Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес.
Маңғыстауда мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін
1,179
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жиын өтіп жатыр. 

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін жастарды мұнай-газ саласынан басқа да мамандықтарды меңгеруі тиіс екенін айтты. 

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың баяндамасына қатысты Президент жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасау Үкімет пен әкімнің құзырында екенін баса айтты. 

«Жаңаөзенде болған жарылыстың салдарын жою жұмысын тез арада бітіру қажет. Жалпы, Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады.

Батыста, әсіресе, Маңғыстауда, жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет.

Мысалы, бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпараттық технологиялар. Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл үлкен жұмыс. Бұл әкімнің, Үкіметтің құзырында тұрақты түрде болу керек», – деді Президент.