Шетелге қашқан генерал Серік Күдебаев ұсталды

Серік Күдебаев тау арқылы шекара асуы мүмкін деген де болжам бар.

Қырғызстан арқылы Ыстамбұлға қашқан генерал-майор ұсталды. Қазақстанға жеткізілді.

Tengrinews.kz-тің дерегінше, Бас прокурор Берік Асылов журналистердің  «Күдебаев ұсталды ма?» деген сауалына «Иә» деп қысқа жауап қайтарған.  

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев шетелге қашып кеткен полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді. 

«Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің маңыздылығын ескере отырып, істі Бас прокуратура өз бақылауына алды. Іздеу жұмысына ең тәжірибелі қызметкерлер тартылған. Қырғызстанға сұраныс жібердік. Енді бірлескен іздестіру шараларын жүргіземіз. Қырғызстандық әріптестеріміздің мәліметінше, Күдебаев Қырғызстанға жетіп, Манас әуежайы арқылы Ыстамбұлға ұшып кеткен. Олар бұл ақпаратты қазір беріп жатыр. Түркиямен келісіміміз бар, қазір олармен жұмыс істеп жатырмыз. Біз барлық ақпаратты бере алмаймыз, адам қашып жүргендіктен, бұл тергеуге зиянын тигізуі мүмкін», – деді Жандос Өмірәлиев.