Сіз бен біз қатар өмір сүретін қоғамда «үміт үзгісі келмейтіндер» көп.
Ғұмырды жалған жалғайды орган
1,195
оқылды

Тіпті, төсекке таңылып, жанға батқан ауыр дерттен алысып жатқандардың арасында үміті үзілмейтіндер жеткілікті. Ертеңіне сеніммен қарайтындардың сондай бір шоғырын органдардың трансплантациясына зәру науқастар құрайды. Өкініштісі, олар өзіне сай келетін донорлық органды ұзақ күтеді. Олардың кейбірі аурухана төсегінде жатып жан тапсырады. Өйткені бізде мәйіт донорлығы жеткілікті деңгейде дамымаған. 

Осыдан барып донорлық орган тапшылық туындайды. Өкініштісі, бұл тапшылықтың басты өлшемі ретінде адам өмірі қарастырылады. Транспланттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медици­на­лық қызмет жөніндегі республи­калық орталықтың мәліметінше, дәл қазір елімізде 3 805 отандасымыз өзіне лайықты органды күтіп жүр. Жүр дегеніміз жай сөз ғана. Әйтпесе, олардың көбі аурухана төсегінде әр секундты үмітпен өткеріп жатыр. Еліміз трансплантация отасын жасау бойынша ТМД елдері ара­сында үшінші орында. Сонда да болса тоқмейілсуге болмайды. Се­бебі бізде органын алмастыруға зәру азаматтардың саны 4 мыңға жуық­таса, бір жылдың ішінде бар бол­ғаны 200-250 ғана науқасқа донор табылып, ота жасалады екен.

Органды «аманаттау» – ғұмырдың жалғасы

Мамандар бұл мәселенің туын­дау себебін елде мәйіттік және туыс­тық емес донорлықтың дамы­ма­уымен байланыстырады. Денсаулық сақтау министрлігінің Транс­планттауды үй­лестіру және жоғары техноло­гия­лық медициналық қызмет жөніндегі республикалық орталығының ди­ректоры Сәуле Шайсұлтанованың мәлімдеуінше, біздегі трансплан­тациялық отаның 92 пайызы тірі донорлардың органын алу арқылы жасалады екен. Ал өткен жылы орган алмастыру үшін жасалған 16 отада ғана мәйіттің органдары науқасқа қайта өмір сыйлаған. 

«Дамыған елдерде мәйіт до­норлығы трансплантациялық ота­лардың 85 пайызын құрайды. Олар­да қайтыс болған кісінің жарамды органдарын науқасқа салу арқылы екінші өмір сыйлау қалыпты жайтқа айналған. Тұрғындар да өмірден өткен соң органының әлдекімге «сыйға» берілетіндігіне үрке қа­рамайды. Органдардың донорлығы мен трансплантация бойынша көш бастайтын Испания мен Хорватияда миллион адамға шаққанда 45-50 адамның мәйітінен орган алынады. Ал бізде бұл көрсеткіш миллион адамға шаққанда 1 адамға тең. Сондықтан елімізде орган ал­мас­тыруға мұқтаж науқастардың күту парағындағылардың саны азаюдың орнына көбейіп жатыр», – дейді орталық директоры Сәуле Шай­сұл­танова. 

Жоғарыда келтірілген дерек­терге қарап-ақ мәйіт донорлығының қаншалықты өзекті мәселе екенін түсіне беруге болады. Ал бұл мә­селенің бір ұшы қолданыстағы заң талаптарына барып тіреледі. Жа­қында Мәжілісте осы бір түйткіл төңірегінде сөз қозғаған депутат Гүлдара Нұрымова біздегі мәйіттің органын пайдалану үшін заң ая­сында келісім алудың қағидатын әлі де нақтылау қажеттігін алға тартады. Әрине, әр азаматтың көзі тірісінде органдарын транспланттауды құп­тап, оны біреуге беруге келісім бе­руді ресімдей алады. Олардың ор­гандарына екінші өмір сыйлауға ешқандай кедергі жоқ. Мәселе көз тірісінде орган донорлығына қарсы­лығын, не қолдайтындығын білдір­мегендерге қатысты туындайды. Көп жағдайда мұндай мәйіттің ор­гандарын алуға туыстары рұқсат бермейтін көрінеді. 

«Осыдан барып бізде мәйіт до­норлығы кенжелеп қалған. Транс­планттау отасы тек туыстық донор­лардан жасалады. Салада мәйіттік және туыстық емес орган донорлы­ғының тапшылығы бар. Көпшілік дәрігерлер науқасты өлгеннен кейін органын пайдалану үшін дұрыс емдемеуі мүмкін деп күдіктенеді. 

Бірақ мәйіттен жарамды ор­гандарды алудың бекітілген ережесі бар. Соған сай 24 сағат ішінде ми­дың өлуі бақыланады. Органдарды алуға содан кейін барып кіріседі. Иран мен Пәкістанда бүйректі сату заңды және құқықтық нормалар аясында реттеледі. Қазақстанда да де ара-тұра қара нарықта орган сатылатындығы туралы хабарлама­ларды кезіктіруге болады. Сондық­тан шетелдік тәжірибені зерттеп, процесті заң аясында реттеу мәсе­лесі туындайды. Тіпті, материалдық төлем арқылы туыстық емес және мәйіт донорлығына ерікті келісім берудің мүмкіндігін қарастыруға болады», – дейді депутат Гүлдара Нұрымова. 

