Қазақстан Ядролық сынақтарға тыйым салу­дың ұлттық орга­нын та­ғайындайды
Антиядролық қозғалысты жандандырсақ қайтеді?
708
оқылды

Қазақстан Ядролық сынақтарға тыйым салу­дың ұлттық орга­нын та­ғайындайды. Бұл қадам­ның символдық маңызы басым болса керек. Себебі ғалым­дар мен сарапшылар жаһан бойынша осы сала тоқы­рауға ұшырағанын айтып жатыр. Ресей Бела­руське тактикалық ядролық қару беретінін жариялады. Солтүстік Корея атом қаруын таситын жаңа құралды сынады. Украина, Тайвань сияқты тәуел­сіздігінен толық айырылу қаупі төнген елдердің саясаткерлері заңсыз жолмен болса да, ядро­лық қаруға қол жеткізуді ұсынуда. Ал жаһандық антиядролық қозғалыс­тың қазір үні шықпай қалды. Бұл тұйықтан шығудың жолы бар ма?

Ядролық заманақырға 90 секунд қалды. Мұның да сим­волдық мәні бар. «Қиямет күні Сағатының» (Doomsday Clock) тілі 2023 жылдың басында бірден 10 секунд алға жылжыды. Бұл адамзаттың «ядролық түнекке» жақындай түскенін білдіреді. Аталған символикалық сағат ал­ғаш рет 1947 жылы АҚШ-та шы­ғатын Bulletin of the Atomic Scientists атомшы ғалымдар бюлле­тенінің мұқабасында басылды. Содан бері оның тілдері бір се­кундқа да кері жылжыған емес. Тек сәл кідірді. Яғни, ғалымдар жаһандық антиядролық қозға­лыстың жетістіктерін мардымсыз деп бағалап отыр.

Бұл басылымның атауы BAS деп қысқартылатыны белгілі. Бұдан да қазақ тілінде бір сим­волизмді байқауға болады: ядро­лық қаруы бар державалардың бірінің басшысы символдық «ядролық қызыл нүктені» басса, сол сағаттың ұзын тілі «ядролық түн ортасын» («nuclear midnight») көрсетеді, барша адамзаттың басы допша домалайды.

BAS бюллетенінің президенті Рейчел Бронсон биылғы 24 қара­шада Вашингтонда баспасөз кон­ференциясын өткізді. Ядрошы ғалымдардың ортақ тоқтамын жариялаған Бронсон ханым 2023 жылы сағат тілінің 10 секундқа алға жылжуы «ядролық апока­липсиске», 00:00:00 межесіне бар-жоғы 90 секунд қалғанын білдіретінін мәлімдеді. Бұл ше­шімге негізінен Украинадағы со­ғыстың айналасындағы ахуал түрткі болған: «Ресей – Украина арасындағы қарулы қақтығыстың бақылаудан шығып кетіп, ядро­лық соққыға ұласу ықтимал­ды­лығы жоғары болып қалуда».

Бұдан нашар заман тек Кариб дағдарысы кезінде болыпты: сон­да Кеңес одағының көшбасшысы Никита Хрущёв пен АҚШ пр­е­зиденті Джон Кеннеди алдымен дүниежүзілік атом соғысын бас­тай жаздады, соңынан ғаламат саяси ерік пен күш-жігер таны­тып, адамзатты ғаламдық апаттан құтқарып қалды. Әлем тарихында 1962 жылғы 27 қазан пенде атаулы жер бетінен тып-типыл жойы­лудан аман құтылған күн ретінде қалды.

Ал қазіргі күйзелістің немен бітетіні әзірге белгісіз, шиеленіс шырқау шегіне жеткен жоқ, енді ғана ширығып келеді.

 

Тәуелсіздік жауапсыздыққа жат ұғым

Ахуал екі жыл бұрын ушықты. 2021 жылы Ресей АҚШ-пен ара­сындағы Ядролық материалдарды орналастыру жөніндегі келісімді бұзып, одан біржақты түрде шы­ғып кетті. Бұл құжат әлемге бақы­лаусыз таралып кетпеуі, терро­ристік топтардың қолына түсіп, лас бомба жасалмауы үшін ядро­лық материалдарды есепке алуды қарастыратын.

