Степногор қаласының жанындағы Ақсу кентінің тұрғындары елді меке­ннің іргесіндегі өндіріс ошақтарының залал-зардабын тартып келе жат­қанын айтып жүргелі талай жылдың жүзі болды
Алтын деп жүріп, уран қоймасын ұмытпайық!
1,689
оқылды

Степногор қаласының жанындағы Ақсу кентінің тұрғындары елді меке­ннің іргесіндегі өндіріс ошақтарының залал-зардабын тартып келе жат­қанын айтып жүргелі талай жылдың жүзі болды. Алтын өндірілетін аймақ­тың бірі – Ақсу кентінде кеңес зама­ны­нан бері Степногор тау-кен химия­лық комбинатының жанындағы уран қал­дық­тары қоймасы орналасқан. Тұр­ғындар «Алтын Алмас» компаниясына тиесілі Котенко карьеріндегі қатты жарылыстардан тұрғын үйлердің қабырғалары қақырап, іргелері сөгілгенін айтады. Бірақ ақсу­лық­тарды үйлерінің құлауынан бұрын уран қалдықтары сақталған қойманың бүліну қаупі алаңдатады.

Әңгіменің әлқиссасын Степногорск тау-кен химиялық кәсіпорнынан бастасақ. Заманында бұл кәсіпорында атом өнер­кәсібін дамыту үшін уран өндірісі қолға алын­ған. Сондықтан Кеңес одағы қаланы құпия әрі жабық күйде ұстады. Шаһарға тек арнайы рұқсат құжат арқылы ғана кіріп-шығатын. Дүниежүзілік ядролық ассо­циацияның мәліметінше, Қазақстанда уран қорының бестен бір бөлігі шоғыр­лан­ған. Оның басым бөлігі Солтүстік Қазақ­стан аймағында орналасыпты. Уран және мыс-молибден өңделетін Степногорск тау-кен химиялық кәсіпорнында пайдалы өнім 0,2 пайызды ғана құраса, қалған 99,8 пайыз қалдық қой­мада жинақтала берген. 1960 жылдар­дан бері жұ­­мыс істейтін алып радиациялық қойма­ның аумағы 732 гек­тарды құрайды. Ондағы уран қалдықт­арының жалпы кө­лемі 50 миллион тон­надан асып жығылған. Ғалым­дар бұл уран қоймасының радиация­лық әсерінің орасан зор зиян келтіретінін айту­дай-ақ айтып келеді. Ал тұрғындар алтын өндіру карь­ерін­дегі жары­лыс­тар мол уран қалды­қтары жи­нал­ған қоймаға қатер төндіре ме деп қауіптенеді.

– Менің осы саланы зерттеп жүргеніме 3 жылдан асты. Алтын өндіру кеніндегі жарылыстар онсыз да Ақсу, Заводской кент­теріндегі экологиялық ахуалды ушық­тыра түс­ті. Салдарынан онкологиялық аурулар көбейді. Ал ең бастысы ради­ация­лық уран қалдықтары қоймасының осы жарылыс­тардың салдарынан бұзылуы әбден мүмкін. Уран қалдықтары қоймасы Котенко карьеріндегі жарылыс болатын аумақтан 500 метр жерде ғана орналасқан. Ал жарылыс болатын жер мен елді меке­ннің арасы бар болғаны 300 метр болып тұр. Бұл тиісті құ­зырлы органдардың тек­серісі кезінде анық­талды. Бекітілген ере­жеге сәй­кес өрескел заңбұзушылық бол­ғаны­мен қоймай, аса ірі апат кез-келген қателіктен туын­дайтыны еске­ріл­мей тұр. Шағы­мы­мызды айтып бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады, бірақ жауапты­лардың әрекеті сылбыр, – дейді Григорий Вингертер есімді Ақсу кентінің тұрғыны.

Жағдайды анықтау мақсатында Ақмола облысы Өнеркәсіптік қауіпсіздік де­пар­таментінің басшысы Ерік Төлеужановпен тілдестік. Департамент басшысы жарылыс­тардан болатын сейсмикалық тербеліс қалыпты межеден аспайтынын жеткізді.

