Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында Ұлы Петр Санкт-Петербург политехникалық университетінің (СПбПУ) ректоры Андрей Рудскиймен кездесті.
Кездесуде Санкт-Петербург политехникалық университетінің ректоры оқу орнының инфрақұрылымын көрсетіп, жаңа ғылыми жобаларымен таныстырды.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев әл-Фараби атындағы университеттің терең тарихы мен ғылыми-білім беру бағытында атқарып отырған жұмысына тоқталды.
«ҚазҰУ мен Санкт-Петербург арасында 2015 жылы ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Серіктестік шеңберінде 2021 жылғы 2 қаңтарда Coursera халықаралық білім беру платформасында жарияланған «Молекулярлық биология әдістері» (Methods of molecular biology) атты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алғашқы жаппай ашық онлайн курсы бірлескен жоба жүзеге асты. Курстың негізгі авторлары мен әзірлеушілері – ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультетінің Молекулалық биология және генетика кафедрасының қызметкерлері. Онлайн курсты Жаңа білім беру технологиялары институты (ЖББТИ), Биология және биотехнология факультеті мен СПбПУ бірлесіп әзірледі», – деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ ресейлік бірнеше ЖОО-лармен бірлесіп қосдипломдық 31 білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. ҚазҰУ-дың 14 факультеті Ресей Федерациясының жеті серіктес жоғары оқу орнымен ынтымақтасады. Академиялық ұтқырлық аясында қазіргі уақытта университетте Ресей Федерациясының 53 студенті білім алады. Соңғы үш жылда университетке Ресейдің 40-қа жуық ғалымы келіп кеткен.
Жүздесу барысында қос университет басшысы білім беру мен ғылыми ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.
Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы