«Красавчик» лақап атымен қылмыс әлеміне белгілі авторитет алматылық жігіт жайында естіп пе едіңіздер?
Роза Рымбаева мен премьердің көлігін ұрлаған «Красавчик» Көктөбеде көз жұмды
2,152
оқылды

Мұндай лақап ат оған оның көріктілігіне емес, өз ісінің шеберлігіне байланысты қойылыпты. Көлік ұрлығымен танылған алаяқ бұрынғы КСРО мен Қазақстан аумағында көзге түскен машинаны қалдырмаған. Тіпті, елімізге белгілі Халық әртісі Роза Рымбаеваның, Өзбекстан премьер-министрінің көлігін ұрлап, талай адамды сан соқтырған. Осындай қылмыс әлемінің серкесі жайында Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция басқармасының ұрланған көлікті іздеу бөлімінің бұрынғы бастығы, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Оңтүстік өңірлік басқармасының бұрынғы қызметкері, ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетінің отставкадағы полиция полковнигі, ал қазір ІІМ зейнеткері Станислав Портнягин айтып берді.

 «Красавчик» өз ісінің шебері

 Полковниктің айтуынша, алматылық жігіттің бұл жолға түсуі – пешенесіне жазылған тағдыры. Өйткені ол әуелден Алматыдағы ең ескі деген «Тұлпар» көлік дүкенінің маңында тұрған. Көз ашқалы сол дүкеннен шықпаған. Бейнебір мұражай ішін аралағандай күнбе-күн экскурсия жасайтын-мыс. Сондықтан да ол көліктің әрбір бөлшегін, оның қалай құрып, қалай жүретінін, қанша тұратынын, кімдердің алатынын беске білген.

 – 1994 жылы 22 жастағы «Красавчик» Алматы техникалық жоғары оқу орындарының бірінде оқып жүріп, қылмыс әлеміне белгілі басбұзар «құтырған Мұрат» есімді жігіттің қылмыстық тобында болды. Бірақ көп ұзамай, ол Алматы жедел уәкілдерінің назарына іліккен. Содан «красавчик» бір күні «Байкал» газ тапаншасын заңсыз сақтағаны үшін ұсталады. Онда да ол бұл тапаншаны газ емес, жауынгерлік оқ салып ататын қару етіп жасап алған, – дейді Станислав Портнягин.

«Ол түр-келбетінің көріктілігімен ерекшеленген жан емес. Керісінше, ісінің шеберлігіне қарай «Красавчик» атанып кеткен» деген полковник әуел баста ұрлықшы серіктестерімен бірге ескі көліктерді ұрлап, әбден шынығып алғанын айтты.

– Әрине, тәуелсіздік жылдары елде, әсіресе Алматыда шетелдік көліктер өте аз еді. Сондықтан олар негізінен «Москвич», «Жигули», «Волга» секілді кеңестік көліктерді ұрлады. Кейіннен елге Mazda, Tоyоtа, Merсedes, Audi сияқты ұсталған көліктер келе бастады. Ол уақытта «Красавчик» өз ісінің шеберіне айналған еді, – деді полковник.

 Көлікті ұрлау схемасы

 Жасақталған топта әрбір қылмыскердің өзіне жүктелген міндеті бар. Мысалы, біреуі қаланы аралап жүріп, өздеріне қолайлы көлікті бақылап отырады. Енді бірі қызықты деп тапқан көлік жайында толық мағлұмат іздестірсе, келесі серіктестері қаруланып, ойға алған істі жүзеге асырады.

– Сондағы қару – пневматикалық мылтық. Онымен көлік иесін қорқытып-үркітеді не болмаса оның жүйкесімен ойнап, мазасын кетіреді. Көбіне елдің көзіне түсе қоймайтын жерді таңдайды. Яғни, көліктен 10-15 метр қашықтықта орналасқан қоқыс жәшіктерінің артында не болмаса кіреберісте тығылып тұрып, көліктің дөңгелегін атады. Қорғасыннан құйылған оқ болған соң, көліктегі дабыл қосыла кетеді. Оны естіген көлік иесі сыртқа бірден жүгіріп шығады. Көлігін айналшықтап қарап, ештеңе таппаған соң жұмысына не үйіне кіріп кетеді. Ұрлықшылар осы әдісті бірнеше рет қайталап, көлік иесінің мазасын алып жібереді. Ақырында көлік иесі тысқа шығудан шаршайды. Тіпті, көліктің дабыл қаққышы бұзылған деп оны өшіріп тастайды. «Іздегенге сұраған» демекші, ұрылар да осыны пайдаланып, әмбебап кілтпен көлікті оталдырып әкетіп жүрді, – деді зейнеткер Станислав Портнягин.

Оның айтуынша, кейіннен бұл әдісті «Красавчик» жетілдіре түскен. Техникалық университетте алған білімін пайдаға жарата білді. Соның арқасында ол көліктің дабыл қаққышын тез арада қалай өшіруге болатынын түсініп, ұрлықтың жолын жеңілдету үшін «глушилка» атты дыбыс өшіретін құралды ойлап тапқан. Нәтижесінде, ұрылар қаруды тастап, осы құрылғымен ең мықты деген фирмалардың көлік дабылын еш қиындықсыз бұғаттай бастады.

 Көлігінен айырылған премьер-министр

 «Красавчик» ұрлығының салдарынан мемлекетаралық қақтығыс туындай жаздады. 1996 жылдың жазында ол сыбайластарымен бірге Ташкентке барып, Өзбекстан премьер-министрінің көлігін ұрламақ болады.

– Олар ойға алған ісін жүзеге асырды. Merсedes-600 көлігін резиденцияның алдынан ұрлап, Алматыға әкеткен. Бүкіл елді аяғына тік тұрғызған өзбек агенттері қылмыстық топтың бүкіл мүшесін, яғни 18 адамды ұстайды. Оның тең жартысы жерлестеріміз болса, қалғаны – өзбек азаматы. Бірақ қылмыскерлерді қанша қыспаққа алса да, тергеушілер көліктің қайда екенін біле алмайды. Өйткені өзбек сыбайластары көлікті елден шығарып бергені болмаса, қазақтардың оны қайда жібергенінен хабарсыз еді. Сөйтіп, өзбек полицейлері Алматы қаласы ІІБ қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің көмегіне жүгінді, – дейді көлікті іздеу бөлімінің бұрынғы бастығы.

 Станислав Портнягиннің айтуынша, Алматының жедел іздестіру тобы Өзбекстан премьер-министрінің көлігін қаланың қақ ортасынан тапқан. Онда да олар заңсыз әрекеттің арқасында көлікті таба алды.

«Дәл сол кезде қылмыс әлемінің тағы бір авторитетінен іздеуде жүрген үш Merсedes бірден табылып, тәркіленді. Егер ол өзбек премьер-министрінің көлігін тауып берсе, тәркіленген көліктер қайтарылады деген келісім жасалды. Нәтижесінде, қылмыс әлемінің серкесі көлікті тауып қана қоймай, ұры топтың басшысы «құтырған Мұратқа» ісінің бір ұшы өзіне тигеніне ренішін білдірді», дейді Станислав Портнягин.

Сөйтіп, премьер-министрдің көлігі еліне қайтарылды, ал іс Ташкент қалалық сотына жіберілді. Қылмыстық топтың барлық мүшесі 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. «Красавчик» болса 18 жылға сотталды.

Зейнеттегі полковниктің айтуынша, көліктің табылғанына риза болған өзбек полицейлері осы қылмыстық топтың Алматыдан Өзбекстанға тасымалдаған 20 көлігін қайтарып берген.

 Роза Рымбаеваның көлігін бөлшектеп, сатып жіберген

 – «Красавчик» Өзбекстанда сотталғалы, қылмыс та сап тыйылды. Алматы ғана емес, еліміздің бүкіл аймағында көлік ұрлығы бәсеңдеді. Тіпті, Ресей, Беларусь, Балтық жағалауы елдерінің, сондай-ақ Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның қылмыстық әлемі тынышталып қалды. Себебі «Красавчик» көлікті ұрлап қана қоймай, үстінен пайда тауып, тиімді сата алатын. Қызығы, сол көліктерді ешкім де таба алмайтын, – деді Станислав Портнягин.

Алайда бұл тыныштық ұзаққа созылмады. Өйткені 4 жылдан кейін Өзбекстан үкіметі шетелдік азаматтарға рақымшылық жариялады. Салдарынан 2000 жылы «Красавчик» туған жері Алматыға келіп, бұрынғы ісіне оралды. Бірақ осы жолы көз көрген жора-жолдастарына қосылмады. Өзі бөлек, бұрын-соңды сотталмаған жап-жас жігіттерден қылмыстық топ құрады. Ал ешбір іске ілікпеген жандарды іздеу екі есе қиын ғой. Сондықтан Gelendvagen, Lexus, Toyota Land Cruiser, Mercedes-Benz секілді көліктің иелері түн ұйқысынан айырылды.

– Шыны керек, сол кезде бір күн ұрлықсыз өтпейтін. Қымбат тұратын көліктерді бірден Қырғызстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Түрікменстанға немесе Ресейге жіберіп, ізін суытатын. Өтпей қалған көлікті қала шетінде жалдаған гаражға апарып тастайды. Сол жерде көліктің бөлшектерін ағытып, көлік базарына өткізеді. Белгілі әнші Роза Рымбаеваның көлігін ұрылар осылай бөлшектеп, зым-зия жоқ қылған. Көліктің маркісі – Mercedes Е-280. 2000 жылдың 2 ақпанында түн ортасында ұрлап кеткен. Оны бөлшектеп өткізіп жібергенін кейін өздерінен білдік, – дейді ол.

Бірақ осы істен кейін «Красавчик» тағы тұтқындалды. Салдарынан оған тағы 5 көліктің ұрлығына қатысы бар айып тағылып, Алматы соты оны алты жарым жылға соттады. Сөйтіп, «Красавчик» жазасын Алматы облысының Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/14 мекемесінде өтеді.

 Бостандыққа шыққан қылмыскер

– ЛА-155/14 мекемесінің қызметкерлерінің айтуынша, «Красавчик» қылмыскерлер арасында беделі күшті болған. Тіпті, қылмыскерлер арасында ішінара аймақ бақылаушысы ретінде ұсынылған. Яғни, колониядағы тәртіпті бақылап, тұтқындар не болмаса әкімшілік арасындағы дауларды шешіп, реттеп отырады. Ал мұндай жағдай қылмыстық ортада «заңды сақтайтын ұры» мәртебесі береді. Бірақ «Красавчик» мұндайға келіспеді, – дейді подполковник Станислав Портнягин.

Сөйтіп, ол 2004 жылы шартты түрде колониядан босатылып шыққан. Содан ұрлықты қойып, заңды түрде бизнеспен айналыспақ болған. Алайда бұл ісі де ұзаққа бармады.

– Көктөбедегі кафеден шығып келе жатқан жерінен оған пышақ салып, өлтіріп кетеді. Енді бірі өзге қылмыстық топпен келіспей қалуынан пышақталды десе, біреулер қылмыс әлемінен кетпек болғаны үшін өлтірді деген алып-қашпа әңгіме тарады. Бірақ тергеу бойынша әдеттегі тұрмыстық жанжалдан қаза тапты деп есептелді, – деді ол.