– «Алтын Алмас» компаниялар тобын­дағы жарылыс жұмыстарының уран қал­дық­тары қоймасына қауіпсіз екені анық­талды. Тексерісті тәуелсіз «Mining Research Group» сарапшылары жүргізіп, олар жары­лыс­тардан болатын жер тербелісі рұқсат етілген межеден аспайды деген қорытынды берді. Сондай-ақ департамент «Алтын Ал­мас» АҚ бастамасымен қауіпсіз қашық­тық­ты анықтау үшін 3 сәуір күні құрамында тиісті мекеменің өкілдері кірген комиссия құрды. Аталған комиссия да ешқандай заң бұзу­шы­лықты анықтаған жоқ, – дейді Ерік Қабашұлы.

Өз кезегінде «Алтын Алмас» алтын өн­ді­ру компаниясы да алтын өндіру кезіндегі жарылыстардың қалыпты қауіпсіздік межесінен аспайтынын айтады.

– Ақсу-2 өндіріс алаңындағы барлық жұмыс қатаң түрде бекітілген жобаға сәйкес жүргізіледі. Жарылыс жұмыстары аптасына бір рет жүргізіледі. Әр жары­лыстың сейс­микалық ықпалы өлшенеді. Көрсеткіштер рұқсат етілген шекті межеде болып отыр. Яғни ғимараттарға ешқандай қаупі жоқ. Тұр­ғындардың шағымымен ауа толқыны соқ­қысының да тұрғын үйлер мен ғима­рат­тарға ықпалына да жергілікті атқарушы органдардың, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өкілдерінің қатысуы­мен тексеріс жүргізілген. Бұл тексеріс қорытындысы бо­йын­ша да ешқандай шекті межеден асу бол­мады, – дейді Ақсу-2 өндірістік ала­ңының басшысы Берік Әбелдинов.

Дегенмен тақырыпты зерттеу бары­сын­да ауыл тұрғындарының айтқан уәжін қуаттайтын біршама маңызды фактілерді анықтадық. Мәселен, 2015 жылғы Ақмола облысының қауіпсіздік төлқұжатында уран қалдықтары қоймасында апат болған жағ­дай­да 5 миллион тоннадан астам радиация­лық қалдықтың төгілетіні тайға таңба бас­қандай жазылған.

Ақсу кенті тұрғындарының шағым­дары­­нан кейін тексерістер жүргізіліп, Табиғат про­куратурасының талабымен Ақ­мола облысының өнеркәсіптік қауіпсіз­дік департаменті «Қазақ Алтын» алтын өндіру компаниясына кен өндіру жұмыс­тарының жоспарына өзгерістер енгізуге міндеттеу туралы сотқа талап-арыз берген. Сотқа дейінгі жоспардан тыс тексеріс ба­рысында да Котенко карьері уран қалдық­тары қоймасынан 500-600 метр жерде ғана екені анықталды. 2023 жылдың 1 наурызда өткен Астана қаласының маман­дан­дырылған ау­дан­аралық экономикалық сотының отыры­сында жарылыстардың уран қалдықтары қоймасына тым жақын орналасуынан бо­ла­тын сейсмикалық қауіп ескерілмегені, қойма дамбасы мен ин­же­нерлік комму­ни­кациялардың тұтастығына қауіп төндіретіні расталды. «Қазақ Алтын» компаниясы уран қоймасы орналасқан жерде жарылыс жасау жөніндегі деректерді тау-кен өндіру жұмысы жос­парында көрсетпегені, өнеркәсіптік қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жоспарының 29 бөлігін бұзғаны анықталды.

Сот шешімімен «Қазақ Алтын» ком­па­ниясына Степногор тау-кен химиялық ком­бинатының уран қалдықтары қойма­сы­на тек рұқсат етілген сейсмикалық жүк­темені негізге алып кен өндіру жоспарына өзгерістер енгізуге міндеттелді. Дегенмен сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұдан бөлек, уран қалдықтары қойма­сының орналастыру кезінде Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдың 25 тамызында №ДСМ-90 бұйрығымен бекіткен радиа­циялық қауіпті нысандарға санитар­лық-эпидемиологиялық талаптарды да өрескел бұзылғаны белгілі болды. СЭС талабына сәйкес азаматтық және өнер­кәсіп­тік ны­сан­дар уран қалдықтары қоймасынан 1000 метр және одан алыста орналасуы тиіс­ті екені жазылған. Сондай-ақ радиа­циялық аймақта елді мекендер, ауруханалар, өнеркәсіп ғимараттарын салуға рұқсат етіл­мейді.

