Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – канал, егістікті ағын сумен қамтамасыз ету.
«AMANAT»: Ауылға газ, егістікке су, тыңайтқыш, жанар-жағармай жеткізу мәселесін талқылады
1,460
оқылды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция мәжілісінің отырысы өтті. Партия фракциясының мәжілісін облыстық партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбеталиев ашып, жүргізді. Жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбіш пен облыстық мәслихат депутаттары, облыстық прокуратураның өкілі және аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшысы қатысты. 

 

Күн тәртібінде негізгі 4 мәселе: Сарыағаш ауданы Жібек жолы елді мекенінде орналасқан  автоматтандырылған газ тарату стансасын (АГРС) іске қосу мәселесі, 2023 жылы канал, егістікті ағын сумен қамтамасыз  ету. Сонымен қатар  шаруа қожалықтарын мемлекеттен жеңілдікпен бөлінген жанар-жағармай және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету және Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының биылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралды. 

«Жібек жолы» автоматтандырылған газ тарату стансасын (АГРС) іске қосу жұмысы 2012 жылдан бері шешімін таппай келе жатыр. Сондықтан халық қалаулылары бұл мәселені облыстық «AMANAT» партиясы фракциясында қарауды жоспарлаған болатын. АГТС құрылысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылының тұрғындарының тұрмысын түзеуге бағытталған. Жоба бойынша өткізу қабілеттілігі 20,0 мың м³/сағ болатын АГТС және жеткізуші газ құбыры құрылысы жүргізілуі қажет. Жиында нысан газ беруге дайын болмағандықтан,  елді мекендердің толықтай газбен қамтамасыз етілмей отырғаны сөз болды. Депутаттар бұл мәселені талқыға салып,  халықтың тиімді әрі қолжетімді бағамен пайдалануына тоқталды.      

 

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Сәкен Шалабайұлы, «Қазтрансгаз» ААҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Бақытжанұлы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Түркістан облыстық филиалы директоры Сәкен Сұлтанұлының есебі тыңдалды. Облыстық партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы тарапынан бұл мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріліп, орындауға жауапты мекемелерге мерзімі белгіленіп, қаулы қабылданды. 

Күн тәртібіндегі мәселенің  бірі – канал, егістікті ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша «Қазсушар»  РМК Түркістан облысы бойынша мекеме басшысы  Қазбек Бедебаевтың есебі де тыңдалды. Мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған отырысқа қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойды. Олар қаржының дұрыс игерілуі мен жұмыстың жүйелендіру мәселесін алға тартты. 

Облыстық мәслихаттың депутаттары Жетісай ауданындағы К-28,К-30, Достық магистральді каналдардағы құрылыс жұмысына  байланысты нақты шешім қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Сарыағаш ауданындағы Зах, Ханым, Үлкен Келес, Қазығұрт ауданындағы Үлкен Келес каналдары мен гидранттардың мәселелері, Мақтаарал ауданындағы К-19 каналдың жағдайы қызу талқыланды. Қазбек Бедебаев депутаттарға айтылған проблемалар бойынша жұмыстың жасалатынын жеткізді. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар бойынша ортаға өз ойын салған халық қалаулылары мәселенің заң аясында шешілуін талап етіп, Парламент Мәжілісіне ұсыныс ретінде  жолдау қажеттілігін де айтып өтті. Бүгінгі фракция отырысында қаралған барлық мәселелер  фракция мүшелері тарапынан бақылауға алынып, фракцияның жергілікті жерлердегі көшпелі жиынында қаралатын болып шешілді.