Сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Павлодарда ағасын өлтірген адамға сот үкімі шықты
1,359
оқылды

Павлодар қаласында ағасын өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

Pavlodarnews.kz-тің хабарлауынша, сотталушы кінәсін толық мойындап, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Іс материалына қарағанда, 2022 жылғы 8 қарашада сағат 18.00 шамасында Павлодар қаласында екі ер адам мас болып, Ленин кентіндегі үйлерінде бір-бірімен ұрысып, жанжал шығарған. Сол кезде інісі асүй бөлмесіндегі пышақты алып, диванда жатқан ағасының кеудесінің оң жағына пышақ салған. Осыдан кейін ағасынан қан кетіп, ол сол жатқан жерінде көз жұмған.

"Мойындау айғақтарынан басқа, сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен расталады", – деп хабарлады Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында. 

Сот істі қарап, ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотталушыны кінәлі деп таныды. Ағасын өлтірген адам 8 жылға  бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.