Еуразия ұлттық университетінде қырғыз тілі мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылуы өтті. Онда тілдік және әдеби бағыттар бойынша оқыту қолға алынып және Ош мемлекеттік университетімен бірлесе қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылуда.
ЕҰУ-да қырғыз тілі мен мәдениеті орталығы ашылды
1,369
оқылды

Қырғыз тілі мен мәдениеті орталығы ЕҰУ-дың оқу-зертханалық ғимаратында ашылды. Онда екі елдің зиялы қауым өкілдерінің еңбектері назарға ұсынылған. Еуразия ұлттық университеті мен Ош мемлекеттік университеті бірлесе білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда, сонымен бірге орталықта тіл курстары өткізілмек.

Салтанатты іс-шараға Еуразия ұлттық университеті мен Ош мемлекеттік университетінің ректорлары Ерлан Сыдықов пен Құдайберди Қожобеков, Қазақстандағы Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев, екі елдің студенттері, ғалымдары мен оқытушылары қатысты.

«Орталықтың ашылуы екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті дамытуда білім және ғылым саласының орасан зор рөлін айқындайды. Бұл – біздің негізгі серіктесіміз Ош мемлекеттік университетімен ғылыми-академиялық ынтымақтастық аясындағы байланысты кеңейтудегі маңызды қадам. 2019 жылдан бастап ЕҰУ-да Қырғызстанның жоғары оқу орындарынан 200-ден астам шетелдік білім алушы әртүрлі  білім беру бағдарламасы бойынша оқыды. Орталықтың ашылуы бауырлас елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше үлес қосатынына сенімдіміз», – деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Өткен жылы ЕҰУ филиалы Қырғызстанда ашылды. Бүгінде  онда 30-ға жуық қырғыз студенті білім алады. Олар қазақ тілі, аударма ісі мен әдебиет мамандығы бойынша оқиды.

 «Біздің университеттер арасындағы ынтымақтастық Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың дамуына әсер етеді. Өйткені білім – мемлекеттер арасындағы көпір. Біз үшін ЕҰУ – Қазақстандағы үздік университет. Бүгінгі маңызды іс-шара ЕҰУ мен ОшМУ арасындағы достыққа серпін береді деп сенемін»,   деп атап өтті ОшМУ ректоры Құдайберди Қожобеков.

Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев Қырғызстан мен Қазақстан арасында білім беру саласында келісім бар екенін жеткізді. «Орталықтың ашылуы біздің азаматтарымыздың, осында оқитын студенттер үшін сапалы білім алуға үлкен әлеуетке жол ашады», –  деп атап өтті дипломат.

Атап өткен жөн, ЕҰУ Қырғыз Республикасының 16 жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру, оқытушылық тәжірибе алмасу шеңберінде ынтымақтастық орнатқан.