Риддер жылу электр орталығында қазандықтарды қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр.
«AMANAT»: Риддерді жылумен қамту мәселесін талқылады
1,706
оқылды

«Риддер» жылу электр орталығының мәселесі партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралды. 

«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.

Партиялық бақылау комиссиясының отырысында жергілікті атқарушы органдардың Глубокое ауданының Предгорное ауылы мен Белоусовка кентін сумен жабдықтау және Риддер қаласын жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмысын қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмысы қаралды.

 

Себебі өткен қыста осы елдімекендерде аталған мәселелер бойынша тұрғындар тарапынан арыз шағымдар көп түсіп, тіпті Риддер қаласының қысқы жылыту маусымына дайын болмауы және жылыту қазандықтарындағы болған апаттар қоғамда үлкен дау тудырған болатын.

«Қыстың қамын жазда ойла» деген халқымызда жақсы сөз бар. Баршаңызға белгілі өткен қыстағы Риддер қаласындағы бірнеше рет қайталанған жылыту қазандығындағы келеңсіз жағдайлар алдағы жылыту кезеңінде қайталанбас үшін, ерте қамдану маңызды. Сондықтан, осы саладағы жұмысты жүйелі атқару қажет», – деді «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Таумұрат Лұқпанов.

Қазіргі уақытта Риддер жылу электр орталығында қазандықтарды қалпына келтіру жұмысын жүргізу көзделуде.

 

«Алдағы жылыту кезеңі басталғанға дейін жөндеу жұмысын толықтай аяқтау жолдарын қарастырып жатырмыз. Қала тұрғындарын жылумен қамту үшін барлық жағдайды қарастырамыз, олқылықтар жойылады», – деді Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой.

Сонымен қатар жиынға қатысқан комиссия мүшелері Партиялық бақылауды ұйымдастыру және партияішілік тәртіпті нығайту жөніндегі партияның Глубокое және Риддер аумақтық филиалдарының жұмысы бойынша аумақтық филиал басшыларының баяндамасын тыңдады.