Астана қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібеков елордада сүрілетін «Дублин» және «Вашингтон» тұрғын үй кешендеріне үлескер болған азаматтардың ақшасын кім қайтаратынын түсіндірді, деп хабарлайды Inform.kz.
«Үлескерлердің құқығы компаниямен жасалған шартта көрсетілген. Азаматтар келісімді бұзуға немесе уәкілетті органга жүгінуге құқылы. Тиісінше, олар өздерінің ақшасын қайтарып ала алады», - деп түсіндірді Азамат Бердібеков.
Оның айтуынша, үлескерлерге әкімдік немесе өзге де жауапты орган өтемақы төлеуге міндетті емес.
Ақшаны «Дублин» және «Вашингтон» тұрғын үй кешендерін салған компания қайтаруға тиіс.
«Осы орайда G Park компаниясына тиесілі «Вашингтон» тұрғын үй кешеніне қатысты түсіндірме бере кетсем. Ол үй бойынша сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 6 сәуір күні шешім шығарды. Ол әділет органдарына келіп түсті. Тиісінше біз оны дереу орындауға тиіспіз. Қазіргі уақытта «Вашингтон» тұрғын үйін сүруге қатысты талаптардың орындалмауына байланысты компания атына әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік сот компанияны кінәлі деп таныды. Егер айыппұлды төлемесе, онда заңға сай әр күн үшін өсімпұл төлейді, оған қоса үй міндетті түрде сүріледі», - деді департамент басшысының орынбасары.