Екі жыл бұрын, 2021 жылғы наурызда РФ үкіметі АҚШ Энер­гетика министрлігі мен «Росатом» арасында сонау 1999 жылы қол қойылған, «РФ аумағындағы ядро­лық материалдардың қозға­лысына» қатысты келісімнің кү­шін тоқтату туралы қаулы қа­былдады. Кремльдің бұл қадамы америкалық сарапшыларды қат­ты тіксінтті. Себебі құжат байы­тылмаған уранды әскери мақ­саттарда пайдалануға тыйым салатын.

«Бұл Кеңес одағы күйрегеннен кейін осы салада бекітілген стра­тегиялық маңызды халықаралық құжаттардың бірі болатын. КСРО ыдыраған соң, одан мұраға қалған ядролық қару мен ядролық мат­е­риалдардың болашағы бұлыңғыр болып кетті. Оларды бақылауға алмаса, лаңкестердің қолынан бір-ақ шығуы мүмкін еді. Проб­леманың шешілуі жолында ал­дымен Қазақстан қадам жасап, өзіне мирас болған ядролық ар­сеналдан құтылды. Оларын Ре­сейге тапсырды. Артынша Бела­русь пен Украина да ядролық жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартты. Сол кезде Ресей Үкі­меті ядролық материалдарын ба­қылауда ұстай алмады, сондық­тан оған Америка көмекке келді. Бұл төтенше маңызды құжат еді, бірақ ол туралы көпшілік біле бер­мейді», – дейді АҚШ Бей­біт­шілік институтының эксперті Дональд Дженсен.

АҚШ пен Ресей арасында жаппай қырып-жою қаруларын және ядролық материалдарды ба­қылау саласында ондаған жыл­дар бойы жолға қойылған бай­ла­ныстар бырт-бырт үзіле бастады.

Вудро Вильсон халықаралық ғылыми орталығының қызметке­рі Уильям Хилл Мәс­кеу­дің аса маңызды халықаралық құжат­тарды жоюының еш негізі, себебі болмағанын айтады.

«РФ басшылығына Владимир Путин келгелі Ресей ұқсас көп­теген халықаралық шарттардан шықты. Путин бұл құжаттардың кесірінен Ресей АҚШ пайдасына өз тәуелсіздігі мен егемендігін құр­бан етті деп босқа жала жапты. Шынында, оның бәрі ядролық алпауыттарды құрықтап ұстауға бағытталған, жауапты болуға илік­тіретін тепе-теңдік және те­жемелік тетігінің ажырамас бө­лік­тері еді. Ресей «Нанн–Лугар бағдарламасы» деген атпен белгілі «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту» бағдарламасының талаптарына негізсіз кінә тағып, 2012 жылдан бері осы бағыттағы келісімдерден біртіндеп шығып жатыр. Соның барлығында Мәскеу Ресейдің еге­мендігін нығайтуды сылтау ете­ді. Бірақ Ресейдің егемендігі оның ядролық қаруды қалаға­нынша, жауапсыз жұмсауын біл­дірсе, онда ядролық державалар ондай қа­руы жоқ жүздеген мем­лекетті ке­пілге алып, адамзатты ақырзаман шыңырауына құла­тады ғой», – деп алаңдайды Уильям Хилл.

Сынақтарға Қазақстан жол бере ме?

Сыныққа сылтау іздеген Кремль бүгінде «егемендігін ны­ғайтуға» енді Украинадағы жан­жалын «жамады». 2023 жылғы 28 ақпанда В.Путин АҚШ-пен ара­сындағы Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы келісімнің күшін тоқтата тұру туралы заңға қол қойды. Бұл – қос мемлекет арасындағы қару-жарақты бақылауға қатысты соң­ғы келісім болатын. Мамандар СНВ-III аталған бұл құжаттың орнын ешқандай келісім баспауы мүмкін екенін ашық айтады.

