Оның аты – Дүкен. Дүкен... Қазақтың ең бір жақсы сөзі. Жанымызға жақын ұлағатты ұғым. Шынында да, бұл күнде дүкенсіз бүкіл тіршілігіміз қараң. Баяғыда елдегі ұста дүкені қаншама жыл жыртығымызды жамады. Кеткенімізді келтірді, кемісімізді толтырды.
Дүр Дүкен
2,057
оқылды

Темірден түйін түйетін ширақ та шымыр шеберлер сол дүкендегі екі иінінен дем алып, көтеріліп-басылып тұратын көрікке салып, қазаққа қажетті талай берекелі бұйымды жасап берді. Ұста дүкенін қойшы, ауыл шалдарының шеге құмның үстінде алқа-қотан отырып, ертеден салса кешке оздыратын әңгіме-дүкенін айтсаңшы. Сол кезде көнекөздердің көмейінен төгіліп түсіп жататын қадау-қадау қалың ойларға, түйдек-түйдек тіркестерге не жетер?! Бертінге қарай бірте-бірте бұйым сататын кәдімгі дүкеннің мән-мағынасы миымызға тереңірек орнықты. «Дүкенге бардым», «дүкеннен келдім», «дүкенге түсті» деген тіркестер санамызға өрнек салды.Жалпы, дүкен атауын көркем­сөз­бен зерлеген ақындар баршы­лық. Әсіресе, қазақ поэзиясының алыбы Жұ­­­мекен Нәжімеденовтің жақұт жыр­ла­рын­да бұл ұғым жиірек ұшырасады. Мы­са­лы, ол «Дүкенде» деген өлеңінде:

«Түсінбеймін көп адамға, көпте – ерік,

Көп деген көл – тұзың көлге кетті еріп...

Кейбір пиғыл қиын бірақ; дүкеннен,

Шықты біреу бір тай шытты бөктеріп», – деп айналасындағы қаптаған қымбат­шы­лық­тың адам мінезіне әсерін бедерлі бей­­­нелесе, «Кітап дүкенінде» деген өле­ңін­де:

«Бір айдан соң сол дүкенде тағы да,

Кездестік біз, біреуінің іреңі,

Көгіс тартты, менің ұлы бағыма:

– Жақсымысыз, аға, – деді біреуі», – деп, рухани арзандықтың кесел-кесапа­тын кескіндеп, өзгеше пәлсапа туында­та­ды. Ал «Киім дүкеніндегі ой» деген өлеңін­де:

«Түк болмаса дүкеннің толғаны да,

Сай келмесе киюге, қолға алуа,

«Кеңді» киер ағасы, сыймай жатса,

Шешіп берер іні жоқ болғаны да», – деп ағайындық қатынастардың ара салмағын ой таразысына салып, өлшеп бағады.

Жұмекенге дейін де, Жұмекеннен кейін де ақын атаулы дүкен та­қы­­рыбын толғап көрген. Атақты Жәла­лад­дин Руми бір өлеңінде:

«Нан сатушы көпті көрген тісқақты,

Дүкенінде бір тотықұс ұстапты», – деп шығыс тәмсілін алға тартса, ұлт ұста­зы Ахмет Байтұрсынов бір мысалында:

«Қосылып бірнеше адам ортақтасып,

Үй салып, ортасынан дүкен ашып,

Саудасы жұғымды боп, байып әбден,

Шат болып, көңілдері судай тасып», – 

деп тіршіліктің түйткілдерін тербетеді.

Ғафу Қайырбеков поэзиясының дү­­­кені де үнемі ашық тұрады. Ай­бар­лы ақын «Нан туралы баллада» деген өлеңін­де:

«Жүр едім серуенде тал түсте мен,

Жер қара, әлі үстіне қар түспеген.

Шыққаны әлде дүкен, әлде мектеп,

Бір бала келе жатты нан тістеген», – 

деп өмірдің өрімдерін баян етеді. Тағы бір жыр дүлдүлі Күләш Ахметова «Көкей­кес­ті» деген өлеңінде:

«Дүрбелең дулы қаланың,

Дүкені қайда, қалқам-ай?

Өтердей мына ағаңның,

Өзекті шері тарқамай», – деп дүние-дү­кен­нің қыр-сырына үңіледі. Қоста­най­лық шайыр Ақылбек Шаяхмет:

«Кейбіреу нағыз бақ санар,

Жайнайды сәнді бұйымдар.

Сусылдап қағаз ақшалар,

Сылдырап жатыр тиындар», – деп сипаттаған, қазақ өлеңіне Өлгейде жүріп өрнек салып, ғұмырымен ерте қоштасқан қандасымыз Кәкей Жаңжұңұлы:

«Алушының сұрағы:

– Анау зат қанша тұрады?

– Бетіңізден ғана садаға,

Бес-ақ есе бағаға...» – деп бедерлеп, дү­кен ұғымын дүние дидарына жақын­да­та­ды.

Қара өлеңнің жас перісі Ерлан Жү­ніс­тің көбірек аялдайтын құтты мекенінің бі­рі де – дүкен. Бірақ кітап дүкені... Ол «Гү­­­ләнда» кітап дүкенінде» деген өлеңін­де:

«Алматы. Қыркүйек. Кеш. Кітап дүкені.

Сыртынан жабамын есігін.

Есіктің сыртында жалғыздық күтеді,

Мен оның досымын!..» – деп ақтарылып, поэ­зиядағы «дүкенианаға» өзгеше үн қо­са­ды.

Сонымен, дүкен... Дүкен мәселесін не­ге осы сонша езіп отырмыз? Тү­сіндіріп көрейік. Қазақ әдебиетінде Дү­кен атауын иеленген екі танымал қа­лам­гер бар. Алғашқысы – әйгілі жазушы Дү­кенбай Досжанов. Қалың оқырманның жү­регін жаулаған ол өзінің шығармалары ар­қылы есімін жалпақ жұртқа кеңінен та­нытты. Дүкенбай деген атын әдеби тұл­ға ұғымының талассыз бір баламасына ай­налдырды. Сөйтіп, түрлі мағына бере­тін «дү­кен» сөзі көркем әдебиет өкіліне қа­тыс­ты атау ретінде санамызға сіңді. Дү­кен­­бай ағам секілді есіміне жұрнақ та жал­­ғамай, барша жұртқа белгілі болған екін­­ші қаламгер – Дүкен Мәсімханұлы. Ар­­қалы ақын. Ғибратты ғалым. Білікті бас­­шы. Зияткер зиялы. Қайраткер қандас.

Ақын Дүкен «дүкен» сөзі ойға оралса бол­ды, еріксіз езу тартады. Өйткені ана дүкен мен мына Дүкенді байланыстыратын нәрсе көп-ақ. Әуелі кейіпкеріміздің қалай Дүкен болғанын анықтап алайықшы. Тегінде оның азан шақырып қойған аты Дулат екен. Шаңырақтың кенжесі болған соң балақайды еркелеткендер «Дука», «Дүке», «Дөке», «Дүкеш» деп түрлі нұс­қада атап шақырып жүріп, ақыры Дүкенге ай­­налдырып жіберген. Өзі де бұл атауды он­ша теріс көрмеген сыңайлы. Қазақ әде­биетінің шоқтығын көтеруге бір ақын Ду­лат (Бабатайұлы), бір прозаик Дулат (Иса­беков) молынан жетер деген шығар. Дү­кен боп өсті. Дүкен боп жетілді. Дүкен боп жазды. Дүкен боп танылды. Шын есі­­мі сәл тасада қалса да, жастайынан се­­­рік болған шынайы есімін шығар­ма­шы­­­лықтың думанды дүкеніне айнал­дыр­ды. Кә­дімгі ұста дүкені мағынасындағы дү­­кен. Сөз ұстағандардың дүкені. Сөз ұста­­­лары­ның көрік басатын қасиетті ше­бер­­ха­насы. Әсерлі әңгіме-дүкеннің ойлы отауы.

Қаламгер Дүкенге қадірлі «дү­кен» сөзі қай­та айналып соға бе­ре­ді. Бірде белгілі жур­налист Есен­гүл Кәп­қызы КазГУ-де кан­­дидаттық дис­сертациясын қор­ғап жат­ты. Диссертациялық кеңес­тің төра­ға­сы, академик Зей­нолла Қаб­долов із­дену­шінің екін­ші оппоненті Дүкен Мә­сім­­хан­ұлына сөз бер­ді. Жай бере сал­ған жоқ. Сөз бергенінің өзінен су­­рет­кер­ліктің сәулеті се­­зі­ліп тұратын Зекең бы­лай деді: «Сіздер Дүкен де­ген­ге оны жай дүкен немесе киоск екен деп қал­маңдар. Бұл – супер­мар­­кет!» – деді. Зал ду күлді. Әр сөйлемін зер­­леп айтатын Зекең әзілдесе де бұл сөз­де шындық бар еді. Ол сол жылдарда жас­ты­ғына қара­мастан Дүкеннің әде­биет­­те де, ғылымда да ол­жа салып, елдің қо­­ғам­дық өміріне қызу араласа бастаға­нын мең­зесе керек.

Дүкен мен дүкеннің байланысы мұ­нымен де шектелмейді. Тағы бір­де Дүкеңе бір әйел телефон шалып: «Бұл қандай магазин өзі?» – деп сұрапты. Оны­мен қоймай, «Магазиніңізде қандай қыз­дар жұмыс істейді? Менің күйеуім әл­дебір шыбыштардың есімін астарлап, «Дү­кен» деп жазып қойыпты. Білемін мен ер­кектерді. Шыныңызды айтыңыз!» – деп бастырмалатып бәле салыпты. Сөйтсе, Астана мен Алматының арасында жүрдек пойызда сапарлас болған бір замандастың әйелі екен.

Ана жылдары үлкенді-кіші қалаларда­ғы бірқатар ғимараттардың маңдайша­сын­да «Дүкен» деген жазудың қаптап кет­кеніне байланысты түрлі қауесет тара­ғаны бар еді. Шаһардағы ірі сауда-саттық орындарын Дүкен деген бір дәу ұстап тұр-мыс. Бұған көрші елдерден сапарлап келгендердің біразы имандай сенетін. Олар­дың кейбірі Дүкен есімді «крутой» біреуді көргенше асығатын. Тіпті, әлеу­мет­тік желіде осы жөніндегі бейнеролик үз­діксіз айналып жүретін. Сондай күн­дер­дің бірінде Дүкен Мәсімханұлы Аста­на­дағы автобөлшек сататын базарға барып­ты. Бөлшек сатушы орыстың шалы «Сен іздеген бұйым болмай тұр, телефоныңның нө­мірін, атыңды жазып, қалдырып кет. Өзім алдырып берем», – депті. Дүкеңнің аты-жөнін білген соң «Ойбай, сол бай қа­зақ сен бе едің?» – деп біразға дейін жа­­­бысып айырылмаған көрінеді.

Енді супермаркет болса да, гипер­мар­кет болса да, ана дүкеннен шы­ғып, мына Дүкенге барайық. Адами Дү­­кенге! Сүйегіне сөз сіңген жігіт. Әке-ше­­шесі де тілге жүйрік бопты. Демек, те­­гіне тартқан. Өлеңдері өрелі. Мақа­ла­лары маңызды. Зерттеулері зерделі. Тұ­жы­рым­дары тиянақты. Еңбектері елеулі. Бе­делді жоғары оқу орындарында дәріс бер­­ді. Шығыстану, оның ішінде қытай­тану мәселелерін зерттейтін ғылыми құ­ры­­лым­­дарға жетекшілік етті. Қазір мық­ты­­лар­дың мықтысы ғана қызмет істейтін Шы­ғыстану институтын басқарып отыр.

Бұл – Дүкен туралы әңгіменің басы. Бел­гілі жәйттердің белгісіз шрихтары...

Бүгін ол алпысқа толды! Айбарлы асу! Өмір деген думанды дүке­ніңіз­­дің қақпасы жабылмасын, дүр Дүкен!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