Бүгінгі кеңесте Президентіміз ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін де ерекше бақылау керектігін айтты.
Мемлекет басшысы Үкіметке «Инвестиция орнына тариф» жаңа тарифтік саясатына көшуді тапсырды – Мәулен Әшімбаев
1,286
оқылды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президенттің кеңесте көтерген мәселелеріне қатысты пікір білдірді. 

"Жиын барысында Президентіміз жуырда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы саяси реформалардың маңызды кезеңі болғанын айтты. Осылайша, билік тармақтарының тепе-теңдігі орнықты. Енді Парламент, жаңадан жасақталған Үкімет, әкімдер және барлық билік органдары әлеуметтік-экономикалық саладағы мәселелерді шешуге бұрынғыдан да баса мән беруі керек.

Осыған орай Мемлекет басшысы бұл бағыттағы бірқатар басымдықты белгілеп берді. Әлеуметтік-экономикалық саясат, ең алдымен, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы қажет. Бүгінде бұл мәселеде инфляция басты кедергі болып отыр.

Соған байланысты Президентіміз инфляцияның монетарлық және монетарлық емес факторларының әсерін азайтуды тапсырды. Бұл ретте күнделікті тауарлардың қымбаттауы өзекті мәселе екені белгілі. Оның себебін анықтау үшін өндірістен сатылымға дейінгі барлық тізбекті жан-жақты қарау қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бағаның күрт өсуімен күресу үшін тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалануды, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу бойынша заманауи инфрақұрылым құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Жалпы, барлық экономикалық саясат экономиканы әртараптандыруға және оқшаулауды ұдайы арттыра отырып отандық өндірісті дамытуға басымдық беруі қажет. Президентіміз атап өткендей, елімізді индустрияландыру саясаты нақты әрі шынайы жүргізілуге тиіс. Ол үшін отандық банктерді ұлттық экономика мен өндірістерге кредит беруге жұмылдыру, бизнес пен инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау өте маңызды.

Сонымен қатар елімізге әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі болатын жаңа Салық саясаты керек. Ол қосылған құны жоғары өнім өндірісіне салынатын инвестицияларды қолдауға және технологиялық экспортты ынталандыруға бағытталғаны жөн.

Экономикалық өсудің тағы бір маңызды шарты энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту екені анық. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке «Инвестиция орнына тариф» жаңа тарифтік саясатына көшуді тапсырды.

Бүгінгі кеңесте Президентіміз ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін де ерекше бақылау керектігін айтты. Бұл ретте экономикалық саясатты іске асыру және инвестициялар тарту үшін әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі.

Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару әлеуетін де тиімді пайдалану қажет. Кеңеске облыстық және аудандық мәслихат төрағаларының қатысуы – осы бағыттағы маңызды қадам.

Сенат – бірінші кезекте, өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата. Сондықтан алдағы уақытта маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін Үкіметпен, әкімдермен және мәслихаттармен бірлескен жұмысымызды белсенді түрде жалғастыра береміз", – деп жазды ол.