Сыр өңірінде спортты жанына серік еткен қария тұрады. Бүгінде 84 жастағы ақсақал әлі күнге дейін жүгіруден ал­дына жан салмай келеді. Жасы ұлғайса да жастармен иық тіресе жүгіретін қарияның денсаулығы тың.
84 жастағы желаяқ
1,373
оқылды

Біз тілге тиек еткен ақсақал Ақ­қоян Рса­лиев Қызылорда облы­сына қарасты Қазалы ауданында тұрады. Ол ұзақ жылдар бойына теміржол саласында қажырлы еңбек еткен. Бала кезінен жүгіруге жаны құштар болып өскен. Оқушы кезінде бокспен де айналысқан. 

Аққоян ақсақал әуе-десант әскері қата­рында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарыпты. Сол уақытта да әуеден парашютпен 281 рет секіріп, бәрін таңғалдыру­мен болған. Осылайша, оның ептілігі әскер қатарында жүргенде байқалса керек. 

Саналы ғұмырында салауатты өмір салтын ұстанып келе жатқан қария күніне 12 шақырым жүгіруді әдетке айналдырған. Бұдан өзге арда­герлер арасында өткізілетін шахмат, дойбы, нысана көздеу және жүгіру жарыстарына тұрақты түрде қатысып келеді. Талай бәй­ге­де жүзден жүйрік шығып, жүл­делі орындардан көрініп те жүр.

«Өзім жайында айтар болсам, Арал ауданы, Бекбауыл стансасын­да дүниеге келгенмін. Теміржолда адал еңбек етіп, саланың дамуына шама-шарқымша елеулі үлес қос­тым деп айта аламын. Бүгінде Қа­залы аудандық ардагерлер кеңесі­нің мүшесі, ауданның құрметті ардагері атандым. Аудандағы «Ұстаз жолы» қорының мүшесімін. Әлі күнге қоғамдық жұмыстардан қол үзген емеспін. Бұл жастайым­нан спортпен шұғылданып, сала­уат­ты өмір салтын ұстануы­мның пайдасы деп білемін. Бала кезім­нен спортқа қызығушылығым зор болды. Жыл сайын Алматыда өте­тін марафонға тұрақты түрде қаты­сып келемін. Жүгіру менің жаныма сергектік сыйлайды», – дейді бізге желаяқ ақсақал. 

Аққоян ақсақал елімізде өткен түрлі жарыстарға қатысып, топ жарып жүр. Қазалы ауданының мақтанышына айналған қарияға ауылдастарының құрметі де ерек­ше. Бүгінде өзіне еліктеген жастар да аз емес. Сондай спортқа елікте­ген сайыпқырандарды жүгірудің қыр-сырына баулып, шәкірт тәрбиелеп отырғанын да жеткізді. 

Спортқа бейім қария Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен марафонға қатысып, жеңім­паз атаныпты. Мұны өз өміріндегі ең үлкен жетістігі деп санайды. Бұл халықаралық жарысқа жергілікті спортшылармен қатар, Франция, Германия және Қазақстаннан 80-ге жуық желаяқ қатысып, өзара бақ сынасады. Қария осы байрақты бәсекеде бәрінен оза шығып, алтын медальді қанжығасына байлап қайтқанын мақтанышпен жеткізді.

Спортшы қарияның алға қой­ған мақсаты да асқақ. Әлі де талай жарыстарға қатысып, ел абыройын асқақтата беруге ниетті. Жастарды спортқа баулып, салауатты өмірді жас ұрпақ жадында жаңғыртуды көздейді.

Ақсақалдың жалғыз арманы бар екен. Аудан орталығындағы барақ типтес ескі көпқабатты үйде тұратын Аққоян қария жайлы баспаналы болсам деген арманын жеткізді.

«Бүгінде кемпірім екеуміз ау­дан орталы­ғындағы ескі көпқабат­ты үйде тұрамыз. Тым ертеректе салынған бұл тұрғын үйдің тозығы жетіп тұр. Күні бойына жүгіріп, терге малшы­нып келемін. Сондай сәтте пәтерімнің жуына­тын бөл­месі де жоқ. Жергілікті әкімдікке осы жайында талай мәрте айтқа­ным­мен еш қайран болмай тұр. Қартайған шағымызда жайлы бас­панада тұруды армандаймыз. Бірақ өз күшімізбен үй сатып алуға мүмкіндігіміз болар емес», – деп сөз арасында мұңын шақты.

Көптеген жастарға үлгі-өнеге болып, республика көлемінде майталман спортшы атанған Аққоян ақсақал баспаналы болсам деген арманы ақиқатқа айналары­на сенгісі келеді. Мемлекеттен қолдау күтетінін де жасырмайды. 

Ақсақал 1988 жылы Қапал-Арасан шипа­жайында Дінмұхамед Қонаевпен кездескен сәтін де баяндап берді. Сол бір демалыс кезінде қайраткермен күніге екі мәрте жүгіріп, аз-кем дидарлас­қа­нын алға тартты.

Бүгінде ол Алматыда өткелі жатқан кезекті марафонға қызу дайындық жүргізіп жатыр екен. Сәтін салса, бұл марафоннан да жақсы нәтиже көрсетуге ниет біл­діріп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы