Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал.
Тоқаев: Қазақстанда табыс тауып, шетелде шашудан арылу керек
1,551
оқылды

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жиын өтті. 

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік ахуалын талқылаған жиында бизнесті дамыту мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

«Мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. «Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек. Есесіне, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн.

Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады.

Сонымен қатар, бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген тың күштер қажет», –  деді Президент. 

Бұған дейін осы жиында Оқушылардың қабырғасы балшық пен ағаштан қаланған мектепте оқып жүргені туралы мәселе көтерілген еді.