Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында «Үкіметтің инвестициялық жобаларға бөлінетін бюджеттік қаражатын және «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық активтерін кезең-кезеңмен «Қазпошта»-ға орналастыруды сұрап, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған.
Депутаттың айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»; «Жайлы мектеп»; инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар секілді көптеген ірі инвестициялық жобаларды дамытуға мемлекеттік бюджеттен, яғни Ұлттық қордан 3 триллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр. Тіпті, соңғы үш жылда әртүрлі жобаға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңге, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңгеге жеткен. Осы бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылған. Яғни, мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілгенін сөз етті.
– «Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1,0 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімнен бір-ақ шықты. Ай сайын инвесткіріс пен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған! Біз олигархтарды және олардың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырып отырмыз және оны тексере де алмаймыз. Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен Агенттіктер қайда қарап отыр? Солармен бірге ме?» – деді Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, жеке банктер сияқты қызмет көрсете алатын бірқатар мемлекеттік қаржы институттары елдегі ақша активтерін орналастырудан шеттетілген және олар үлкен қаржылық шығынға ұшырауда. Мемлекет оларды банкрот қылмас үшін қаржылай көмек жасап отыр.
– «Осындай жағдай квазимемлекеттік, Ұлттық операторымыз – «Қазпошта» акцонерлік қоғамында орын алып отыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, «Самұрық-Қазына» 2022 жылы ғана «Қазпошта»-ға әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін ескірген көлік базасын жаңарту мен жалақыны индексациялауға шамамен 11 миллиард теңге бағыттады. Соның өзінде «Қазпошта» өткен жылы 12 млрд теңгеге шығынға ұшырады. Бұл жағдайды жекеменшік банктерге орналастырылған «Самұрық-Қазына» қорының 6 триллиондай қаржылық активінің 10%-ын ғана «Қазпошта»-ға орналастырып реттей аламыз. Сонда мемлекеттік компаниямыздың жылдық табысы шамамен 40 миллиард теңгені құрайды. Яғни, «Қазпошта» донор компанияға айналады. Бюджет үнемделеді, «Самұрық-Қазына» дивидент алып, ел қазынасына қаржы құяды. Мемлекет қаржысы жеке банктердің дивидентін көбейтуге жұмсалмайды. Аяғынан тұрған «Қазпошта» елге қандай пайда әкеледі? Қазіргі кезде «Қазпошта» 2000-нан астам ауылдардағы қаржылық және логистикалық қызмет көрсететін бірден-бір, кей жерлерде жалғыз Ұлттық оператор. Табысы бар «Қазпошта» халыққа заманауи цифрлық қызмет көрсетуді қолға алады, қызметшілерінің жалақысын өсіреді, білікті кадрларды тартады, жаңа жұмыс орындары мен ғимараттар ашып, ауыл инфрақұрылымын дамытады. «Қазпошта» көптеген ауылдардың даму нүктесіне айналып, оларға жан бітіреді, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан ауыл да, халық та ұтады. Мемлекет мүддесіне сай қаржылық саясат жүргізу, бірнеше проблеманы жояды және Үкімет жұмысының да тиімділігі көрінеді. Нақты нәтижелерін халық сезінетін болады. Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік қаржы институттары арқылы өтетін қаржыларды Парламент те, Үкімет те толық бақылай алады», – деді депутат.