Жетісу жерінде мыңдаған гектар кәдеге аспай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар екендігі анықталыпты
Жолды жапқандар жайылым сұрайды
1,069
оқылды

Мемлекет басшысының жерді тиімді пайдалану үшін түгендеу жүргізу, жылдар бойы қараусыз қалған ауыл шаруашылығы телімдерін мемлекетке қайтарып, халыққа беру туралы тапсырмасынан кейін барлық облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізілді.

Өткен жылы қолға алынған осындай жұмыстар барысында Жетісу жерінде мыңдаған гектар кәдеге аспай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар екендігі анықталыпты. Жер ресурстарын басқару депар­таментінің мәліметінше, облыс бойынша аэроғарыштық зерттеу­лер нәтижесінде ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы 857,2 мың гектар жердің мүлде кәдеге аспай жатқаны анықталыпты. 4 166 адам иелік етіп отырған осыншама жер не егістікке, не жайылымға пай­даланылмай, жер иеленушілерге де, егіншілерге немесе жайылым таппай тентіреп жүрген жұртқа да пайда әкелместен, мүлде қараусыз қалған. Соған қарағанда, қожа­йын­дардың да жерді игеруге ша­ма­сы келмейді. Мүмкіндігі жет­пейтіндігіне қарамастан, кезінде заңды, заңсыз жолмен жекесіне шығарып алған жерді басқаларға да қимайды.

Қазір Жетісу облысында жайы­лым мәселесі өте күрделі. Халқы­ның басым бөлігі ауылда жерде тұра­тын өңірде тұрғындардың негізгі күнкөрісі төр түлікке тіреліп тұр. Аяқты малға жазда өріс, қыста жемшөп керек. Ал ауылдар маңын­дағы жайылым жерлердің барлы­ғына жуығы жекенің қолында. Кейбір елді мекендегілер күн жылысымен қауымдасып, малын жайлауға жіберіп жатады. Алайда бүгінде иен жайлаудың да көбі жеке­меншікке өтіп кеткен. Ауыл­дан шалғайдағы жайылымға мал апару өз алдына үлкен мәселе. Бірер жыл бұрын жекеменшік жері арқылы малды айдап өтуге рұқсат бермеген шаруа қожалығының иесімен халық арасында үлкен дау-дамай болғаны да есімізде. Осы орайда жоғарыда Жетісу облысы бойынша пайдаланылмай жатқан 857,2 мың гектар жердің тең жары­мына жуығы немесе 401,7 мың гектары жайылым екені де біраз нәрсені аңғартса керек. Соның ішінде Талдықорған қаласының іргесінде орналасқан аудандарда жайылым мәселесі аса өзекті. Күні кеше Көксу ауданында аяқты малын бағып барар жер, басар тау таппаған Жамбыл ауылының тұрғын­дары тайлы-тұяғымен күре жолға шығып, Алматы – Талды­қорған трассасын жапты. Бұған дейін жұрттың жайылым жайлы айтқан арыз-шағымдарын жүре тыңдап, аудан бойынша 191 субъектіге тиесілі пайдаланылмай жатқан 61,8 мың гектар жайылым болғанына қарамастан, азулы алпауыттармен алысқылары келмеген аудан басшылары оқиға орнына дереу жетіп, ашынған тұрғындардың арынын әупірімдеп жүріп, әрең басты.