Біз жағдайды одан әрі анықтамақ болып Ақмола облысы әкімдігінің Денсаулық сақ­тау басқармасынан өңірдегі онкологиялық аурулар бойынша көрсеткішті сұратқан едік. Басқарманың мәліметінше, өңірде онко­логиялық аурулар деңгейі аса жоғары. Атап айтқанда, 2021 жылы Степногор қаласы бойынша 143 адамның, 2022 жылы 160 адамның онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталған. Яғни орташа есеппен 2021 жылы 100 мың адамға шақ­қанда 226 адам, 2022 жылы 232 адам онко­логиялық ауруға ұшыраған. Әрине, оқырманның көкейінде көрсеткіштердің әртүрлі болуы күдік туғызуы мүмкін. Мәселені түсіндірер болсақ соңғы мәліметтер 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш. Яғни статистика. Ал степногорскіде 47 мың адам тұрады. Демек,қалада бір жыл ішінде онкологиялық сырқатқа шалдыққан 160 адамның анық­талуы алаңдатарлық жағдай. Степ­ногор қалалық «Viamedis» ауру­ханасының мәлі­метінше, тек Ақсу кенті бойынша ғана 35 адам тыныс жолдары дертіне шалдыққан, сондай-ақ 339 адам жүрек-қантамырлары және 246 адам артериалды гипертония ауруы бойынша есепке алынған. Онко­логия­лық аурулардан болған өлім көрсет­кіші де жаға ұстатады. 2021 жылы 55 адам қайтыс болса, 2022 жылы 65 адамды дәл осы дерт дендеп, о дүниеге аттанған. Салыс­­тыр­малы түрде айтсақ, Қорғалжын ауданында 2021 жылы 8 адам, 2022 жылы 9 адам онко­логиялық дертке шалдыққан.

Біз жарылыстардың ықпалы қанша­лық­ты қауіпті болуы мүмкін екені жөнінде Алматы қаласындағы ядролық физика институты мамандарынан білмек болдық. Институт ғалымдары радиациялық қауіп­тің жоғары екенін жоққа шығармады. Сон­дай-ақ қауіп деңгейін нақтырақ анық­тау үшін зерттеу жүргізу қажеттігін жеткізді.

«Атом энергиясы туралы» заңның 10-бабында, Денсаулық сақтау министрінің «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің санитарлық-эпидемиологиялық талаптары» бұйрығында, «Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламентінің 3 бабында және Энергетика министрінің 2017 жылдың 20 ақпаны №58 бұйрығымен бекітілген апат болуы мүмкін жағдайларда қоршаған орта және халыққа радиациялық қауіп дәрежесі бойынша атом энергиясын қолдану нысаны радиа­ция­лық қауіпті санатта деп сипатталады. «Радиа­циялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге санитарлық-эпидемиологиялық талап­тар» санитарлық ережесінің 25-ба­бына сәйкес радиациялық нысандардың санаты оларды жобалау кезінде бекітіледі. Ал қолданыстағы радиациялық нысандарды сол нысан әкімшілігі бекітіп, атом энергиясын қолдану саласындағы өкілетті орган және оның аумақтық бөлімдерімен келісіледі. Радиациялық нысандардың әлеуетті радиациялық қаупін анықтау критерийлері 3 санат бойынша зерделенеді. Жел эро­зиясы, топырақ су­ла­ры арқылы радио­нуклидттердің тара­луына зерттеу жүргізу қажет. Мұндай жұ­мыс­тарды ядролық физика мамандары Ақтау қаласының жанындағы Қашқарата уран қалдықтары қоймасында жүргізген. Онда радио­нук­лидттердің түрлі таралу жолдары есебінен қауіп анықталып, оның таралуын жою ша­ралары ұсынылған», дейді Алматы ядро­лық физика институты жолда­ған ресми жауа­бында.

Қысқасы, бір жағынан алып радиа­циялық қаупі жоғары уран қалдықтарының қоймасы, екінші жағынан алтын өндіру үшін жарылыстар болып жатқан Ақсу кентінің тұрғындарының алаңдайтын жөні бар сияқты. 2013 жылдың 18 маусымында Ресейдің Бачатское техногендік жер сілкінісі болып үлкен апат болғаны рас. Қауіптің алдын алып, тиісті құзырлы ор­гандар мен мамандар тиісті түрде толықтай тексеріс жүргізгені жөн сияқты.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы