ҚР ҰҚК Шекара қызметі шетелдіктердің жалған құжат пайдалануына қатысты 100-ге жуық дерек анықталғанын мәлімдеді.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекеттік шекараны күзету бойынша күшейтілген жұмыс жалғасып жатыр.
«2023 жылдың басынан бері шетелдік (Үндістан, Нигерия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей) және Қазақстан азаматтары жалған және өзгенің құжатын қолдануының 99 фактісін анықтады. Сондай-ақ шекаралық аймақта 4 238 шекара режимін бұзушы ұсталды, 1,9 млрд теңгеге жақын сомадағы валюта, алтын және басқа тауарлардың тасымалдануына жол берілмеді», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Сонымен қатар қару мен оқ-жарақты өткізудің 66 әрекетінің жолы кесілді. Заңсыз миграцияның 4 арнасы бейтараптандырылып, бұл қылмысқа қатысы бар 6 адам ұсталды.
Ұсталған құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды.