Атырауда жайылым жер проб­лема­сы өткір тұр. Шаруалар мал жая­тын жердің тапшылығына на­разы.
Жайылым жер тапшы
1,621
оқылды

Жақында ғана Индер ауданында тұрғындар жайылым жердің жетіспеуіне байланысты митингке шықты. Есбол, Өрлік ауылының тұрғындары мал жаятын жердің жылдан-жылға азайып бара жатқанына наразы. Тұрғындар «Слава» шаруа қожалығына Өрлік ауылы маңынан жер учаскесі берілгеніне қарсы шығып, соңында жергілікті әкімдік бұл қожалыққа басқа аумақтан жер берді. 

«Мал жаятын жайылымдар азайып барады. Егіс үшін пайдаланылған жер учас­келері қалпына келтірілмейді. Пай­да­ланушылар жерді қалай болса, солай қал­дырып жатыр. Сондықтан бұл учаскелерді пайдаланған фермерлерден сұраныс болуы керек. Жердің сұрауы кімнен?» – дейді тұрғындар. 

 Бұл мәселе осылай шешілгендей болды. Бірақ мал шаруашылығымен бірге, егін шаруашылығы да қатар жүретінін ескерсек, бұл мәселе бүгін Индерде болса, ертең Қызылқоға, әрі қарай Махамбет, Исатай аудандарында жалғаспайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

 Ендеше әлемде территориясы жағы­нан тоғызыншы орында, посткеңестік ел­дер арасында жер көлемі жөнінен екінші орында тұрған қазақ даласында неге жайы­лым жер қат болып жатыр? Атырау жайылым жер тапшылығы проблемасын қалай шешуі керек? Біз бұл сұрақтарды ауыл шаруашылығы ғылымдарының док­торы, профессор Бақтыбек Таубаевқа қо­йып көрдік. 

Ғалым Атыраудағы жайылым жер тап­шылығын жоюға кешенді және нақты қадамдар жетіспей жатқанын айтты.

«Өзгермейтін шындық бар. Қазақстан – аграрлы ел. Ықылым заманнан мал ша­руа­шылығымен айналысу мәдениеті қанымызға сіңіп кеткен. Яғни, Қазақстан алда­ғы уақытта да агросекторды дамыта беруге міндетті. Осы тұрғыдан келгенде, Атырау ғана емес, тұтас елімізде жайылым жерді ұтымды пайдаланудың нақты меха­низмдері керек», – дейді ғалым Бақтыбек Таубаев. 

Спикердің айтуынша, Атырау облы­сында 11 млн гектар жер болса, оның 7,8 млн гектардан астамы жайылым жер. Рас, облыстағы жайылым жердің жартысынан көбі сортаң, тұзды келеді. Бірақ бұл ол жер мал жаюға жарамсыз деген сөз емес. 

«Малды барлық жерге жаюға болады. Еділ мен Жайық, Жем мен Каспий, Тайсойған жерлері – құмдық жайылымдар. Зерт­теулер малдың жылдық қажетті жем­шөбі­нің 80 пайызға жуығы жайылымнан алынатынын көрсетіп отыр. Нарынның өзінде 731 түрлі шөп түрі бар. Сондықтан бізге жайылымдарды ғылыми негізде пайдалануды үйрену керек», – дейді ға­лым. 

Ғалым жайылым жерді тиімді қол­данудың үш әдісін ұсынып отыр. «Бірінші­ден, жайылым маусымына қарай қолдану. Яғни, мал жаятын жерді ауыстырып отыру. Күздік, көктемгі, жазғы жайылымдар деп, аумақтарды мақсатты түрде бөлу қажет. Екіншіден, жайылым жерді жақсарту, яғни қолдан шөп егу арқылы құнарлығын арттыру қажет. Онда да Атыраудың таби­ғатына бейімделген шөп егуді қолға алу керек. Үшіншіден, шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооперация құру керек», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев.

Парламентте агросалаға байланысты бірқатар заңдар қабылданды. Бірақ заңда жайылым жерлерге малды орналастыру, жайылым құнарлылығын арттыру мақсат­тары­на қатысты нақты механизм көрсе­тілмеген. Механизм болмаса да, жергілікті билік, тиісті органдар осы мәселені ше­шуге жұмыстануы керек. 

«Айталық, Атырау облысында 600 мың қой бар. Оның 90 пайызы жекеменшік. Бұл малдардың барлығы, ашығын айтқан­да жеке қорада тұр. Қойлар таңертең жа­йы­лымға шығады, кешке қораға қамалады. Осы жағдайдан кейін, әрине, ауылдың айналасында жайылатын шөп қалмайды. Мал құмды жайылымға жайылуы керек. Оны бақылайтын жастардың бәрі қалаға кет­ті. Ауыл маңындағы жайылым жердің кү­тімсіз қалып отыруының себебі осы»,– дейді ғалым. 

Ғалымның пайымдауынша, жайы­лым­ды ауыспалы етіп пайдалану тетігін іске қосу өте өзекті. 

«Жайылым жерді қолдан тыңайту – жердің құнарлылығын жоймайды. Шөп көктемде өседі, гүлдейді, тұқым береді, тұқым жерге шашылады. Келесі жылы тұ­қым шашылған жерге шөп өседі. Осындай табиғи процесс кезінде ол жерді таптамау керек», – дейді ғалым.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Америка экономикасына серпін беріп отырған басты сектор – шағын және орта бизнес. Бұл сектор жеке кәсіпкерлер, кәсіпорындар, шаруа қожалықтарынан тұрады.

Енді қараңыз, Атырау облысы бойын­ша 3200 шаруа қожалығы тіркелген. Іс жүзінде оның 2000-ы ғана жұмыс жасап тұр. Бірақ сол қожалықтардың көпші­лігінде іс тетігін білетін маман жоқ. 

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жайылым жер­лердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылып отырғанын, қалған 64 пайызының бос жатқанын айтты. Неге? Себебі өркениетті елдердегідей, біздің елімізге де жайылым жөнінде кадрлар керек. 

«Қазір біздің қожалықтар 100 жылқы, 100 қойымен шағын жерде бөлек отыр­ғанды жақсы көреді. Бірақ мұндай шешім­нің болашағы жоқ. Ауыл шаруашылығын өркендетіп, қазіргі проблемаларды шешеміз десек, кооперациялар құруымыз қажет. Кооперациялар агросектордағы еңбек өнімділігін арттыруға, салаға жаңа технология әкелуге, жайылым, су тапшы­лығы мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл мал шаруашылығы ғана емес, егін саласына да қатысты», – дейді Бақты­бек Таубаев. 

Ғалымның сөзінің жаны бар. Осыдан үш жыл бұрын сөз басында айтқан Индер ауданының Жарсуат ауылында он шақты сиыр өлімі тіркелді. Кейін сиырлардың өліміне үсіген пияздың себеп болғаны анық­талды. 

Бұл жерде шығатын қорытынды – агросекторға технологияны меңгерген ма­­мандар ауадай қажет. Одан әрі су мәсе­лесін шешу – өзекті. Қосымша су қойма­ларын орнатуды, геоботаникалық зерттеу­лер, жерасты суына геологиялық тұрғыда зерттеулер жүргізуді қолға алып, нәтижеге жұмыс істейтін болсақ, агросектордың қан тамырына адреналин келетін күн алыс емес. 

Баян ЖАНҰЗАҚ