Осы қадамға баратынын В.Пу­тин алғаш рет биылғы 21 ақ­пандағы ел Парламентіне жолда­уында жариялады. Мәскеу қожа­йыны НАТО елдеріне доқ көр­сетіп, «РФ 32 жыл бұрын доға­рыл­ған ядролық қаруды сынау тә­жірибесіне қайта оралуы мүм­кін екенін» ескертті. Бұл мә­лім­деме қазақстандық сарапшы­лар­дың төбе шашын тік тұрғызды. Себебі Кеңес заманында ядролық сынақтар қазақ жерінде, негізінен Семей, Азғыр ядролық поли­гон­дарында сыналды. Қазіргі уа­қытта РФ Қазақстандағы бірқатар әскери полигондарды жалға алып отыр. Мысалы, осыдан үш күн бұрын Ресей қазақстандық Са­рышаған полигонында өзінің континентаралық баллистикалық зымыранын жарды. Бұл зымыран қажет болса, ядролық оқтұмсық­пен жабдықтала алады.

Бірақ қазақстандық ядрошы физик Сергей Кислицын екі ел арасында Қазақстанда ядролық қаруды сынау туралы келісімнің жоқтығын, онсыз сынақ жүргізуге жол берілмейтінін айтады. Бұған қоса, Қазақстан Президентінің жарлығымен 90-шы жылдардан бері Қазақстанда ядролық қаруды сынауға қатаң тыйым салынған.

Ал Стратегиялық шабуыл қа­руларын қысқарту және шектеу туралы келісім АҚШ пен РФ ара­сында 2010 жылы бекітілді және 2021 жылы ұзартылды. Ол 2026 жылға дейін күшінде болуға тиіс еді. Оған сәйкес, Ресей де, Аме­рика да стратегиялық ядролық күштерінің соққыға дайын болуы үшін өрістетілген континен­т­а­ра­лық баллистикалық зымыран­дарының санын 700 бірліктен, оларға арналған қолдануға дайын оқтұмсықтар санын – 1 550 бір­ліктен, ал осындай зымырандар ұшыратын қондырғылар санын – 800-ден асырмауға міндеттеме алған. Тараптар ядролық зымы­рандар базаларында, сүңгуір қа­йықтарда және авиациялық базаларда бірлескен инспекция жүргізуге келіскен-тін.

Бүгінде бұл уағдалас­тықтар­дың да бұзылған жайы бар.

В.Путин ядролық оқ-дәрі­лердің жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты АҚШ-та 1990 жылы доғарылған ядролық қару сынағын қайта жандандыру туралы пікірталас жүріп жат­қанын алға тартты.

«Осыған орай РФ қорғаныс министрлігі мен «Росатом» ре­сейлік ядролық қарудың сынағын қамтамасыз етуге дайындықты бастауы қажет. Біз әрине, сы­нақты бірінші болып бастамай­мыз. Бірақ егер АҚШ ядролық сынақ өткізсе, біз де дереу сынақ өткіземіз», – деді РФ басшысы.

Ол жаппай қырып-жою қа­руларын тежеуге қатысты бұ­рын­ғы келісімдердің бәрі «принципті түрде басқа жағдайда, өзара се­німді нығайту және шиеленісті төмендету аясында» қабылдан­ғанын, енді оның бәрі тарихтың еншісінде қалғанын, Мәскеу мен Уашингтонның қайтадан бірін-бірі қарсылас санайтынын айтып, дәйектеуге тырысты. Шынында, Мәскеу тәуелсіз Украинаны ба­сып алуға ұмтылып, соғыс аш­па­ғанда, ядролық соғыс тақырыбы күн тәртібіне шықпас еді.

Антиядролық қозғалыстың жанданғаны жөн

В.Путин Стратегиялық ша­буыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы келісімнен (СНВ-III) шығуға Ресейдің Энгельстегі ядролық соққы беруге арналған стратегиялық авиабазаларына Украинаның шабуыл жасағанын сылтау етті. Себебі оның байла­мынша, бұл «тікелей Батыс кө­мегімен жүзеге асырылыпты-мыс». Алайда оған Украинаның шабуылдағаны да дәлелденбеді. Белгісіз бір шағындау дрондар ұшып барып жарылған. Украи­на оған қатысы барын ресми растамады.

