Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова Саты ауылындағы оқушылар өлімінің қалай болғанын мәлімдеді.
«Кеуде соққысынан қайтыс болған»: Саты ауылындағы 2 оқушы өлімінің мән-жайы айтылды
2,006
оқылды

Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова Саты ауылындағы оқушылар өлімінің қалай болғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды BAQ.KZ

«Кеген ауданының Саты ауылында соңғы екі күнде өте қайғылы оқиға болды. 10 және 11-сынып оқушылары арасында 11 сәуірде түнгі сағат 23:00 шамасында оқыс оқиға болды. Кәмелет жасқа толмаған 11-сынып оқушысы 10-сыныптың бір топ баласын өзен жағасына шақырып, кеуделерінен соққан. Салдарынан 10-сынып оқушысы есінен танып құлап, сол жерде қайтыс болған», – дейді ол.

Айтуынша, құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

«Жасөспірім қазасының себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті 7, 8, 9-сыныпта Талдықорған қаласындағы Ж. Үшкемпіров атындағы спорт білім интернатында білім алған. Отбасындағы жағдайға байланысты қайтып келген», – деп айтты Гүлсара Исағұлова.

Ол берген мәлімет бойынша, қазір күдікті бала үйқамаққа шығарылған.

«Сотқа дейін 10 сәуір түнгі сағат он екі шамасында Саты ауылындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы мал қорада асылып қайтыс болған. Ол телеарнадан сыныптасының қайтыс болғаны туралы хабарды көреді де, аулаға шығып, әкесіне «малға шөп салып келемін» дейді. Кейін баласы кешіккеннен кейін анасы артынан шығып, оның асылып қалғанын көреді», – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, қайтыс болған екі жасөспірім де толық отбасының балалары. Екеуі де лицейде жақсы оқыған.