Ішкі істер министрлігі өзін Болат Назарбаевтың «тоқалы» ретінде таныстырған әнші Динара Әлжаннның берген сұхбатында айтқан деректеріне қатысты қылмыстық іс қозғала ма деген BaigeNews.kz агенттігінің ресми сауалына жауап берді.
«Уақыт көрсетеді» YouTube арнасында әнші 1 апталық таныстықтан кейін Болат Назарбаевқа тұрмысқа шығып, есірткі қолданғанның кесірінен некесі бұзылғанын айтқан болатын.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есірткі қолдану қылмыс болып табылмайды. Есірткіні қоғамдық орындарда қолданған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады", – деп хабарлады ІІМ.
Ведомство сұхбатта айтылған өзге деректер әлі тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, белгілі заңгер Алмас Жұмағали Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасында айтқан деректерге қатысты қандай қылмыстық істер қозғауға болатынын айтқан еді.
«Біріншіден, Кентал (әнші Талғат Кенжеболатов – еск.) мен «командасының» есірткіге қатысы. Екіншіден, Ғабидолланың (Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов) қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану ма, әлде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу ма, оны тексеріс анықтауы керек. Болат Назарбаевтың қаржыны оңды-солды шашуы, казинода ұтылып қалған Қайрат Нұртас үшін 400 000 доллар бере салуы – қаржының шығу тегінің заңдылығы анықталу керек. Ол сандырақ емес, Жылқышыбай басында сұрап алды: «Ертең сөздеріңізден тайып, ана жерін, мына жерін алып тасташ» деп сұрамайсыз ба деді», – деген еді заңгер.