Баланың құқығын белден баспасын

Бүгінде бала құқығын қорғау мәселесі өте өзекті.

 

Кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйытқы болуымен «Медиа этика және балалардың құқықтарын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.  Шараға қатысушылар кәмелет жасқа толмаған балалар арасындағы зорлық-зомбылықты алдын алуда ақпараттың да айрықша ықпалы бар екенін жеткізді.

Жиынға Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының орынбасары Летисия Баззия-Вэйл, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, БҰҰ Әйелдер ұйымы Ұлттық комиссияның мүшесі Динара Құсайын, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, халықаралық ұйым өкілдері мен медиа сарапшылар қатысып, көтерілген тақырыпқа  ой қосты. 

Дөңгелек үстелді ашқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейтуді, отбасы құндылықтарын насихаттауға баса назар аударуды тапсырғаны белгілі. Бүгінде бала құқығын қорғау – мәселесі өте өзекті. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында бала құқығының сақталуына ерекше мән беруге тиіспіз»,  деп атап өтті. Министрліктің медиадағы балалар тақырыбы этикасы жөніндегі арнайы ұсынымында ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқығы туралы конвенциясы назарға алынатыны және жиналған сарапшылардың ой-пікірімен толықтырылып, барлық ақпарат құралдарына таратылатыны да түсіндірілді.

Себебі соңғы уақытта әлеуметтік желі мен медиадағы бала тақырыбындағы этика мәселесі өзекті бола түскен. Айталық, биыл жыл басынан бері ақпарат құралдарында балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты бұзушылықтар бойынша 2 435 бұзушылық анықталған. Заң үстемдігі салтанат құру керек. Мәселен, әлемнің көптеген елінде кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбандары туралы ақпарат таратуға заңмен тыйым салынған. Осылай деген министр: «Өкінішке қарай, ақпарат құралдарында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және суицид тақырыбына арналған материалдардың таралуына жиі жол беріледі. Бұл – этикалық қағидаларды ғана емес, заң талаптарын да бұзу. Осылайша, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, адамның жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде  ата-анасы және өзге де заңды өкілдері туралы мәліметтерді, жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді, зардап шеккен бала туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға тыйым салынады. Біз мұны ұдайы естен шығармауымыз керек»,– деді.

Қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Қамзабекұлы әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарындағы баланың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау маңыздылығына тоқталды. Оның сөзінше, халықаралық стандарттарды былай қойғанда, өзіміздің түп негізімізге, қазақ халқының сан ғасырлық тарихына көз жүгіртсек жетіп жатыр. «Егер сондағы мәселелерді бүгінгі күнге сәйкестендіре алсақ, бала тәрбиесі мен бала құқығын қорғау ісіндегі халықаралық стандартты қолданудың өзінде өз дәстүрімізді қолданған болып  шығамыз. Жәбірлеу, біреудің құқығын таптау, қоғамдағы жағымсыз мәселелердің таралуына бірінші кезекте үгіт-насихат жұмысын жүргізіп отырған ақпарат құралдары жауапты. Сондай-ақ балалардың құқығын қорғау отырып, олардың пайдаланатын медиа-ресурстарына да дер кезінде көңіл бөлгеніміз дұрыс», – дейді Дархан Қамзабекұлы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі бүгінде қалам ұстаған қауымның арасында БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының бар екенінен де бейхабар әріптестер аз емес екенін алға тартты. Өкінішке қарай, балалардың құқығын қорғау тақырыбын зерттеу кемшін. Мәселен, олардың психологиясы, психикасы, есірткіге құмарлық, рухани дамуы туралы зерттеулер аз. Тіпті, бала құқықтарын сақтаудың арнайы нұсқаулықтары жоқ. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселені де жеке қарастырып, осы бағыттағы зерттеулерді де қолға алу маңызды. Оның ішінде журналистердің біліктілігін арттыру да кезек күттірмеу керек.

 Осы бағытта салмақты ой айтып жүрген Молдияр Нөгербек те қатысушыларды таяуда ғана әлеуметтік желіде тарап кеткен мұғалімнің оқушыны жұдырықпен тәрбиелеп жатқан бейнежазбасына жазылған пікірлерге назар аудартудан бастады. «Сол бейнежазбаны таратқандар арасында «Мұғалімнің істеп тұрғаны дұрыс па?» деген сауалды қойып, отқа май құяды. Көптеген оқырман мұғалімнің әрекетін құп көріп, таяқ жеудің арқасында адам болғандарын айтқан. Бұл ойға қосылатындар көп. Бұл да сол «Біздің ауылда бір қайырымды ұры бар, ол өте жақсы адам» деп айтуға ұқсайды. Бірақ біз олай айта алмаймыз. Себебі адам – ұры. Дәл сол сияқты қоғамның кейбір құндылықтарына қызмет ететін зорлық пен зомбылықты «жақсы» деп бағалауға болмайды. «Қандай да бір зорлық-зомбылықты ақтауға құқымыз жоқ» деген ол әртүрлі жарнамаларда, кинофильмдер мен телехикаяларда, теледидардағы шоу бағдарламалар мен интернетте айналымға түсіп жүрген, адам құқықтарын бұзатын, әсіресе балалардың құқық бұзатын лас контенттерге қарсы сезімтал болудың мән-маңызын әлі де болса түсінбей келе жатқанымызды жеткізді. Оның айтуынша, қазір медиа кеңістікте еңбек ететін әріптестер адам құқықтарын, оның ішінде бала құқықтарын білмейді. Білсе де қаралым үшін медиа этиканы саналы түрде бұзып жүр. Салдарынан балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтар медиада ашық түрде көрсетіліп келеді. Басқаша айтсақ, медиа баланың құқықтарын бұзумен қоймай, оның басына түскен ауыр жағдайды тауарға айналдырып, аяусыз һәм абыройсыз іс атқарып жүр. Сондай-ақ ол оқиғада баланың кінәсі болса да, атын атап, түсін түстеп, көрсетіп әшкерелеуге құқығымыз жоқ екенін айтады. Оның орнына баланың қолымен жасалған қылмыстың әлеуметтік-мәдени, саяси-экономикалық себептерін зерттеп, зерделеу нәтижесін қоғам мүшелерінен, тиісті құзырлы органдардан, қоғамды бұл мәселе бойынша ағарту – медиа қызметкердің кәсіби міндетіне айналу керек. Өйткені қылмыстың жай-жапсарын тәптіштеп көрсету зорлық-зомбылыққа бейім тұлғалардың фантазиясын түрлендіретінін де түрлі зерттеулер дәлелдеп отыр. Өкінішке қарай, еліміздегі медиа органдарда балалар тек қана қайғылы оқиғаға душар болғанда ғана тақырыпқа айналып жүр. Яғни, бала біздің медиа үшін – құрбандық. Ал егер балаларды құрбандық қылмауды ойлаған медиа болса балаларға бағытталған контентті балалармен бірге дайындау қажет. Осылай деген Молдияр Нөгербек: «Егер бала медиаңызда тек қана құрбандық ретінде тақырыпқа айналып жүрсе, медиа этика бұзылды деген сөз. Және бұл демократия мен адам құқықтарын талап етуші ерешелігіңізге де адал емессіз» дегенді алға тартты.

Жиын соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі медиа жетекшілерінен дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша ұсынымдарды ескеру керектігіне мән беруді тапсырып, ортақ ұсынымды бекітті. Ұсыным заң болмағанымен, ондағы қағидаттарды сақтау арқылы қоғамды тәрбиелеуге үлес қоса алатынымызды ескеру керек екені де ерекше айтылды.

Жадыра Мүсілім