Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде «Ауыл
аманаты» жобасы ауылдағы жұмыспен қамту мәселесін шешуге септігін тигізетінін жеткізді.
Ауылдың әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі
1,263
оқылды

 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов және «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Атырау облысындағы Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға басымдық берген еді. Алдағы жеті жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін 1 трлн теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. ҚР Парламентінің VIII шақырылымдағы алғашқы сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін мәлімдеді. «AMANAT» партиясы аталған жобаны Үкіметпен бірлесіп жүзеге асыруда.

«AMANAT»-тың Хатшысы  Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, жоба аясында шаруалар өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие рәсімдей алады,  лизингке ауыл шаруашылығы техникасын ала алады, ал техника құнының 50%-ын мемлекет субсидиялайды; сервистік-өткізу кооперативтерін құра алады және тағы басқа.

«АМАNАТ» партиясы ауылдың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығын қолдау – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екеніне сенімді. Жеке қосалқы және шаруа қожалықтары, фермалар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары әрдайым түсінікті және тұрақты ережелер бойынша қолдауға ие болуы тиіс. Сондықтан біз Үкімет мүшелерімен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасы аясында Президент тапсырмаларын орындау мақсатында жергілікті жерлерде қабылданатын шаралармен танысып жатырмыз. Бұл жоба ауыл тұрғындарына өз ісін ашуға мүмкіндік бере отырып, халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Партия тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, жобаға қатысушыларды оқытамыз», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы жұмыспен қамту мәселесін шешуге септігін тигізетінін жеткізді.

«Көктем – бастаманы өз қолыңызға алу, өз бизнесіңізді бастау уақыты. Оның үстіне, мемлекет жеке қосалқы шаруашылықты немесе кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қолайлы жағдайлар, несиелік демалыстар және басқа да мүмкіндіктер береді. Облыс әкімдігінің тапсырысына сәйкес,  «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Атырау облысына 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 188 несие беріп, 200-ге жуық жеке қосалқы шаруашылық құру жоспарлануда», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Өз кезегінде, кездесуге қатысқан шаруа қожалығының басшысы Асқар Тасқалиев дайын өнімді халыққа қолжетімді бағамен жеткізу үшін мемлекет қолдауы қажет екенін атап өтті.

«Өнім өткізуге қатысты бірқатар мәселе бар. Себебі жанармай, тыңайтқыш, жұмысшыларға төленетін жалақы құны өсіп жатыр. Алайда барлық шығынды түпкі өнім құнына қосатын болсақ, шаруалар тұтынушысыз қалады», – деді ол.

Айта кетейік, былтыр 40 күндік ауқымды ақпараттық марафон ұйымдастырылды. «AMANAT»-тың тренерлері мобильді топтар құрамында 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында еліміздегі 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамти отырып, кездесу өткізді. Ал партияның Саяси менеджмент академиясы ауыл, ауылдық округ әкімдері және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары үшін халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласындағы құзыреттерді дамыту бойынша ерекше курстар өткізді. Оған 2 346 адам қатысты.

 

Суретті түсірген Александр Куприенко