлттық қордың қаржысы да дамуға емес, ағымдағы шығындарды жабуға жұмсалып жатыр. Жаңа Парламентке жаңа партиялар келді, олар халыққа берген уәдесін орындауға, өз бағдарлама­ларын іске асыруға қаржы сұрап отыр. Әйтпесе, жоба­лары мен жұмыста­рын іске асыра алмаса, келесі сайлауда ел олар­дан теріс айналмақ. Бірақ бәріне бірдей қаржы жет­пейтіні қазірден анықталып отыр. Сондықтан Үкімет бюджетті жоспарлауға қатысты кезекті реформа бастады.

Қазақстанда бюджетті жос­пар­лауға – Ұлттық экономика ми­нистрлігі, ал бюджеттің кіріс-шы­ғысын есептеуге – Қаржы министр­лігі жауап береді. Бұл жерде көптеген саланы қамтитындықтан «супер­министрлік» аталатын осы қос ве­домство арасында келісімді әрі үй­лесімді іс-қимыл жолға қо­йылған деп айту қиын. Экономика ведом­ство­сы мамандарының түсін­ді­руін­ше, бюджеттік жоспарлау Қазақ­станның әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамына негіз­деледі. Онда жаһандық нарықтағы мұнай, металл сияқты басты экс­порт тауарлары­ның бағасы, елдегі инфляция және бас­қа да нақты параметрлер ескері­леді. Бұл ретте мемлекеттік жоспар­лау жүйесінің құжаттарын әзірлеуде бюджеттің нақты мүмкіндіктері ескерілмейді екен. Себебі бюджетке қанша са­лық­тың жиналатыны Ұлт­тық эко­номика емес, Қаржы ми­нистрлігіне байланысты.

Әрбір әкімдік пен орталық мем­лекеттік орган өз алдына қойылған міндетті орындау үшін жоспар құ­рады. Алайда ол жоспары бюджеттен аз қаржы бөлінуіне тіреліп, күл-тал­қан болады. Ұлттық экономика ми­нистрлігі соған бір мысал келтірді.

«Даму жоспарларын іске асыру оған берілетін бюджет қаражатына тәуелді. Ал қаржы әрдайым жеткі­ліксіз. Мысалы, 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті түзуде Индус­трия және инфрақұрылымдық да­му министрлігі өз құжаттарында жоспарланған нысаналы көрсет­кіштеріне қол жеткізу үшін үш жыл­дық шығыстарды 7,2 триллион теңгеге қаржыландырылуы керек­тігін мәлімдеді. Бірақ Қаржы ми­нистрлігі бюджеттің мүмкіндіктерін ескере келе, оның шығыстарын үш есеге жуық аз, 2,5 трлн теңге со­масында ғана қолдады», – деп мәлім етті экономика министрлігі.

Дәл осындай жағдай барлық салада бар. Салдарынан жоспарлы көрсеткіштерге қол жетпейді. Қара­жаттың жеткілікті бөлінбеуінен даму жоспарларының нысаналы индикаторлары бюджетті атқару процесінде өзгеріп кетеді. Бұрын айқын болып көрінген мақсаттар бұлыңғырлана бастайды. Содан министрлер нақты мақсатқа қол жеткізуден бұрын елес қуып жүр­гендей әсер қалдырады.

Бұған өңірлердің, ведомство­лардың есепшоттағы қаржыны мақ­сатты жұмсай алмайтындығы, толық игермеуі сынды мәселелерді қосыңыз. Салдарынан, елді цифр­ландыру, халықты ауызсумен қамту, отандық өндірушілерді қолдау және субсидиялау, бүлдіршіндерді бала­бақшамен қамту, мектеп тапшы­лығын жою және басқа да қаптаған мәселелерді түпкілікті шешуге көңіл бөлінбей келеді.

«Бақшаға» түсу де

бір өнер

Сарапшылар бюджетті жоспар­лау кезінде шенеуніктер қолданатын тағы бір айла-шарғыны атады. Олар нәтижеге бағдарланған бюджет аясында нақты бір бюджеттік бағ­дарламаның нысаналы индикаторы ретінде өзіне тән емес немесе ве­дом­ствоаралық көрсеткіштерді құ­жы­натып қоса салады. Нәтижесінде, ең білікті, тісқаққан аудитордың өзі ел қаржысын шығындау қоры­тын­дысында меморганның нысанаға жеткен-жетпегенін дөп басып анық­тай алмай қалады. Себебі мұн­дай қулық индикаторларға қол жет­кізу-жеткізбеудегі мемлекеттік ор­ганның рөлін объективті айқындауға мүмкіндік бермейді. Бұдан олардың жауапкершілік аясын тап басу көр­сету қиындай түседі.

Мысалы, басшылығы ауысқан Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігінің «Техно­логияларды және үздік практи­каларды ілгерілету, бизнес пен инвестицияларды дамыту арқылы Қазақстанның «жасыл экономи­каға» жылдам көшуіне жәрдемдесу» деген түсініксіздеу аты бар бюд­жеттік бағдарламасын қарастырсақ. Тек соның аясында министрлік миллиард теңгеге жуық қаржы игереді.

Экология министрлігі ұсынған негіздемеге жүгінсек, осы бюджеттік бағдарламаның негізгі шығыстары Қазақстанның «жасыл эконо­ми­каға» көшу тұжырымдамасын іске асыруға, жасыл технологияларды ілгерілетуге, атап айтқанда, 2023 жылы шойын және болат өндірісі, қара металдарды өңдеу бұйымдарын өндіру, алюминий өндірісі, мұнай мен газ өндіру, темір кендерін өн­діру және байыту сияқты салаларда озық қолжетімді техникалар (ОҚТ) қағидаттарына көшуді қамтамасыз ету іс-шараларын ұйымдастыру, анықтамалықтарды келісу және басқа жұмыстар кіреді. Ал метал­лургия саласы Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистр­лігінің (ИИДМ) құзіретіндегі дүние.

Тағы бір мысал: Экология ми­нистрлігі «Жасыл даму» АҚ арқылы автокөліктерден, шыны өнімдерін, қағаз бен картон қораптарын өнді­рушілерден утилизациялық алымды жинайды. Осы кәдеге жарату алымы елдегі қайта өңдеу өнеркәсібін да­мытуға жұмсалуы керек еді. Алайда бұл салаға Экология министрлігі емес, ИИДМ жауапты. Мұндай ала­сапыран тек экология емес, барлық салаға тән. Осылайша, минис­трлік­тер бір-бірінің «бақшасына» түсіп жүр. Ақыр соңында бюджет босқа шығын болып, жоспар жайына қалса, жауапты ведомствоны дәл тауып, кінәліні жазалау қиын.

Ұлттық экономика министрлігі стратегиялық және бюджеттік жос­парлауды өзара байланыстыруға және үйлестіруге біріншіден, мем­лекеттік жоспарлау жүйесі құжат­тарындағы тұрақтылықтың жоқ­тығын, екіншіден, олардың тым көп­тігін, үшіншіден жоспарлардың жете қаржыландырылмауын кедергі деп атады. Демек, алдағы реформа осы кемшілік, кеселдерді жоюға ба­ғытталуы шарт.

Көңіл алаң,

қимыл шабан

Қазақстан қаржыгерлері қауым­дастығының түсіндіруінше, бюд­жеттік жоспарлаудағы кемшіліктер бюджет тапшылығының алапат қарқынмен артуына және соның сал­дарынан Ұлттық қордың орта­юына, ал мемлекеттік қарыз көле­мі­нің еселеп артуына алып келді.

ЖІӨ-ге шаққандағы бюджет тапшылығы соңғы он жылда, 2013 жылғы 1,9 пайыздан 2022 жылы 3,3 пайызға дейін өсті. Ал таяуда нақ­тыланған 2023 жылғы бюджет тап­шылығы 3,2 триллион теңгеге жетті. Мұнша қаржылық дефицит ел тарихында бұрын-соңды болмапты. Мысалы, ғасыр басында, яғни әлем­де экономикалық дағдарыс бол­маған, геосаяси тыныштық ор­на­ған 2003 жылы Қазақстанның бюд­жеттік тапшылығы небары 83 миллиард теңге ғана болды.

Ел қазынасында қаржы жетіс­песе, билік оны қайдан алады? Не болашақ ұрпаққа арналған Ұлттық қорға қол салады, немесе шетелден қарыз алады. Сорақысы сол, осы екі бағытта да «төбе шашты тік тұрғы­зар» тренд-үрдістер белең алды. Ұлттық қордан бюджет жыртығын жамауға трансферт түрінде алып қойылған қаражаттың көлемі 2013 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 3,9 пайыз­ды құраса, бертінде ол 8,1 пайызға дейін жетті және өсу үрдісі сақталды.

Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Бауыржан Омарбековтің мәліметінше, 2023 жылдың бұрын қабылданған бюджетінде Ұлттық қордан биыл 2 трлн 200 миллиард теңге қаржы алу жоспаланған еді. Дегенмен нақтыланған бюджет ая­сында ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стра­тегиялық маңызды инфрақұры­лымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан осы жылы тағы 800 миллиард теңге көлемінде ны­саналы трансферт қосымша тар­тылатын болады. Сөйтіп, Ұлттық қордан 1 жылда 3 триллион теңге шығындалады.

Мұның сыртында соңғы онжыл­дықта Қазақстанның борышы да артып барады. Мемлекеттің қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 2013 жылғы 12,5 пайыздан 2021 жылы 27 пайызға жетті. 2023 жылғы қаңтарда мемле­кеттік қарыз көлемі 25,3 триллион теңгені құрады. Бұл да Қазақстан тарихында ешқашан болмаған жайт. Жоғарғы аудиторлық палата Қазақ­станның мемлекеттік борышы 2050 жылға қарай ЖІӨ-нің 45 пайызына жетуі мүмкін деп дабыл қағып отыр. Бұл жас әрі дамушы мемлекет үшін қауіпті меже көрінеді.

Салдарынан мемлекеттік қаржы жүйесі бүгінде тұрақтылығынан айырылып, теңселіп тұрған жайы бар. Ол құлап түспеуі, күйремеуі үшін Смайылов Үкіметі шұғыл шаралар қабылдағаны жөн.

Қаржыгерлер біріншіден, «бюд­жеттік параметрлерді шек­тейтін нақты бюджеттік қағидалар жүйе­сінің жоқтығын» ескертті. Екін­шіден, бюджеттік қағидаларды тү­зетудің айрықша жағдайлары рег­ламентелуі тиіс. Үкімет отыз жыл­дан астам уақытта оны да жа­са­мапты. Үшіншіден, мемлекеттік қар­жы статистикасы кінәратқа то­лы. Ендеше алдағы реформа ая­сын­да бұл түйткілдердің түйіні тар­қатылғаны жөн.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанда Канада­ның тәжірибесін енгізуді қарасты­руда: халықаралық бағалау бойынша оның мемлекеттік басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді нұсқа деп таныл­ған. Оған сәйкес, экономикалық жос­парлау бюджеттік және страте­гия­лық жоспарлаумен өзара байла­ныста жүзеге асырылады.

Қалай болғанда, сала сылап-сипап қоя салатын «косметикалық жөндеуге» емес, түбегейлі жаңғы­руға зәру. Әйтпесе, 2007 жылы қабылданған қолданыстағы Бюджет кодексіне содан бері 176 түзету енгізіліпті. Орта есеппен жыл сайын 12 өзгеріс пен толықтыру қосылады. Одан май шыққаны, саланың қисайған ісінің түзелгені шамалы.

Жаңа Бюджеттік кодекс пен жаңа жоспарлау жүйесі табысты жү­зеге асырылса, онда ЖІӨ-ге шақ­қан­дағы бюджет тапшылығы 2026 жы­лы – 2,5 пайыз, 2027 жылы – 2,3 па­­йыз, 2028 жылы – 2,1 па­йызға де­йін төмендейді деген нысаналы көр­сет­кіш белгіленбек. Мемлекеттік бо­рыш ЖІӨ-ге шаққанда 2026 жылы – 28,1 пайыз, 2027 жылы – 29 пайыз, 2028 жылы – 29,9 пайыз бо­лады. Яғни, өседі, бірақ құрдымның қауіп­ті жиегінен біршама алыстау тұрады.

Бұл жерде неге 2026 жыл алын­ған? Жоспар бойынша жаңа Бюд­жеттік кодекс жобасы Мәжіліске 2023 жылдың қыркүйегіне дейін енгізілуі тиіс екен. Жыл соңына де­йін қабылданады деп күтілуде. Елі­міздің бас экономисі Әлібек Қуан­тыровтың командасы жаңа ко­декс­тің күшіне енуі мен оның жаңа­шыл­дықтарының қолданыла бастауы арасында кем дегенде 2 жыл өтпелі кезең керек деп табандап отыр. Ве­домство мемлекеттік жоспарлау жү­йесін жаңа талапқа сәйкестен­діріп, тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылдап үлгеруі үшін осынша уақыт қажет көрінеді. Нә­тижесінде, Қазақстан жоспарлаудың жаңа жүйесіне 2025 жылдың 4-тоқ­санында көше бастайды.

Ғарыштық жылдамдықпен өз­геріп жатқан алмағайып заманда Үкі­меттің жасампаздық танытып, же­дел қимылдау орнына, шабан жү­рістен танбауы таңданыс туғы­зады. Сақ қимылдайтын болар, ақы­рын жүріп, анық басатын шығар десең, отыз жыл бойы аңдап басты, не шықты?

Елдос СЕНБАЙ