Қазақ киносының қоржыны жыл сайын жаңа туындылармен толығып келеді. Алайда бұл салаға бағыт сілтеп, ой қосар кәсіби кинотану­шы­лардың пікірі қашан да қажет.
Кинотанудың кемеңгері
894
оқылды

Осыдан 30 жыл бұрын Бауыржан Нөгербектің жетек­шілігімен елде тұңғыш кино ка­фе­драсы ашылды. Биыл кәсіби кино­танудың негізін қалаған ғалымның 75 жылдығы. Осыған орай, Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінде кинотану­шы­ларға арналған халықаралық фо­рум өтті. Жиында бүгінгі киноиндус­трия­дағы мәселелер талқыланып, бірнеше фильмнің жабық көрсетілімі болды. 

Жалпы, биыл кинотанушылар үшін ғана емес, шараны ұйымдастырушы іргелі оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университеті үшін де маңызды жыл. Құрылғанына 25 жыл толып отырған білім ордасы атаулы мерейтой аясында жыл басынан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның бірі – Бауыржан Нөгербек мұрасын дәріптеуге арналған айтулы шара. Бұлай болуы да заңды. Себебі белгілі қайраткер Бауыржан Нөгербектің қазақ киносының дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі зор. «Бауыржан Нөгербек мұрасы: теория, сын және кино­педагогика» атты шара аясында зиялы қауым өкілдері профессор Бауыржан Нөгербек мұрасының бүгінгі киноүрдіс пен кинотану саласындағы маңызы, оның ұрпақ тәрбиесі жолындағы ерен еңбектері туралы сөз қоз­ғады. Сондай-ақ конференцияға Қазақстан, Қырғыз Респуб­лика­сы және Өзбекстанның көрнекті режис­серлері де қатысты. 

Конференцияның беташар сөзін аталған университеттің ғылым істері жөніндегі про­ректоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Ғайни Мұхтарова сөйлеп, қазақ кино өнеріне өлшеусіз үлес қосып кеткен тұлғаның университетке сіңір­ген еңбегін де ерекше атап өтті.

Белгілі кинотанушының әріптестері, туыстары мен шәкірттері де естелік айтты. Бауыржан Нөгербек – бірнеше монография мен 250 мақаланың авторы. Шығармалары 7 тілге аударылған.

Бұған алқалы жиынға қатысқан белгілі журналист, кино сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов жан-жақты тоқталып өтті. Мәртебелі мейман кинотанушының қазақ киносына қосқан үлесі мен еңбегі жайлы кеңінен әңгімелеп, Баукеңнің Әмен Қайдаровтың қасында жүріп қазақтың жаңа өнері анимацияның қалып­тасуына қосқан үлесі бір төбе болғанын айта келе: «Бауыржан Нөгербек – тұнып тұрған интеллигент. Біз Баукеңмен Мос­фильмде таныстық. Оның кинотанушы болып қалыптасуына ортасы да әсер етті. Мәскеуде Бүкілодақтық мемлекет­тік кинематограф институтында білім алды. Кейде бір фильмді актер сүйреп шығады, кейде бір фильмді сюжет алға алып шығады. Кино ерекше өнер болса, сол саланың білгірі Бауыржан болды. Ол құлашын кең ашып, киноға қатысты үлкен еңбектер жазды. Оның еңбектері әлемнің жеті тіліне аударылыпты. Ол халықтың талғамын тәрбиелеп, кө­рерменді жаңа өреге көтерді», – деп ағынан жарылды. 

Тарихи тұлға есімін жаңғыртып, еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізуге арналған халық­аралық конференцияны Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, кинорежиссер Сламбек Тәуекел жүргізді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған белгілі қаламгер Смағұл Елубай кинотанушының екі қасиетіне баса назар аударды. 

– Біз 1976 жылдан бастап Бауыржанмен кино саласында бірге жұмыс істедік, отбасы­мыз­бен араластық. Баукең азамат ретінде де, маман ретінде де ерекше тұлға еді. Кинотану дегенді – ұлттану деп айтуға болады. Бауыржан да кинодағы ұлттық болмыстың көрінуіне ерекше назар аударатын. Қазақ киносын танытуда оның еңбегі зор. Қазақ киносы туралы айту дегеніміз – қазақ туралы айту деген сөз, қазақтың тағдыры туралы айту деген сөз. Баукең әрқашан осы ұстаны­мға ерекше берік болды. Оның мықтылығын екі нәрседен көруге болады, бірінші Баукең­нің шәкірттері мықты еді. Оның мектебін көр­ген жастар бүгін үлкен биіктерді бағын­дырып жүр. Екінші оның әкелік қасиеті, тәрбиесі балаларын мықты тұлға етіп қалып­тастырды, – деді жазушы Смағұл Елубай.

Бауыржан Нөгербектің әріптесі болған жазушысы, драматург Роза Мұқанова ғалым­ның ұлт болашағы жолында үлкен арман арқалағанын айтады.

– Бауыржан Нөгербек – менің ұғымымда руханияттың үлкен қайраткері, кино сала­сын­дағы үлкен тұлға. Ол кісінің бойында үлкендердің мектебін көрген, тәрбиесін алған ерекше қасиеті менмұндалап тұратын. Оқу орнына ұстаздық етуге үлкен тұлғаларды тарта білді. Оның өзі болашақтағы үлкен мамандарды тәрбиелеудегі арлы, арда мақса­ты еді. Ол кісінің шәкірттермен қарым-қатынасы­ның өзі ерекше болатын. Жастарға сенім артып, жастардың пікірін тыңдай білетін. Өзінің арманы кинодағы ұлттық келбетті көрсетуі бол­ды. Баукең кинотанушы ғалым ретінде қазақ киносына үлкен үлес қосты, зерттеулері кинотану ғылымы үшін үлкен олжа салды, – деді Роза Мұқанова.

Ал кинотанушы Нәзира Рахманқызының айтуынша, Бауыржан Нөгербек айтып кеткен бүгінгі кинотанудағы мәселелер әлі де өзек­ті­лігін жойған жоқ. Әсіресе, бүгінгі қазақ ки­носы ұлттық болмысымыз бен салт-санамыз­дан алыстап барады. 

– Былтыр 208 сценарий оқыдық. Соның 191-і орыс тілінде, тек 17 сценарий ғана қазақ тілінде болды. Мүмкін дәл қазір «ұлт», «тіл» деген сөзді айту трендте емес шығар. Бірақ қазақтың киносы, қазақтың өнеріне талпы­ныс болмаса, біз өз болмысымызды жоғалта­мыз. Мен сол сценарийлердің 90 пайызынан өзімді көрген жоқпын. Оларды оқығанда шетелдік фильмдеріне еліктеуді, шетелдік кейіпкер­лердің болмысын көрдім. Есімдері Жанна, Моля, Алмагүл, Назира деп кете береді. Бірақ бұл біздің кино емес. Қырғыз елінде кино­матографистерді оқытуда керемет үрдіс бар. Бірінші курста студенттерді ауыл ауылға жібереді. Сол арқылы өз ұлты­ның әдебиетін, мәдениетін, дәстүрін оқы­та­ды. Ал біздің кино әлемге қазақты танытудың орнына шетелге шетелдіктердің болмысын көрсетіп жүр. Ал әлем халқына өздері емес, қазақтың болмысы қызық болуы тиіс. Егер осы 208 фильм экранға дәл осылай шығатын болса, тілді де, мен­тали­тетті де өлтіреді. Себебі киноны жасаушы­лар­дың бойында бұл қасиеттер кем. Осы мәселені Бауыржан Рамазанұлы бүкіл еңбектерінде айтып кетті. Қазақ киносының зерттеушісі ретінде мені де осы мәселе толғандырады. Өкінішке қарай, жастардың киносында осы олқылық көп кездеседі, – дейді кинотанушы Нәзира Рахманқызы. 

Конференцияға кинотанушының ұлы Баубек Нөгербек те қатысты. Ол өмір бар жер­де мәселе де, күрес те бар екенін айтып, Бауыр­жан Рамазанұлының әке ретіндегі болмысына тоқталды: «бүгінгі басқосуда мен естімеген біраз естеліктер мен мәселелер айтылды. Қазақ киносының болашағы алда деп ойлаймын. Әкем: «Сын айтсаң да, шын айт» деп үнемі айтып отыратын. Ерекше атап өтетін жайт, әкем 1984 жылы «Ертегілерлерге жан біткенде» монографиясын жазған бола­тын. Өкінішке қарай, бұл еңбек 39 жыл жыл өтсе де анимация тарихында жазылған жал­ғыз монография болып тұр», – дейді ұлы. 

Сондай-ақ форум аясында қазақ кино­сының белгілі шеберлері – кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері өтті. Сонымен бірге кинотанушы, өнертану докторы Гүлнар Әбікеева да болашақ кино­танушылармен кездесті. 

К.ҚАРҚЫН