Түркістан облысы Төрткөл ауылынының жұрты кісі қолынан қаза тапты делінген Аружан Орынбаеваны соңғы сапарға шығарып салды. Бір апта бұрын ауылдағы каналдан 9-сыныпта оқитын өрімдей қыздың денесі табылған болатын. Полицейлердің айтуынша, Аружанды пышақтап, денесін суға лақтырды деген күдікпен сол ауылдағы жоғары сыныптың оқушысы қамауға алынған, – деп хабарлады "Информбюро" бағдарламасы.
Бірақ марқұмның туыстары күдікті жалғыз емес дейді. Олар Аружанның өліміне өзінің тағы біраз қатарластарының қатысы бар деген ойда. Кісі қолынан қаза тапты деген Аружанның өлімінен соң әулеті аза тұтып отыр.
Әкесі мен шешесі жырақ жерде жұмыс істегендіктен, Аружан бірер жылдан бері атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған. Тәртібі мен сабағы жақсы деп бағаланған жасөспірім соңғы кезде анасынан жиі ақша сұраған. Қазір туыстары бір түнде қыздарынан айырылып қалғанына сене алар емес.
«Көкірегінің астына пышақ тыққан. Екі рет пышақ тыққан. Содан кейін қолдарын кесіп тастаған. Тамырдан кесіп тастаған. Сөйтіп, судан тауып алды ғой, суға лақтырып жіберген», – дейді марқұм Аружан Орынбаеваның анасы Динара Селқараева.
Аружан 9-сыныпты бітірген соң ата-анасы оны Астанадағы колледжде оқытуды жоспарлаған екен. Бірақ ол күнге жетпедік деп қайғыдан қан жұтып отыр. Анасының айтуынша, Аружанның өліміне тағы бір жігіттің қатысы болуы мүмкін. Ол қызының сыныптас құрбысының ағасы. Көрші мектепті бітіріп кеткен сол жігіттен үйдегілер түгел күдіктенеді дейді. Сөздерінше, бұл жігіт те, қамауға алынған оқушы да жасөспірім қызға сөз салып жүрген.
«Сол үйдегілер бұл бала кеше жаназада жүрді деп айтып жатыр. Аружанды шығарып салған кезде жүрді. Мына жақтағы судың қасында болған. Өлтірген жерді сумен жуған біреу, бәрін тазалап тастаған», – дейді марқұм Аружан Орынбаеваның анасы Динара Селқараева.
Туыстары Аружан үй артындағы канал маңында қайтыс болған дейді. Аружанның қас қарая телефонмен сөйлесіп жүргені сол маңайдағы камераға түсіп қалған. Кейіннен оның объективін өрмекшінің ауы торлап, көрінбей қалыпты. Ал таңертең арықтың маңы қанға боялған. Бойжеткеннің денесі канал бойында жасанды бөгеттен табылған.
«Анық әлі не себепті өлтіргенін айтқан жоқ бізге. Белгісіз, жұмбақ болып отыр. Біз әрқайсысымыз әртүрлі нәрсе топшылап отырмыз. Анадан бір әңгіме, мынадан бір әңгіме естіп, өзімізше топшылап жатырмыз. Ал заңды түрде бізге әлі ешқандай ақпарат берілген жоқ»,– дейді марқұм Аружан Орынбаеваның әпкесі Ақмарал Бекманова.
Ал полицейлер бұл іске қатысты әзірге бір ғана күдікті барын айтады.
«Күдікті 11-сынып оқушысы. Ол полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Аталған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі «адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды»,– деді Түркістан облысы Полиция департаменті тергеу бөлімінің бастығы Нұрман Ағманов.
Жаға ұстатар жағдайдан мектеп ұжымы да аң-таң. Педагогтер қайтыс болған қыздың да, оны өлтіруі мүмкін деп ұсталған ұлдың да оғаш әрекеті мен өзара керіскенін көрмегенін айтады. Оның үстіне, ер бала ерегістен бойын аулақ ұстайтын еді деп отыр.
«Төбелеске бармайды бала, қорқақтау. Тіл байлығы зор бала да, тілі бар. Бірақ анадай неге бара алмайды, ол. Қол көтеру, төбелеске бармайды еш уақытта»,– дейді мектеп психологі Ұлайым Әкімбай.
Қалай дегенмен де Аружанның анасы қызын бір ғана оқушы өлтірді дегенге күмәнмен қарайды. Тергеу әділ болса, тағы бірқатар қатарластарының қатысы бар екені анықталатынына сенімді. Аружанды азаптап өлтіргендер заң жүзінде тиісті жазасын алсын деп отыр.