Құқықтық тетікті қайта қарау керек

Расында, бізде көп жағдайда туыстары ақтық демі таусылған жақынының мәйітінен орган алуға рұқсат бермейді. Әрине, көзі ті­рісінде органын мәйіттік донор ре­тінде пайдалануды не пайдалан­бауды заң жүзінде реттеп кеткен­дерге сөз жоқ. Десе де, бізде тірісінде органын ешкімге «аманаттамаған» жанның мәйітіне туыстарының рұқ­сатынсыз дәрігерлер қол ұшын ти­гізе алмайды. Бұл саладағы құқық­тық қатынас әлі де тиісті деңгейде реттелмегендігін көрсетсе керек.

Мәйітке оташының пышағын тигізбеудің себебін көпшілік діни-наным сеніммен байланыстырады. Әйтсе де, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған пәтуада пайда табу мақсаты болмаған жағ­дайда және мидың толық өлімі тіркелген кезде орган ауыстыруға рұқсат берілетіндігі айтылған. Ша­риғатта емдік мақсатта мәйіттен ор­ган алуға қарсылық жоқ. Бас­ты­сы, барлығы тегін және тараптар­дың келісімі негізінде іске асырылса болғаны.

Ал заң жүзінде бұл процесс «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы заңымен реттеледі. Аталған заңның 212-ба­бында мәйіттік донордан транс­планттау тәртібі көрсетілген. Соған сай көзі тірісінде орган донорлығына қатысты көзқарасын нақты білдір­меген жанның органын алу үшін туыстарының рұқсаты қажет бола­ды. Нақтырақ айтқанда, мұндай жағдайда мәйіттің органын транс­планттау мәселесінде соңғы шешім­ді туыстары айтады. 

Дәл осы заң көпшіліктің тал­қы­лауына түскенде мұнда мәйіттің ор­гандарын туыстарына ескертпес­тен алуға рұқсат беру жайы айтыл­ған-ды. Әйтсе де, қоғамдық талқы­лау кезінде көпшілік дәл осы нор­маға қарсылық білдірді. 30-дан астам қоғамдық ұйым да мұндай ресімге қарсы шықты. Нәтижесінде, қоғам талабы ескеріліп, ол нормалар қабылданған заң баптарына енбеді. Мамандар қазір қолданыстағы заң­наманың дүниежүзілік стандарт­тарға сай келетінін айтады. Заңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ағза донорлығын рет­тейтін 11 басты принципі ескерілген көрінеді. 

«Өмір Сыйы» трансланта­ция­дағы пациенттер қоғамының прези­денті Сандуғаш Орынбаева елімізде тірі донорлардан ағза ауыстыру ережелерінің Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының стандарт­тарына сай келуі үшін көп жұмыс жүргізілгенін айтады. Әйтсе де, ол Үкімет тарапынан мәйіттік донор­ларға тиісті көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті.

– Мемлекетке транспланта­циялық отаға қажетті органдарды мәйіттік донорлардан алып жасай­тындай жүйе құрған тиімді. Әйтсе де, бізде бәрі керісінше. Өткен жы­лы трансплантация оталарында 169 адам тірі донор болса, қайтыс бол­ған 7 адамның органы науқастарға салынған екен. Қазір медицинаның осы саласының ақырындап дамып келе жатқанының өзі қуантады. Әйтсе де, біз қазіргідей тірі адам­дар­ды орган донорлығында пайдалана берсек, денсаулығында кінәрат бар отандастарымыздың қатары көбейе түседі. Сондықтан елдегі орган ауыс­тыруға мұқтаж жандардың са­нын азайтуда мәйіттік донор бо­йынша көш бастайтын Беларусь елінің тәжірибесінен үлгі алуымыз қажет, – дейді ол. 

Ал Ұлттық ғылыми онкология орталығы Ағза трансплантациясы секторының жетекшісі Мәлс Асық­баевтың пікірінше, органға зәру азаматтардың қатарын азайту үшін туыстық емес донорлықты дамыт­қан жөн. Маман туыстық емес до­норлық табыс көзіне айналып кет­пес үшін этикалық комиссияның жұмысын күшейтуді құптайды. 

– Жалпы орган донорлары біз­де ғана туыстық және туыстық емес деп ажыратылады. Бұл ұғым орган саудасының алдын алу үшін енгі­зілген. Шетелдерде бізде айтыла­тын туыстық емес донорлық жақсы да­мыған. Өйткені оларда арнайы эти­калық комиссия донор мен ре­ци­­пиенттің арасындағы сатып алу-сату келісімшартының болмауын жан-жақты тексереді. Бізде де осы комиссияның жұмысын күшейтіп, тіпті арнаулы органдар арқылы тек­серіс жүргізіліп, тараптардың ара­сында табыс табу үшін ешқан­дай ке­­лісімшарт жасалмағанына көз жеткізе алсақ орган ауыстыру­да туыс­тық емес донорлыққа да рұқсат етуге болады, – дейді Мэлс Асықбаев.

Қалай десек те, бұл мәселеге қатысты кесімді пікір айту қиын. Жақынынан айырылып, жоқтау айтып, азан-қазан болып жатқан­дарды мәйіттік донор болуға көн­діру де оңай емес. Тіпті, көзі тірі күнінде кез келгеніміздің орга­ны­мызды «ама­­наттауға» батылымыз бара бер­мейді. Әйтсе де, орган до­норы 7 адамның өмірін құтқара ала­тынын ескерсек, жауаптыларға мәйіт до­норлығын құқықтық тұрғы­дан рет­теу ісін әлі де жан-жақты зер­делеген жөн секілді.

Шынболат КҮЗЕКБАЙ