Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден елдегі ауылдардың бүгінгі жағдайына алаңдаушылық танытып, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірнеше ұсыныс білдірді. Осы мәселе бойынша ол ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
Қарақат Әбден саны жыл сайын азайып жатқан ауылдар қаңырап қалмасын десек, ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету.
Мұның барлығы түптеп келгенде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп соғуда», – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, ауылдарды дамыту бойынша нақты шаралар атқарылып жатқан жоқ.
Бұл туралы кеше өткен әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы да айтқан болатын.
«Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», – деп атап өтті Президент.
Осы мәселені ескере келе, депутат Қарақат Әбден мынадай келесідей ұсыныстарын жолдады.
«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босату. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату.
Осыған байланысты салықтың екі түрлі қызметі бар екенін еске салғым келеді. Оның бірі – фискалды, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту.
Бірқатар дәйекті мысалға келтіруге болады. Мәселен, еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтарды қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейді. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің 0,5%-на жетпейді. Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді деп есептейміз.
Соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер осы мәселемен айналысатын құзырлы органдарға 200-ден астам өтініш-тілек жолдаған.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тасы өрге домаласа, ауылдардың да тіршілігі кеңге қанат жаяды», –деп түйіндеді Қарақат Әбден.