Сырда өткен әскери-патриоттық сайыс
Қызылордада «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен 10-11-сынып оқушылары арасында Qaisar әскери-патриоттық ойындарының іріктеу кезеңі өтті. Қатысушылар қашықтыққа жүгіруден, арнайы әскери жаттықтырушылар дайындаған кедергілерден тұратын эстафета және танымын кеңейту бойынша викторина сұрақтарына жауап беру арқылы сынға түсті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, 2022 жылы «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанаты QAISAR әскери-патриоттық жобасын іске қосты.
«Ойын жыл сайын тұрақты негізде барлық аймақта өтуде. Бұл жоба қатысушыларды физикалық тұрғыдан ғана шыңдап қоймай, әскерден кейінгі жастарға ашылатын мүмкіндіктер туралы ақпарат береді», – деді «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы М.Жорабек.
Ойын нәтижесінде І орынды Қызылорда қаласынан «Дарын» мектеп-интернаты иеленсе, ІІ орынды «Абай» атындағы №2 мектебі, ІІІ орынмен №7 мектеп-лицейі марапатталды.
«Жастардың қайсарлығын шыңдаған әскери-патриоттық ойыны тартысты өтті. Шын мықтылар жеңіске жетті деп ойлаймын. Жобаның мақсаты түсінікті. Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы. Сондықтан менде әскерде болып, өз міндетімді орындауға әрқашан дайынмын», – деді қатысушы Қыпшақпай Сырымбет.
Іріктеу нәтижесінде І орынды иеленген «Дарын» мектеп-интернатының командасы республикалық Qaisar әскери-патриоттық ойынына жолдама алды. Команда республикалық бәсекеде Сыр өңірінің намысын қорғайтын болады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы