Жамбыл облысында 200-ден аса мұғалім заңсыз жалақы алып келген. Оңай олжаға кенелгісі келгендердің көшін Байзақ ауданы бастап тұр.
«Артық» жалақы абыройдан айырды
1,320
оқылды

Ондағы 26 мектептің 30-ға жуық педагогі өткізбеген дәрісі үшін 11 миллион 200 мың теңге айлық алған. Ал жалпы мүгедектігі бар 225 баланы үйде оқыту үшін қазынадан қаралған 24 миллион теңге қолды болған. Мұндай қулық пен сұмдықты  облыстық прокуратура әшкерелеген.  

Құзырлы орган өкілдері берген ақ­паратқа сүйенсек, қазына қаржы­сын жымқыру әрекеті алты бірдей ауданда тіркеліпті. Аталған заңсыз­дыққа қатысы бар делінген білім сала­сының 253 қызметкері қазір жауа­п­қа тартылып отыр. 

– Ұстаздардан бөлек, 50-ден аса мектеп директоры, 6 аудандық білім бөлімінің басшысы, 100-ден аса мектеп директорларының орын­басары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ең бастысы, қазынаға 24 миллион теңге кері қайтарылды, – дейді облыс прокурорының аға кө­мек­шісі Еркін Қуанышев.

Негізі, бұл – өткен жыл ішіне жасал­ған мониторинг кезінде анықталған дүние. Ал Жамбыл облысындағы 8 мыңға жуық мүгедектігі бар жанның 10 па­йы­зы үйде оқытылатынын ескер­сек, соңғы 5-10 жыл көлемінде бес тексеріс жүргізілетін болса, тағы қандай сұмдықтың беті ашылатыны белгісіз.

Бұлай деуімізге себеп – өңірде мұндай жағдайдың тіркелуі бірінші мәрте емес. Мәселен, 2019 жы­лы білім саласындағы сы­байлас жемқор­лық сипатындағы заңсыз әрекеттер 3 есеге өскен. 2020 жылдың 11 айында тіркелген статистика да сананы сан-саққа жүгіртеді. 2021 жылы болса, «Жам­был – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұстаздарға жалақы төлеудегі бірқатар заңсыздықтың жолын кесті. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы №3 мектеп лицейі желтоқсан-қыркүйек айы аралығында мұғалімдерге артық жалақы төлеп келген. Бұл аз десеңіз, №34 мектеп директоры жұмыста жоқ қызметкерге жалақы аударып, заң­сыз­дыққа жол берген. 

Білім саласындағы былық пен қулықтың тамыры біз ойлағаннан да тереңде жатса керек. Ал Жамбыл облыс әкімдігінің Білім бас­қармасы прокуратураның күні кеше жүргізген тексерісінен ке­йін «оянған» секілді. Олай дейті­німіз, әкімдікте өткен жиын­дарда «бәрі керемет» дейтін бас­қарма тығырыққа тіреліп, оқу жылы­ның аяғында тексеріс жүргізіп таста­ды. Басқарма облыстық прокуратура келтірген деректерді толық­тай растап, алайда «сасқан үйректің» керін салды. 

«Облыстық прокуратурадан заң­сыз­дық жою туралы ұсыну келді. Бе­ріл­ген ұсынуда аудандық орталық ауру­ханаларының Damu Med кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар­дың республика көлемінде аурухана­ларда және оңалту орталықтарында жат­қан­дары туралы мәліметтері алын­­ғандығы, мәліметтерге сәйкес, ба­лалар күндізгі стационарларда ем алып жатқан кезеңдерде мұғалімдерге 24,1 млн теңге заңсыз айлық жалақы төленгені анықталған. 

Осыған орай, облыс әкімдігі­нің Білім басқармасы тарапынан аудан­дық, Тараз қалалық білім бөлім­дерін­дегі заңсыздыққа жол берген басшы­лар мен жауапты мамандардан түсі­нік­темелер алын­ды. Берілген түсінік­те­ме­лер­ге сәйкес, кейбір балалардың ден­саулықтары бойынша портал­ға тіркелгенімен, ауруханаларға жатпа­ғаны да анықталды. 

Сондай-ақ қызметтік қажеттілікке сәйкес, ағымдағы жылдың 08-10 ақ­пан, 13-14 ақпан күндері 6 аудандағы (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұл­ов, Талас және Шу аудандары) үйден оқытылып жатқан балаларға беріліп жатқан білімнің сапасы, педагог кадр­лардың біліктілік арттыру курс­тары­нан өтуі сынды жұмыстары зерде­леніп, зерделеу қорытындысы 2023 жылғы 9 наурыз күнгі бас­қарманың кеңейтілген мәжілі­сінде қаралды», – дейді басқарма мамандары. 

 Байқап тұрсаңыздар, басқарма тағы да түйткілді шешудің талқыға салумен шектеліп отыр. Кеңес хат­тама­сына сүйенсек, жиында 247 педагогке тәртіптік шара қолдану қарастырылыпты. Ал қызметіне салғырт қараған Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Мамы­р­баевқа, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы М.Қазанғаповқа,Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысы И.Баймағамбетовке, Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің басшысы М.Базароваға «ескерту», Жуалы ау­дан­дық білім бөлімінің бас­шысы Н.Тыныбековке «қатаң сөгіс» түрін­дегі тәртіптік жаза бел­гілеген. Осы­лай­ша, басқарма жауаптыларды жазаға тартқандай кейіп танытып отыр. Алайда ес­керту мен қатаң сөгіс жаза ма? Жазалаудың мұндай түрлері үш немесе алты айдан кейін «кешірі­летіні» мәлім. Ендеше, неге аудан әкімдерінің білім саласына жетекші орынбасарларынан бастап, балға бармақ батырғысы келгендерді қатаң жазаға тартпады? Бұл біріншіден, өзгелерге сабақ болар еді. Одан кейін жыл­да қазына қаржысына майшам салып үңіліп, жауды іштен іздеп әлек болмас едік. Егер облыстық прокура­тура тексеріс жүргізбесе, бюджеттің та­­ғы қанша қаржысы қолды бо­латын­дығын ойлаудың өзі қиын. 

Әрине, байыбына бармай жа­тып байбалам салудан аулақпыз. Алайда басы дау мен арыздан арылмайтын білім саласындағы мәселелерді ес­кер­ту, сөгіс немесе бақылауға алу сынды шаралармен шешу мүмкін емес. Мұндайда ба­тыл қадамдар ке­рек. Ес­те­ріңізде болса, бір жылдары Байзақ ауданындағы мектепте дүниеден өтіп кеткен адамға да жалақы төленгені туралы ақпар шыққан. Әйтеуір, соңы айқай-шуға ұласып барып басылған. Мұндай жағдайлар облыстағы кез келген мектепте болуы мүмкін. Сон­дықтан Бі­лім басқармасы құзырлы органдардың тексерісінен кейін ғана әрекет етпей, мәселенің салдарымен емес, себебімен күрескені абзал. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы