«Eurasian Book Fair-2023» көрмесі аясында «400 тәтті тақпақ» атты балаларға арналған жаңа туынды жарық көрді. Кітаптың авторы – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов.
Тәтті тақпақ таралды
1,449
оқылды

Көлемі 128 беттен тұратын бұл кі­­тап­та сан алуан тақырып қамтылды. Кітап бүлдіршіндердің ана тіліне де­ген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, еңбекқорлыққа да баулиды. Ав­тор қазақтың тыйым сөздерін қол­данып, өлең жолдарына қосып жаз­ған. Ішкі дизайндағы суреттер ба­ла­лардың кітапқа деген қызығу­шы­лы­ғын арттыра түседі. «400 тәтті тақпақ» кіта­бының тұсаукесерін белгілі әнші Айгүл Иманбаева жүргізді. Басқосуда кө­­рерменнің де саны көп болды. Жаңа туындының лентасын фи­ло­ло­гия ғылымдарының докторлары Се­рік Негимов пен Сауытбек Абдрах­ма­нов қиды. 

– Мұзафар Әлімбаев ағамыз бас ре­дактор болып тұрған кезде «Бал­дыр­ған» журналында жұмыс істе­ген­мін. Сол кезде ең алғаш балаларға шы­ғарма жазып бастадым. «Төгілген қай­мақ» деген әңгімем орыс мектеп­те­ріндегі қазақ тілі оқулығына енді. Жақ­сылық Үшкемпіров пен Әмен Қай­даровпен кездесіп, әңгімелер жаз­ғанмын. Бірақ балалар әдебиетіне бел буып кірісемін деген ойымда жоқ. Қазір немерелерім балабақшаға ба­рады. Ал үйге келгенде, балабақ­ша­­дағы тәрбиешілері берген өлең­дер­ді түсінбейді. Әжесі: «Ақынсың ғой қарашы түсінесің бе?» деп маған жі­береді. Мен де түсінбедім. Өлеңнің идеясы дұрыс болғанымен, құрылы­мы балаларға ауыр. Содан өзім жа­зып берейін деп немерелеріме тақ­пақ­тар жазып бастадым, – дейді жазу­шы Баянғали Әлімжанов. 

Автордың айтуынша, балалар тақ­пақтарды сол бойдан жаттап алып­ты. Автордың «Әліппе» атты өлеңін бүкіл қазақ газеттері басқан. Ке­рекулік Назым Дүкенбай деген аза­матша өлеңді газеттен алып, әр әріп­ке музыка шығарыпты. Сөйтіп, «Әліп­пе әуендері» деген кітап дү­ниеге келді. Оны «Атамұра» баспасы ба­сып шығарған. Шыны керек, ба­ла­бақшаға барған балалар да, тәр­биешілер мен мұғалімдер де өлең тап­пай қиналады. Былай қарасаң, қа­зақ әдебиеті де, балалар әдебиеті де бай. Бірақ балаларға күнделікті жат­тататын тақпақ табу қиын. 

– Сондықтан маған тақырыптық жи­нақ ретінде балалар антологиясын жа­сау туралы ой келді. Кәсіби мұ­ға­лімдермен де сөйлестім. Соның нә­ти­жесінде сан түрлі тақырыпты қам­тыған «400 тәтті тақпақ» деген кі­тап жазылды. Бұрынғы жазған­да­ры­ма жаңадан тақпақтар қостым. Ен­ді бітірдім деп ойласам, таңертең ойы­ма тағы өлең келіп тұрады. Осын­дай кітап бар деп, «Фолиант» бас­пасына ұсындым. Бас редакторы Фа­рида Тобашалова «Аға, мынау ке­рек кітап екен» деп құлшына кірісіп кет­ті, – дейді автор. 

Қызығы, кітаптың алғашқы аты «Ба­ла мен ғалам» болыпты. Кейін «Бар әлемді сүйемін» деп те өзгер­тіп­ті. Алайда автор мен бас редактор ке­­­­­лісіп, кітаптың тақырыбын заман та­­­лабына сай «400 тәтті тақпақ» деп қойыпты. Себебі кез келген бала дү­ние­ге тәттінің көзімен қарайды. Бір ерек­шелігі, балалар кітабында көбіне сурет басым, мәтін аз болатын. Ал бұл кітапта керісінше, суреттен тақ­пақ көбірек. Сонымен қатар кітап ба­­­лабақша тәрбиешілері мен бас­тауыш сынып мұғалімдеріне, ата-ана­ларға көмекші құрал. Бүлдіршін балабақшадан бастауыш сыныпқа бар­ғанша оқи алады. Баспа кітаптың авторлық құқығын 10 жылға алған. Қа­зір кітап 2000 данамен басылды. Кі­тап саудасы өткен сайын, таралым да көбейе береді. Ал жазушы Баян­ға­ли Әлімжанов: «осы кітапты бүкіл қазақ баласы оқыса деп арман­дай­мын», – дейді. Айта кету керек, қа­зір­дің өзінде «400 тәтті тақпақ» көр­ме­де ең көп сатылған кітаптардың қа­тарында. 

К.ҚАРҚЫН