Тәжге талас: мисс болу мәртебе ме?

«Қазақстан аруы» сұлулық байқауы 25 жылдан бері өткізіліп келеді. Алайда байқау туралы қоғамда әртүрлі пікір қалыптасқан. Бірі еліміздегі ең сұлу бойжеткенді анықтайтын доданы тағатсыздана күтсе, енді бірі байқауда былықтардың көп екенін айтады.

Арулар қазір қайда жүр?

Ең алғаш «Мисс Қазақстан» байқауы Кеңес үкіметі кезінде, яғни 1989 жылы басталды. Бұл титулды ең бірінші 20 жастағы балерина Сәуле Рахметова иеленген болатын. Ол бұған дейін 1988 жылы Ал­маты аруы атанған. Сәуле 1987 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі ата­нады. Кейіннен АҚШ, Ресейде өнер көр­сетіп, 2008 жылы елге оралады. Бұдан кейін араға жылдар салып, «Мисс Қазақ­стан» ұлттық байқауы 1997 жылы өткізілді. Ұлттық сұлулық байқауының негізін San Bell агенттігі қалаған. Байқау Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен ұйымдастырылады. Сән додасы Алматы қаласында республикалық Оқу­шылар сарайында өткен. Бұл сында 20 жас­тағы алматылық студент Жәмиля Бисембиева жеңіп шықты. Ол жеңісінен кейін «Ред старз» сән агенттігімен біржыл­дық келі­сім­шартқа отырады. Алайда Жә­миля сәнгерлікті емес, «Қазақтелекомда» жұмыс істеуді таңдайды. 1998 жылы 17 жастағы оқушы Дана Төлеш «Қазақстан аруы» атағын жеңіп алды. Ол өз сөзінде байқауға қатысу шытырман оқиғаға толы болды деп атаған. Қазір Дана табысты кәсіпкер, әрі үш баланың анасы. 1999 жылы еліміздің ең әдемі қызы атағын Әсел Исабаева, 2000 жылы алматылық Мар­гарита Крав­цова иеленеді. Маргарита Ұлы­британия­дағы «Әлем аруы» байқауын­да вице-ару атанды. Байқаудан кейін ол біраз уақыт шетелде тұрды. Кейін Қазақ­стан­ға оралып, «Тонаушылар Олим­пиадасы» атты кар­ти­наға түсіп, те­ле­арнада жұмыс істеді. Қазір үш қыз тәр­биелеп отыр. Осылайша, «Мисс Қазақстан» бай­қауы талай қыздың бағын ашты. Үздік үштікке ілінгендер де  еске­русіз қалған жоқ. Алайда халық арасында «Қазақстан аруы» атану ақшамен, таныспен шешіледі» деген сыбыс кең таралған. Тіпті, сұлулық сынына түскендер жеңіске жету үшін түрлі қитұрқылыққа барудан да тайсал­май­тын көрінеді. 

– Байқауға қатысатын қыздарға қоя­тын талабымыз оңай емес. Себебі біз   сұлулықты ғана бағаламаймыз. Бізге кел­ген қыздардың жасы 17-25 жас аралы­ғында және бойы 165-185 см болуы керек. Ешқандай жасандылықсыз табиғи келбет қажет. Яғни, тату, татуаж, еріндегі филлер деген дүниелерге тыйым салынған. Бұл тек келбетке арналған талаптарымыз. Ал ішкі дү­ниеге келер болсақ, «Сұлулық мейірім­де» деген байқау тақырыбы айтып тұр­ғандай мейірім, иман, парасат пен бі­лім де міндетті түрде бағаланады. Тіл білу де маңызды. Өйткені байқау жеңімпазы «Әлем аруы» байқауына қатысады. Сол жерде ағылшын тілі мен қазақ тілін білмей тұрғаны құптарлық жайт емес, – дейді «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының президенті Айдай Исаева.  

Байқау талабы жиі өзгереді

«Мисс Қазақстан» байқауы төңірегінде жиі дау туындайды. Мәселен, былтыр аталған жобаның басшылығы жаңа ереже енгізген. Соған сай өңірдегі додадан жеңіп шыққан кейбір сұлулар басты байқауға қатыспайтын болыпты. Осылайша, Пет­ро­павл, Ақтау, Тараз, Қызылорда, Өске­мен, Орал, Талдықорғанның намы­сын қорғаған сұлулар республикалық деңгейде өнер көрсете алмады. Мұны бай­қау ұйым­дастырушылары ереженің өзгергенімен түсіндірді. Дода қатысушы­ларының айтуын­­ша, бұрын өңірлік байқаудан жеңіп шыққандар тікелей республикаға жолдама алса, былтырдан бастап республиканың өзіне тағы жарты­лай финал ұйымдастырған көрінеді. Мы­салы, Таразда әу баста ұйым­дас­тырушылар 400 қыздың ішінен Гүлжан Әуесбаеваны таңдап алған. Алайда соңын­да одан да бас тартқан. 

– Қаншама дайындық, қаншама ст­ресс, қаншама көз жасы десеңізші. Былай­ша айтқанда, қаншама қаражат кеткен кезде, «барамыз» деп тұрған жерде, біздің са­ғымызды сындырып, осындай дүние болғаны дұрыс емес деп санаймын. Бұл мемлекеттік деңгейдегі конкурс бол­ған­нан кейін ұйымдастырушылар нақты бір себебін айтуы керек еді. Тізімін шығарып, осындай қыздар өтті, осындай қыздар өткен жоқ деп нақты айт­пады. «Мұндай әділетсіздік болу себебі қан­дай?» деген сұраққа жауап алғымыз келеді,– дейді «Өске­мен аруы – 2022» байқауының же­ңім­пазы Ариана Мұрат­ханова. 

