Түркістан облысында жол апатынан енесі, ұлы мен келіні көз жұмды

Көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты

Түркістан облысында болған жантүршігерлік жол апаты бірден үш адамның өмірін қиды,  деп хабарлайды Оtyrar.kz.   

 

Төрткөл – Шәуілдір – Түркістан – Кентау тасжолында Nexia мен жүк көлігі соқтығысқан. Көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Олардың барлығы туыс болған.

Көптеген жарақатпен Отырар аудандық ауруханасының хирургия бөліміне аман қалған 35 жастағы әйел жеткізілді. Ол көлік жүргізушісі болған күйеуінің, енесі мен келінінің ауыр апаттан қайтыс болғанын әлі естіген жоқ.

«Бір жолаушы аман қалды. Оны жедел жәрдем көлігімен біздің ауруханаға жеткізді. Жолаушы жабық бассүйек-ми жарақатын алған, миы шайқалған, білек сүйегі сынған, кеуде қуысы жарақат алған», – деді Отырар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шоқан Мамақов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жүк көлігінің жүргізушісі үлкен жолдың бойымен келе жатқан. Жол апаты Nexia қосалқы жолдан солға бұрылған кезде болған. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

«Бұл дерек  Қылмыстық кодекстің 345-бабы («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы») бойынша тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жүргізушілер мен облыс тұрғындарын жолда жүру ережелері мен жол белгілерінің талаптарын сақтауға, жылдамдықты шектен асырмауға және өздерінің және жолаушылардың өмірін сақтап қалу үшін барлық қауіпсіздік шараларын қолдануға шақырамыз», –  деді Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Медет Бөрібеков.