Астана қаласында IMB орталығы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Энергетика министрлігінің, ірі мұнай-газ операторлары – «Теңізшевройл» ЖШС, Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. қолдауымен еліміздегі мұнай-газ машинасын жасауды дамыту бойынша форум өтті.
Форумның ресми бөлімін ашқан Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов елімізде машина жасау саласының жаңа бағытта дамып жатқанын сөз етті.
– Машина жасау саласы – өте маңызды және өзекті салалардың бірі. Осыны назарға алған Мемлекет басшысының ұсынысымен және үш үлкен мұнай-газ операторы желісінің мұрындық болуымен халықаралық машина жасау орталығы құрылды. Орталықтың мақсаты – жергілікті өндіруші компаниялардың жұмысын қолдау, инвесторларды тарту және халықаралық өндіруші компаниялармен келісім жасау, – деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, мемлекет ішіндегі құндылықтарымызды дамыту күрделі міндет. Бұл жолдағы мақсат – біз ұлттық саяси өнімдерімізді жасап, ұлттық саясаттың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуіміз керек.
«Машина жасау саласын дамытуға ниетті ұйымдардың барлығының белсенділігі маңызды. Мысалы, ауқымды мұнай-газ компаниялары, машина жасау саласының мамандары мен ұйымдары және мемлекеттік органдар. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен машина жасау саласын дамытуға кешенді жоспар дайындалып жатыр. Сондықтан отандық өндірушілер бұл салада біліктілігін көрсетіп, саланы жандандыруға күш салатынына сенеміз», – дейді Алтай Көлгінов.
Шараның ашылуына қатысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан, Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов және Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев форумның сәтті өтуіне тілектерін білдірді.
– Отандық өнеркәсіпті дамытып, шағын және орта бизнесті қолдау – халықтың әл-ауқатын арттырудың кілті. Импортты алмастыруға қауқарлы отандық өндірушілерді осы бағыттағы жұмысқа барынша тартып, жаңа жобаларды құру мен іске асыру мәселесін пысықтау қажет. Қазір министрлік отандық өндірушілердің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растау кезінде сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу мәселесін қарастырып жатыр, – деген вице-министр Иран Шархан басым бағыттағы тауарлар мен өндірісті локализациялау бойынша жұмысты одан әрі нығайту үшін жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін бағалап, тізімін жасауда жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығы зор екенін жеткізді.
Форумға мұнай-газ саласындағы қазақстандық компаниялар және олармен бірлесіп жұмыс істейтін 250-ге жуық шетелдік компания мен шетелдік инвесторлар, машина жасау қауымдастығының өкілі қатысты. Соның аясында ірі мұнай-газ операторлары басшылықтарының, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. Бас директоры Д. Рую, Норт Каспиан Оперейтинг Компаниясының басқарушы директоры О. Лазар және «Теңізшевройл» ЖШС Бас директорының орынбасары К. Сүесінов, Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарының қызметі туралы баяндама жасады.
Оливье Лазардың айтуынша, олардың компаниясы жергілікті жеткізушілерді дамытуға атсалысады.
– Біз бұл саланың дамуына барынша атсалысып жатырмыз. Сол себепті де INB орталығының ақпарат алмасуына қатысып отырмыз. Ондағы міндет – жергілікті жеткізушілерді дамыту, жұмыстың алға басуына көмектесу, – дейді Норт Каспиан Оперейтинг компаниясының басқарушы директоры.
Отандық және халықаралық өндірушілерге, тиісті мемлекеттік органдарға және басқа да мүдделі талаптарға таныстыру мақсатында IMB орталығының бас директоры М. Кәрімов атқарылған іс-шаралардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы толығырақ айтып берді. Айтуынша, мұнай-газ машина жасауды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ірі мұнай-газ жобаларында технологияларды трансферттеуге және өндірістерді оқшаулауға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізуде. Сөйтіп, форум жұмысы мүдделі тараптарды орталықтың IMB қызметінің нәтижелері туралы хабардар етуге бағытталғанын жеткізді.
Іс-шара соңында форумға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, пікір алмасты.
Анар ҚОНЫС