Атырауда биыл 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында бутадиен каучуктарын өндіретін зауыт, интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші кезеңі, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы, ет бағытындағы құс фабрикасы, жылыжай кешені бар.
Инвестициялық жобалар алаңына айналды
1,255
оқылды

Инвестициялық жобалардың ішіндегі ірі өндіріс ошағының бірі – бутадиен каучуктарын өндіретін зауыт. «Бутадиен» ЖШС жүзеге асырып отырған жобаның құны 888 млн АҚШ долларын құрайды.

Жоба аясында 440 адам жұмыспен қамтылады. Зауыт жылына 83 мың тонна каучук шығарады деп күтілуде. 

Бутадиен каучук – бұл өндірістің қол­жетімділігімен және химиялық, физика­лық, техникалық қасиеттерінің өзгергіш­тігімен ерекшеленетін заманауи синте­тика­лық материал. 

«Мұндай синтетикалық каучуктар қазіргі заманғы өнеркәсіпте керемет сұра­нысқа ие: әлемдік жеткізілім көлемі бо­йынша олар бутадиен-стирол каучук­тарынан кейін екінші орында. Атыраудан шығарылатын өнім – бутадиен каучук түрлері жол жабындыларында, желім және пластик шығарғанда шина өндірісінде және басқа да химиялық өнімдерін шығар­ғанда пайдаланылады», – дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұр­таев.

Құрылысы басталатын екінші инвес­тиция­лық жоба – интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші кезеңі. Поли­этилен өндірісі жобасы 2027 жылы толық іске қосылмақ. Құны 3 265,8 млрд теңгеге бағаланған жоба аясында 740 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның қуаты жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіруге же­теді. 

Этанды өңдеу арқылы полиэтилен алынады. Ал полиэтилен басқа өнімдер шығару үшін шикізат болып табылады. Мысалға, полиэтиленнен полиэтилен құбырлары, полиэтилен қаптарын жасауға болады. 

Қазір полиэтилен өндірісі жобасы – Ұлттық индустриялық мұнай-химия тех­но­паркі арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болып отыр.

Тағы бір инвестициялық жоба – Қаша­ған кен орнында газ өңдеу зауыты құры­лысы. GPC Investment ЖШС жүзеге асы­рып отырған жобаның іске қосылу мерзімі 2025 жылға жоспарланған.

Құны 380,8 млрд теңгеге бағаланған жоба аясында 550 адам үшін жаңа жұмыс орны ашылады. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, жобаның қуаты 719 млн текше метр тауарлы газ, 114 мың тонна техникалық пропан – бутан, 14 мың тонна газды конденсат, 204 мың тонна түйіршіктелген күкірт өндіруге жетеді.

«Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салудың мақсаты – Қазақстанның тауарлық газ өндірудің ресурстық базасын ұлғайту және нарықты реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу. Қашаған кен орнын­дағы мұнай өндіру көлемін арттыру және газдың жерастына кері айдау көлемін азайту да басты мақсаттарының бірі. Жо­баны іске асыру әлеуметтік-экономикалық ортаға оң әсерін тигізеді – құрылыс кезеңінде қосымша жұмыс орындарының іске қосылады, құрылыс және пайдалану кезеңінде мемлекеттік бюджетке салық тө­лемдері ұлғаяды», – дейді Атырау облы­сы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев. 

Еске сала кетелік, былтыр Атырау об­лысында үш инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында интег­рацияланған газ-химия кешені, көлемді вибропрестеудің инновациялық әдісімен бетоннан жасалған қабырға және жол бұйымдарын өндірісі зауыты, саз кірпішін өндіретін зауыт бар. 

Жалпы, 2022–2027 жылдары Атырау облысы бойынша 19 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Баян ЖАНҰЗАҚ, 

Атырау облысы