Аудан әкімі Марлен Көлбаев бастаған атқамінерлер сол жерде жұртшылықпен ашық әңгіме құрды, ақылдасты. Мәселенің жай-жапсарына үңілді. Олардың айтуынша, қазіргі кезде ауылдағы­лардың жеке аулаларында тіркел­ген ауылшаруашылық жануар­лары­ның аналық басына шаққан­дағы санына қажетті ортақ пайда­ланудағы жайылым көлемі арты­ғы­­мен жеткілікті. Аудан әкімдігі­мен қосымша жерлер де белгі­ленген. Бүгін Жамбыл ауылындағы тұрғындар аулаларында 272 бас мүйізді ірі қара, 855 бас қой-ешкі және 22 бас жылқы болса, әр түліктің аналық басына шаққан­дағы қажетті ортақ пайдаланудағы жайылым көлемі 1 420 гектар екен. Ал жалпы ауылға белгіленген жайылымның аумағы – 3 044 гектар. Бұл – әкімдіктің анықтауы бойынша. Бірақ жұртшылық мұны жоққа шығарады. Қалай болғанда да, жайылым жерді барлық тарапқа тиімді пайдалануда өзара түсін­бестіктер бар. Сол жерде Жамбыл ауылы тұрғындарының атынан сөз алған белсенді топ өздерінің та­лап­тарын қойды. «Бірінші кезекте мал басына қайтадан нақты санақ жүргізіліп, қолдағы төрт-түліктің жайылымы үшін қажетті жерлер қайта қарастырылсын. Жұртпен ақылдаспастан, келіспестен, бұрын жайылым ретінде пайда­ланы­лып келген жерлерге соқа салып, егістікке айналдыру тоқта­тылсын. Қажет болған жағдайда мемлекет меншігіне қайтарылып, халықтың ортақ жайылымы ретін­де бекітілсін. Суат мәселесі де күр­делі күйде. Су көздері де халық­тың ортақ игілігіне пайдаланылуға тиістілігі ескерілсін» деген нақты талаптарын көлденең тартқан соң аудан әкімі арнайы жұмыс ко­миссиясы құрылып, бірер күнде мәселені заң аясында қарастырып, барлық тарапқа тиімді жағдайда ше­шуге уәде беріп, оның орын­далуын өзі бақылайтынын айтқан еді.

Аудан әкімдігіндегілердің ха­бар­лауынша, қазір ауыл тұрғын­дары мен жер иелері арасындағы түсінбестіктің түйіні тарқа­ты­лыпты. Халық наразылығынан соң ауылдың белсенділері, сол елді ме­кен маңындағы жерлердің ба­сым бөлігінің меншік иесі, кә­сіпкер С.Ержұманов пен аудандағы атқарушы билік өкілдері, жерге қатысы бар салалардың мамандары жиналып, жайылымдарды аралап, бұлақтың басына барып, жағдайды өз көздерімен көріп, ортақ шешімге келіпті. Анықталғаны – Жамбыл ауылы тұрғындарының қолындағы мал санына артығымен жететін жайылым бар. Мұндағы негізгі мәселе, сол жайылымдар денінің мал жаюға ыңғайсыздығы мен суатқа қатысты туындаған.

Аудан әкімі Марлен Көлбаев аймақта бұған дейін жерге қатысты ешқандай дау-дамай болмағанын айтады.

«Лабасы ауылдық округінде Жам­был, Мәмбет, Еңбекшіқазақ және Талапты елді мекендері орна­ласқан. Осылардың барлығына ортақ 122 370 гектар жер бар. Оның 113 503 гектары жайылым.

Бұған дейін жерге қатысты ешқандай дау-дамай болмаған еді. Биыл Жамбыл ауылы маңындағы жерлердің басым бөлігінің иесі Ержұманов пен тұрғындар арасында түсініспеушілік туын­дады. Бұл 1 386 гектар кәсіпкерге 2005 жылы заң аясында өткізілген конкурс бойынша 2017 жылы тағы 200 гектар жер беріліпті. Ол мал шаруашылығымен айна­лысады. Барлығы белгіленген мөлшер­лемелерге сәйкес. Бір ғана мәселе жемшөп жетіспейтін көрінеді. Сондықтан өзінің меншігіндегі жердің 200 гектарына арпа екпек болған. Тұрғындар ауыл маңын­да­ғы бұрын жайылым ретінде пайда­ланылып келген алқапқа соқа түс­келі жатқанын көрген соң ай­қай-шу шығарған.

Барлығын саралай келе, ортақ мәмілеге келдік. Кәсіпкер жайы­лымға қатысты дауға себеп болған жердің нақты шекарасы белгі­ленгеннен кейін ауылға қажетті бөлігін қайтарады. Қайнардан алынатын судан мал суаруға арнал­ған арнайы суат жабдықтап береді. Алдағы сенбіде тұрғын­дармен бірге барып, бұлақты тазалауға келістік. Барлығы заң аясында реттеліп, құжаттар рә­сім­делгеннен кейін мәселе түбегейлі шешіледі», – дейді аудан әкімі.

Болат Абаған,

Жетісу облысы