Мұнымен тоқтамаған Мәскеу жағдайды ары қарай ушықтырды. Владимир Путин биылғы 25 нау­рызда Ресейдің Беларусьте так­тикалық ядролық қаруды орна­ластыратынын жария етті. Әрине, Кремль зілді мәлімдемесін іске асыруға әзірге кіріскен жоқ. Де­генмен халықаралық сарапшылар бұл мәлімдеменің және ниеттің өзі өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарынан жолға қойылған ядро­лық қаруды таратпау режиміне тікелей қайшы келетінін айтады.

В.Путин осыған қатысты Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен уағдаластыққа келгенін жеткізді. Мәскеу бас­шы­сы бұл қадамның «ядролық қаруды таратпау режимін бұз­байтынына» сендіріп бақты: се­бебі Минск ядролық заряд­тар­ды қалағанынша қолдана алмай­тын көрінеді. Беларусь жерінде орна­ластырылатын ядролық зымы­рандардың барлық тізгіні Кремль­дің қолында қалады.

Сонымен бірге Путин бе­ларустік 10 әскери ұшақтың так­ти­калық ядролық қаруды қолдану үшін қайта жарақталғанын, Минскіге ядролық зарядтарды алып ұшатын «Искандер» зы­мыран кешендері табысталғанын мәлім етті. РФ президенті Бела­русь аумағында биылғы 1 шілдеге дейін тактикалық ядролық қару сақталатын қойманың құрылысы аяқталатынын хабарлады.

Францияның Radio France Internationale халықаралық ра­диоарнасына сұхбатында бела­русь ғалымы, радиациялық хи­мик Сергей Бесараб Беларусь КСРО ыдырағаннан кейін мой­нына алған барлық халықаралық міндеттемесін бұзғанын қаперге салды.

«1993 жылы еліміз ядролық қарудан толығымен бас тартып, Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге ресми түрде қосылды. Яғни, ядролық қарусыз мемле­кетке айналды. Қазіргі кезде ке­лісімді түбегейлі бұзатын қа­дам­дар жасалып жатыр. Өйткені келісімнің бірінші және екінші баптарына сәйкес, ядролық елдер ядролық қарусыз мемлекеттерге тікелей немесе жанама түрде ядролық қаруды бермеуге мін­деттеме алды. Тиісінше, Беларусь өз міндеттемесі бойынша бұл қаруды тікелей де, жанама түрде де ала алмайды. Осылайша, Мәс­кеу және Минск шиеленісті өте қуатты түрде эскалациялауға ба­руда», – деді ғалым.

Ол Беларуське ұсынылған «Искандер-М» зымыран кешені ядролық оқтұмсығы бар зымы­ранды 500 шақырымға ұшыра алатынын еске салды. Ендеше, Польшаның астанасы Варшаваға немесе Литваның бас қаласы Вильнюске дейін жетіп, ядролық соққы бере алады. Осы елдер НАТО-ға мүше, тиісінше, Альянс оларды заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен қамтамасыз етуде.

Бірақ, С.Бесарабтың түсінді­руінше, Искандерлердің әскери ядролық бөліктері өзін-өзі жару режимімен (режим самоподрыва) жабдықталған. Сондықтан егер ұшып бара жатқан зымыранның бүтіндігіне зақым келсе, немесе оны зымыранға қарсы кешендер қағып түссе онда осы өзіндік жару жүйесі іске қосылады. Ға­лым мұны да «ең нашар сценарий» деп атады: онда әуеде ядролық жарылыс болады, айнала өзен-көлдер, ормандар, қалалар және басқасы ластанады.

Сарапшының байламынша, егер 1 шілдеде Беларустегі ядро­лық оқтұмсықтар сақтау қойма­сын жөндеу аяқталып, Ресейдің осы қаруды Беларуське жеткізгені анықталса, онда Батыс та ядро­лық тактикалық қаруды Украи­наға және Тайваньға жеткізе ала­ды. Одан ары әлем ядролық шыңырауға құлауы мүмкін. Се­бебі содан қорғап келген қор­ғанның қабырғалары күйрей бастады.

Қорыта айтқанда, әлемнің стратегиялық тұрақтылығы тепе-теңдігін жойып, теңселіп тұрған жайы бар. Ядролық қаруды тежеп келген келісімдердің бұзылуының өзі өте қауіпті бетбұрыс болатын. Енді, міне, ядролық зарядтарды соғыс қимылдары жүріп жатқан аумаққа жақын орналастыру бағытында практикалық қадам­дар жа­салып жатыр.

Бұл жағдайда антиядро­лық қозғалыстың тым-ты­рыс қалғаны дұрыс емес. «Невада-Семей» халық­ара­лық анти­яд­ролық қозғалы­сының көшбас­шы­сы Олжас Сүлейменов осы тақырыпқа арналған халық­ара­лық ғылы­ми-тәжірибелік кон­ференцияда бұл тұрғыда халық­тық және парламенттік дипло­матияның әлеуетін де кең қол­дануға бола­тынын білдірді. Мәс­кеу мен Ба­тыс арасындағы қақ­тығыс өрті сөндірілмей бұл ба­ғыт­та ілгерілеу қиын көрінеді. Әйт­кенмен, со­ғыстың бітуін кү­тіп, қол қусырып отыра берсе, мұ­­­ның соңы ядро­лық қарудың қолда­нылуымен аяқталуы ықтимал.

Жасыратыны жоқ, жаппай қырып-жою қаруын таратпау қоз­ғалысының лайықты көш­басшысы болған Қазақстанда билік транзиті өткелі бұл тақырып кейінгі орынға сырғыды. Сол себепті мемлекет тарапынан қол­дау болса, антиядролық қозғалыс парламентарийлерді жұмылдыру арқылы осы қызметке жаңа сер­пін беруге дайын. Әзірге жа­һан­дық антиядролық қозғалыс құру мақсатында Қазақстан баста­ма­шы болған, қыруар қаржы шы­ғындалған халықаралық «АТОМ» жобасы мен порталы да 2020 жыл­дан бері қараусыз қалды­рылыпты.

Таяуда ел Үкіметі Энергетика министрлігін Ядролық сынақ­тарға жан-жақты тыйым салу ту­ралы шарт бойынша ұлттық ор­ган ретінде тағайындады. Сон­да бұл орган немен айналысады?

«Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа сәйкес оған қатысушы әрбір мем­лекет ядролық қарудың сынақ жарылысын жасамауға, оның юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы кез келген жерде ядролық жарылысқа тыйым са­луға және оның алдын алуға мін­деттенеді. Шарттың сақта­луын жан-жақты бақылау сейсмика­лық, радионуклидтік және ин­фра­қызыл бақылау саласындағы заманауи технологиялар қолда­нылатын ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт бойынша ұйымға жүктелген. Тексеру режиміне сейсмо­логия­лық, радионуклидтік, гидроа­кус­тикалық және инфрақызыл ба­қылау жүйелері жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ консуль­та­циялық рәсімдер, жергілікті жер­лердегі инспекциялар және қауіпсіздік шараларынан тұратын халықаралық мониторинг жүйесі кіреді», – деп түсіндірді Энер­гетика министрлігі. Яғни, бұл шаралар Қазақстанның өз ішін­дегі шаралармен шектеледі.

Қалай болғанда, адамзатты ақырзаман қаруынан арылтып, ядролық зұлматтан ада әлем құру мақсаты сол бұрынғыдай көкей­кесті, қажетті, өмірлік маңызды болып қалуда. Бұл ретте Қазақ­стан ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты ұйым­дар аясындағы саммиттерде, келіссөздерде Мәскеуді ядролық шоқпарды сілтеп, қоқан-лоққы жасау саясатынан бас тартуға иліктіруге күш салса құба-құп. Әйтпесе, Батыс Ресейге ядролық жауап соққы берсе, оның зияны, залалы мен шаңы Қазақ елін де жауып тынатынын ұмытпаған абзал. Төрткүл дүниеде халық­тар­дың бейбіт қатар өмір сүруі ор­ныққанда ғана, қой үстіне боз­торғай жұмыртқалайтын заман туады. Ол болмаған соң өзара се­німін жоғалтқан ядролық ал­пауыттар ядролық қаруға қарсы жаһандық кепілдіктер мен тетік­терді тығырыққа тіреп отыр.

Айхан ШӘРІП