Уханьнан қайтқан қазақтар
Уханьнан қайтқан қазақтар
5,345
оқылды
Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігінің сапасын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов Ухань­нан жеткізілгеннен кейін каран­тинге жатқы­зылған студенттердің жағдайы туралы айтты. – Уханьнан чартерлік рейспен жеткізілгеннен кейін карантинге 89 адам жатқызылды. 89 қазақстандық, оның ішінде 80 студент бар. Олардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді ауруханаға орналастырылды. Аурухана жаңа, жоғары қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Әрбір қабаттағы әр палатаның дербес желдету жүйесі бар. Бұл – өте жақсы жүйе, «таза үй-жай» деп аталады. Ол ауа­ның араласуына жол бермейді. Ауа палатадан дәлізге және кері бағытта шықпайды, – деді Н.Сәдуақасов. Оның айтуынша, ұшақ бортында дәрігерлер тағы бір мәрте термометрия жүргізіп, адамдардың қызуын өлшеген. Ол сондай-ақ, көпбейінді аурухананың инфекциялық блогы бір-бірінен оқшауланғанын тілге тиек етті.
– Қазақстанның барлық қалаларынан, негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Семей, Алматы, Қарағанды облыстарынан барған студенттер. Біздің талабымызбен келісіп отыр. Себебі ол жақта да дәл осындай талап болған. Олар инфекциялық блоктың оқшаулан­дырылған палаталарында жатыр, дәлізге шықпайды. Халқымызды қорғау үшін барынша қауіпсіздік шараларын қабылдауға міндеттіміз, – деді Н.Сәдуақасов.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қалалық көпбейінді медици­налық орталығы инфекциялық блогы директорының орын­басары Сәуле Атығаева карантинде жатқан адамдардың жағдайы қандай екенін айтып берді. – Олардың барлығы да түрлі уақытта келді. Біз 28 қаңтарда ашылдық. Негізгі бөлігі кеше келді. Студенттер мен жеке кәсіпкерлер көп. Пациенттердің жағдайы таңертең қанағат­танарлық болды. Олардың тарапынан айтарлықтай шағым жоқ. Интоксикация белгілері байқалмайды, тыныс алуларында кемшілік жоқ, дене қызулары шекті нормада. Медициналық қадағалау инкубациялық кезең бойына жалғасады. Бұл жерде жатқан пациенттердің басым бөлігі коронавирус ин­фекция­сының таралу қаупі жоғары аймақта болған, – деді дәрігер. Ауруханада жатқан пациенттердің бірі журналистермен әңгімелесуге келісім берді. Оның айтуынша, пациенттердің телефондары да өзге заттармен бірге өңдеу үшін алынған. Дегенмен аурухананың стационарлық телефоны арқылы байланысуға мүмкіндік бар. Ол сонымен қатар ауруханада жатқан адамдардың туған-туыстарына алаңдамауды өтініп, барлығының жағдайы жақсы екенін хабарлады. – Ұзақ уақыт Қытайда болған балалар өз нөмірлерін тіркеп үлгермеді және Қазақстанға келгеннен кейін олардың нөмірі өшіп тұр. Ал ата-аналар эвакуациялау жоспарына сай Қазақстанға келгенімізді біледі, – деді студент қыз.   Әбілмансұр ЖАСАН