Екі жыл ішінде еліміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының зерттеушілеріне 8 грант берілді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтып берді.
Ұлттық банк зерттеушілерді елдің қаржы секторын талдауға қалай үндейді
2,112
оқылды

«Үй шаруашылығындағы борыштық жүктеменің қаржылық тұрақтылыққа әсері, бағалы қағаздар нарығында инвесторларды қорғау, еңбек нарығындағы сұраныстың икемділігі, орталық банктің тәуелсіздігі мен инфляция бойынша мақсатқа қолжеткізу арасындағы байланыс, импортты алмастыру мен әртараптандыру шараларының нәтижелілігі және бюджет шығыстары сияқты мәселелерді зерделеуге гранттар берілді», деді ол.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі. Зерттеу гранттарын алу жолдары ашық және бірнеше кезеңнен тұрады. Ұлттық банк таңдалған зерттеу тақырыптарын көрсете отырып, өз сайтында өтінім қабылдау басталғаны туралы хабарландыру жариялайды. Ізденушілердің өтінімі электронды форматта қабылданады.

Түскен өтінімдерді тәуелсіз рецензенттер саралайды. Олар зерттеу тобы мүшелерінің құзыреттілігі мен ғылыми потенциалын, ұсынылған зерттеу әдістемесін, жоспардың іске асырылуын, шығыс сметасының негізділігін бағалайды. Өтінімді мақұлдау және грант беру туралы түпкілікті шешімді арнайы комиссия қабылдайды.

«Біздің сайтта әрбір жүргізілген зерттеу бойынша аннотациялар орналастырылған. Онда зерттеушілер туралы ақпарат, зерттеу мақсаты мен іздеуші тараптың қолжеткізген негізгі тұжырымдары жарияланады. Жүргізілген зерттеулердің жекелеген нәтижесін біз елдің қаржы секторын дамыту жөніндегі заңнаманы жетілдіруде, макроэкономикалық саясат шараларын әзірлеуде және экономикалық процестерді модельдеу кезінде пайдаланғанымызды айта кеткім келеді», деді В.Тутушкин.

Ұлттық банк келесі байқауды жариялағанда қызығушылық танытқан барлық зерттеушіні ынтымақтастыққа шақырады.