Осыдан біраз бұрын жұрт бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы Кегендегі
14 жасар көкпаршы Николай Дыцельді таныды. Осыдан кейін-ақ біздің де ұлттық ойынға қызығушылық таны­туы­мен бірге ақиық ақын Мұқа­ғалидың өлеңдерін жатқа оқитын жасөспірімнің отбасымен танысуға аңса­рымыз ауған.
Дыцель осы – көкпар шауып, бәйге алған
1,464
оқылды

Көкпаршы жасөспірімнің  әкесі Иван Дыцель Жалаңаш ауылында тұрады.  Ұлты – неміс. Ол  Қостанай облысы Денисовка ауданы Денисовка ауылында 1987 жылы дүниеге келіпті. Солтүстіктің тумасы Алматы облысының шал­ғайдағы Кеген ауданында тұрып,  отбасын құрамын деп  ойламағаны анық. Бірақ тағдырдың жазуымен Иван бүгінде  Алатаудың бау­райын­дағы елді мекенде ел қатар­лы тірлік етіп жүр.  

Қазір Жалаңаш ауылының жергілікті тұрғындарымен  біте қайнасып, татулықта тірлік етіп жатқан шаттықты шаңырақтың отағасы  Иванның келіншегі  Динара да ашық-жарқын, жайдары мінезімен жұртқа жаққан, үлгілі  жан. Олардың  Никошадан бөлек Аделина есімді ару қыздары бар. 

Қостанай облысының тумасы Иван Дыцель ержетіп, қатарлас­тарымен бірге  Отан алдындағы парызын  өтеуге шақырылды. Дәм бұйырып, Алматы қаласындағы №5572 әскери бөлімге түседі. Осында Кеген ауданынан келген замандасы Дастанмен азаматтық борышын абыроймен атқарған.  Екеуі алғашқы таныстықтан соң-ақ дос болып кеткен. Әскерде жү­ріп ағасына жиі келетін Динарамен танысады. Сыйластықтың соңы үлкен махаббатқа, сүйіспеншілік сезіміне ұласқан.  Иван мен Динара 2008 жылы шаңырақ кө­терген. Алғашында бір жылдай Қос­танай жақта тұрады да, кейін­нен Жалаңаш ауылына қоныс аударады.  2009 жылы тұңғыштары Николай дүниеге келген. 

Иван қазақ тілін жетік меңгер­ген.  Мемлекеттік тілге деген құш­тарлығы бала кезінен байқалған.  Мектепте оқығанында  қазақ тіліне ден қойған екен. Әскерде жүр­генде Қазақстанның әр айма­ғы­нан келген қазақтілді қарулас­тарымен қазақ тілінде сөйлесіп жүріп, өзін-өзі жетілдіріпті. Қазақ қызын қалыңдық етіп, Жалаңашқа түбегейлі қоныс аударды. Қазір қазақ тілінде сөйлеп, әзіл-қалжың айтқан жалаңаштықтардың өзін жаңылдырады.  Бүгінде екінің бірі­мен шүйіркелесіп, еркін әңгімеле­седі. Ешкімді жатырқамайтын, артық сөзі, оғаш мінезі жоқ  еңбек­қор азаматты жергілікті жұрт та жылы қабылдап, бауырына басты. Қостанайда тұрғанда кәсіптік-тех­никалық колледжді ауыл шаруа­шылы­ғы шебері мамандығы бо­йын­ша бітіргендіктен, қолынан көп іс келеді. Техниканың түр-түрін ұршықша үйіреді. Төрт түліктің де бабын таба алады. Қазір  асыл­тұқымды қой, сиыр мен жыл­қы бағып, шаруасын дөңгелетіп жүріп жатқан жайы бар.  Болашаққа түзген жоспары да батыл. Қайын жұртымен бірлесіп, сауын фермасы мен  мал бордақылау кешенін ашуды жоспарлап жүр. 

 – Жалаңаш ауылын алғаш көргенімде шынымен таңғалдым.  Табиғаты керемет екен. Айналасын қарағайлы биік таулар қоршаған, сай-саласында бұрқырап бұлақ ағып жатыр. Топырағы сондай құнарлы,  көркем  мекен бірден ұнады. «Мен тұратын, мен өмір сүретін жер тура осы өлке» деп бірден шешім қабылдадым. Қазір сол кездегі таңдауымның  дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді. Ешқандай өкінішім жоқ. Мен де  Жалаңаштың бір азаматына  ай­нал­дым. Елмен бірге тірлік кешіп, бала-шаға өсіріп отырмыз, – дейді Иван Дыцель. 

Иванның әйелі Динара Жақа­­шева Жалаңаш ауылындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мек­тепте орыс тілі пәнінен сабақ бе­реді. 

– Иванмен әскердегі ағама ба­рып жүргенімде  таныстым. Ара­мыз­да сыйластық орнады. Кейін­нен бір-бірімізді жақын тартып кеткен едік. Отбасын құру туралы ше­шім қабылдағанымызда барлы­ғы түсіністікпен қабылдады. Құда­йға шүкір, қазір ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Тұңғышымыз  Ни­коша кішкентай кезінен наға­шы атасының жанында жүріп, мал­ға үйір болып өсті. Әсіресе, жылқыны жақсы көрді. Малды жақсы таниды.   Түр-түсін ажы­ра­тып, жасын, жағдайын жаңылмай айтып отырады.  Кішкентай кезі­нен: «Анау көршіміздің малы ауыл­дан алыстап кетіпті,  үйінің тұсына айдап әкеліп тастадым», – деп жүретін. Атасы мен әкесіне тар­тып еңбекқор болып өсіп келе­ді. Никошаның қарындасы  Адели­на  5-сыныпта оқиды. Ауылдағы шығармашылық, техникалық әрі кәсіптік бағдар беретін орталықта қолөнермен, бимен шұғылданады.  Мек­тептегі «мұқағалитану» кур­сы­на қатысқан. Қазір ақын өлең­дерін жатқа айтады. Қолөнерді жақ­сы көреді.  Енді домбыра алып бер деп жүр. Айтысты, терме тың­дағанды ұнатады, – дейді  Динара.  

Иван Дыцельдің отбасына Ұлыс­­тың ұлы күнінің алдында тү­рік этномәдени  орталығының аза­­мат­тары хабарласып,  көкпар­шы Николайға ат мінгізген екен. Жасөспірім ұлдарының жетіс­тігіне қуанған Иван көкпардан жас­өспірім­дер арасында аймақтық жарыс өткізеді. Тоғыз ауылдан көкпаршылар келіп, өзара сайысқа түскен. Ата  дәстүрге сай  наурыз көже пісіріліп, қонақтарға да сый-құрмет көрсетіп, ақ дастарқаннан дәм татқызған. Көкпар тартысты өтіпті. Түрік этномәдени орта­лығының азаматтары  сол жақтан таңдап, сайлап, арнайы алып келген таза қанды, асылтұқымды сәйгүлікті қалың көпшіліктің көз алдында Никошаға мінгізеді. Жергілікті жұрттың қазақи қонақ­жай­лығын көрген, тамаша таби­ғатқа таңдай қаққан қонақтар да  шын мәнінде риза болып аттанып­ты. 

Қазір  ауыл тіршілігінің бойына қан жүгірген. Мал төлдеп, көктемгі дала жұмыстары басталып, шаруа үшін мазасыз мезгіл басталды. Иванның да шаруасы бастан аса­ды. Егіз қозыдан табатын  асыл­тұқымды қой өсіруге ден қойыпты. Бұл еңбегі де нәтижесіз емес. 

Болат АБАҒАН, 

Алматы облысы