Ал ұйымдас­тыру­шылар биыл байқау ережесін қатаңдаттық деп отыр. Айтуларынша, республикадан жеңген қыз әлемдік додаға қатысатын болғандықтан, барлық талапқа сай келуі керек екен. Сол себепті  іріктеу өте қатал өткен.

– 7 өңірді таңдаған жоқпыз. Өйткені оның арасында 16 жастағы қыз болды. Кәмелетке толмаған қыздар бар. Былтыр жобаны ұйымдастырудан бастап, қыз­дар­ды іріктеуге дейін өзгеше болды. Мәселен, біз бұрынғы жылдары әр аймақта байқау жариялап, сол жерден іріктеп, тек жеңген­дерді алып келіп, финалға қатыстыратын­быз. Осы жолы олай емес. Жалпы кастинг жарияладық, соған келген қыздарды ғана іріктеп алдық,– дейді Айдай Исаева.

Осылайша, республикалық байқауға жолдама алмаған 7 өңір сұлуларының орнына басқалар қатысты. Оларды каст­инг арқылы таңдап алыпты. Айта кету керек, «Қазақстан аруы» байқауы біраз жылдан бері «Сұлулық мейірімде» атты ұранмен өтіп келе жатыр. Жер-жер­ден жиналған арулар қайырымдылық және әлеуметтік науқандарға қатысып, тұр­мысы төмен отбасыларға, қарт адам­дарға және балаларға қол ұшын созады. 

Қаржысы жетпей тәжсіз қалды

«Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауы – «Ғалам аруы» (АҚШ), «Әлем аруы» (Ұлыбритания) және «Жер аруы» атты ірі әлемдік конкурстардың эксклю­зивті лицензияларының жалғыз иегері. Сондықтан да байқауда жеңіске жеткен үш ару үш түрлі сында ел намысын қор­ғайды. Биыл 24 жастағы астаналық Томи­рис Кәкімова бас жүлдені иеленіп, «Әлем аруына» жолдама және 5 млн теңге алды. Ал 19 жастағы алматылық Диана Тәшім­баева «Әлем аруы Қазақстан» тәжін және «Ғалам аруына» жолдама иеленді. Алма­ты­лық тағы бір ару Дильназ Тилаеваға «Қазақ­стан жер аруы» атағы мен «Жер аруы» халықаралық байқауына жолдама бұйырды. Алайда байқаудан бірер апта өткеннен кейін «Ғалам аруы» атанған Диана Тәшімбетова өз атағынан да, арманынан да айырылды. Еліміздің атын әлемдік аренада танытуы тиіс сұлу дауды түсінбей дал болған. Айтуынша, халық­аралық байқауға бекітілген арудың алдын орап, титулын тәркілеп, АҚШ-қа баруына тосқауыл болған. 

– Бұл атақты жеңіп алғанда барлық шығынды өзім төлейтінімді ескертпеді. Жеңіске жеткен кез келген ару тыңғылық­ты дайындық пен ұйымдастыру­шылардың демеушілігін күтеді. Мен бар­лық жаңа­лық­ты «Ғалам аруы» байқауына тіркел­генде ғана білдім. Менің суретімді бекітіп, ақпаратты ұсынған. Аз уақыт қалып, қаржылай қиындықтар басталған кезде «барлық шығынды өзі көтеруі керек» деп айтты. Мен де, анам да мұндай жаңалыққа дайын болмадық. Біз сұлулық байқауына 10-15 млн теңге жұмсай алатын отбасы емеспіз, – деді Диана Тәшімбетова. 

Ал Диананың анасы Қарлығаш Тәшім­бетова бұл шудың негізгі мәселесі қаржы­лай қиындықтан туындағанын растады. Ол байқау ұйымдастыру­шыларының финалға өткен 12 аруды басқа мақсатта жа­бық іс-шараларға да апарғанын жасыр­мады.

– Алғашында бәрі жоспар бойынша болды. Диана дефилеге дайындалып, жалпы дайындықты бастап кеткен еді. Кейінірек ұйымдастырушылардың уақыт созып, маңызды жұмыстардың атқарыл­май жатқанын байқадық. Қаржылан­дыру­дың жоқ екенін түсініп, ұйымдастыру­шылардан ашығын сұрадым. «Сіздер 1,5 млн теңгеге бағалаған көйлек, видео, жол шығыны қалай төленеді?» деп сұрадым. Оның барлығы бартер арқылы төленетінін айтқан болатын. Украина, Ресей елдерінде ұйымдастырушылар барлық шығынды өздері көтереді екен. Ал қатысушы тек пси­хологиялық дайындық жасап, дене бітімін жақсартып, мәтін оқумен айна­лысуы керек. Бірақ мұның бірі де болмады. Негізгі мәселе ақшада, – деді Диана Тә­шімбетованың анасы. 

Бұқаралық ақпарат құралдарына осы дауды жариялағаннан кейін байқауды ұйымдастырушылар Дианадан тәж бен атағын тартып алған. Себебі  ол келісімнің ең бірінші, басты шартын бұзған. Ал шартта: «Байқау мен байқауға қатысушы атағын кемсітетін әрекеттер жасамау керек»  деп көрсетіліпті. 

Бұл 25 жылдан бері өткізілетін сұлулық бай­қауының бізге мәлім болған бір шындығы ғана. «Мисс Қазақстан» байқауы тікелей жеке ұйымдастырушылар мен демеу­шілердің қаржысына өткізілетін­діктен, бұл салаға ешкім бақылау жасай алмайды. Сондықтан да қазір қоғамда мисс болуды мәртебе санайтындар азайып келеді. 

Кербез ЕСІМ